» » «Бір қатынның еркелігі...»

«Бір қатынның еркелігі...»

Айдар: Әдебиет, Сонғы жаңалықтар

Есенғали Раушанов бір сұхбатында ауыз әдебиетінің біздің кезімізге әбден күзеліп жеткенін айтты. Рас сөз. Арғыны айтпағанда, біздің бала кезімізде шалдар айтқан көп әңгімелер қазір жоқ. Тасқа түсірілмеді, естігенін ұмытпайтын құймақұлақ тағы жоқ. Әкем айтпақшы, оң құлақтан кірген сөз сол құлақтан шықты да кетті...

 

«Бір қатынның еркелігі...»

 

Жақында Мейірхан ағамнан бір ескі әңгіме естідім. Соны ортаға салайын. Артық тұсы болса, алдын ала кешірім сұраймын. 
Әлқисса, ертеде бір батыр болыпты. Жекпе-жектің перісі атанған оның атын естігеннен-ақ жаудың құты қашады екен. Ел батырдың арқасында барақат ғұмыр кешіпті.
Бірақ... Батырдың да «үні шықпайтын жері» бар екен. Қатыны көрікті, бірақ шайпау болыпты. Кәдімгі «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатынның» нағыз өзі дейді. Бұның да «атағы» ерінен кем түспесе керек. Бір қызығы, батыр үндемейді екен. 
Бір күні алыс-жақындағы тілеулес інілері жиналып, ақылдасады: Қой, бұлай болмайды. Ана шайпауды қуып жіберсін, не бөлек ауыл боп отыра берсін. Батырға қатын алып берейік. Құдайға шүкір, жерге қарап отырған жоқ. Елуге жаңа толған еркекке төсек жаңғырту деген, не тәйірі? Тек ел ішінен таңдап, қалағанын айтсын. Бәтуа осы болыпты.
Жұрт жиылып келгенде батыр қуана қарсы алыпты. Қонағасы желінгеннен соң келгендер шаруасына кіріседі: Солай да солай. 
Қонақтарды тыңдап алғасын, батыр айтты дейді: «Үш уәжім бар. Айтайын, қалғанын өздерің шешіңдер».
— Ал, айт! — дейді қонақтар.
— Бұл жеңгелерің бір байдың ерке, шолжаң қызы еді. Тұңғыш рет той үстінде көрдім. Өзінің ұзатылу тойында. Баратын жері де жуан тұқым екен. Болашақ күйеуі де келісті жігіт. Қыз өте көрікті еді. Көрген сәтте-ақ жүрегім дір етті. Адам кейде жете алмасын білсе де, айға қолын созады ғой, мен де сондай күй кештім. Қайта-қайта қарай бердім. Бір сәтте көзіміз түйісті. Содан соң маған қайта қадалғанын көрдім. Сәлден соң тағы қарады. Сынап отырғандай. Аяқ астынан бір шешімге келдім. Жақын жеңгесі арқылы: «Егер, мен десе, пәлен сайдың ішінде күтем. Шықсын!» — деп сәлем айттым. Сайдың ішінде қос аттың жалын кезек құшақтап тұрып, Алладан не тілемедім десеңші. Егер қолым жетсе, өмір бойы аялап өтуге, үстінен қатын алмауға серт еттім. Бір кезде шолпының сыбдыры естіліп, күткен аруымның маңдайы жарқ ете қалды... Тілеулес жеңгені сол жерде қалдырып, екеуміз атқа қондық. Мені толық білмесе де, азаматтығыма сеніп, әке-шешесін, болашақ келін боп түсер жұртын жерге қаратып, етегімнен ұстаған сол ерлігін ұмыта алмаймын. Бірінші уәжім — осы!
— Екіншісін айт!
— Бұның шайпаулығын қойдыру үшін мен не істемедім. Жай ескертіп көрдім. Болмады. Талай рет қамшының астына алып, бөріктіріп сабадым. Қоймады. Сосын бір күні шаңыраққа асып қойып, астына от жаққыздым. Шырылдап кешірім сұрар дегем. Қайдағы... Үйді айналып жүгіріп жүрген інілерімнен сәлем айтып жіберіпті: «Ана ағаларыңа айтыңдар, "пәленшесі" пісті, келіп жесін...». Содан кейін сүтпен біткен мінездің сүйекпен кететінін ұқтым. Менің қазір үндемейтінім — сол.
— Үшінші...
— Жеңгелеріңнің мінезі шайпау екені рас, бірақ жатыры — алтын. Алты ұл туып берді. Қазір, олар, Құдайға шүкір, алты бөріге айналды. Ертерек қимылдасам ештеңе етпес еді, енді қартайғанда шешелерінің үстінен қатын алып жатсам, алты ауыл болып отырған олар не ойлайды? Ал мен айтарымды айттым. Қалғанын өздерің шешіңдер!
Қонақтар самсоз болып отырып қалыпты. Сонда босағада қымыз сапырып, әңгімені үнсіз тыңдап отырған қатын айтты дейді:
— Ай, батыр-ай, бір қатынның еркелігін көтере алмай, әжептәуір әңгіме қылған осыларға сөз шығындап отырған сенде де ми жоқ екен...
Келгендер соңында жеңгелеріне ат-шапан айып төлеп, әрең құтылыпты...

Бауыржан Бабажанұлы