» » Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ. АҚ ӨЛІМ

Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ. АҚ ӨЛІМ

Айдар: Әдебиет
Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ. АҚ ӨЛІМБір күй бар...
…Қара Ертіс қызыл қанға толы еді.

Тасмаңдай тағдырын арқалаған тасбауыр жандар тасқала ішіне жан бітірген шақ. Көлік қозғалысы мен адам қарасының қоюлана түсіп, еңсені езер көпқабатты ғимараттар енді-енді бауырын жерден ала берген сәтінде Шахан жеңіл киініп балконға шықты. Темекісін тұтатып, қала шетіндегі түтіні будақтаған ұзын мұржалы зауыттарға көз тастады. Сахар болмастан қаланың төбесін өндіріс ошақтарының газ бен түтіні жұқа ғана қаптап үлгеріпті.

«Түс түлкінің …». Ауыр күрсінді. Түсінен шошып оянғалы ұйықтай алмап еді. Түнгі екіден бері көзі бақырайып жатты да қойды. Шылымның қою көк түтінін құшырлана жұтты. Қанша күннен бері түсіне кіріп, мазасын қашырған, абайсызда өлтіріп алған еліктің лағы жайлы ойланды. «Иә, сонау, бірінші курстың қысы еді ғой. Перизатты ауылына ертіп апарып, аң аулатқан. Көкесі қасқыр соққан. Ертесінде Шахан мен Перизат қоянға тазы қосты. Ақ көрпе жамылған дала төсін армансыз аралаған. Келесі күні…»

Шах, ерте тұрыпсың ғой. Шай қоя салшы газға. – Нәзік үн жатын бөлмеден шықты. Темекісінің тұқылын балконда тұрып тастай салды. Еріне басып жуынатын бөлмеге беттеді.

Бүгін түске таман баланы егуге апарам. Жұмыстарың қарбалас болмаса, маған күн ауа хабарласшы, иә, жаным. – Үстіне жеңіл халатын іле салған әйелі дастархан басына отыра бере үн қатты. – Емханадан үйге әкеліп тастарсың. Қазір көшеде коляскамен жүру де қиын. Менің машинам кеше гаражда тұрып оталмай қалды. Базар күні уақытың болса жөндеуге берші.

Жұмысқа бара көрермін. – Шахан күңк ете қалды. Жұмысына ерте баратын. Қызмет үстінде басқа шаруалармен айналысқанды жаны сүймеуші еді. Сонысын сездіргісі келмесе де жұбайына жарытымсыз жауап қайырған.

Тар көшелермен жұмысына тез жетті. Хатшы қыз ерте келген екен. Компьютер алдында монтиып қана отыр.

Сәлеметсіз бе, Шахан аға!

Амансың ба, Шынаржан. Неге ерте келіп алғансың?

Үйімізде ремонт болып жатыр еді. Құрылысшылар түнімен ұйқы бермеді. Амалдың жоқтығынан ерте шығып кеттім.

Шаршап қалма. Бүгін соншалықты тығыз шаруалар жоқ. Түстен кейін үйіңе барып демала ғой.

Рахмет, ағай. Жұмыс аяғына дейін отырармын.

Кабинетінде кірген бойда қабырғада ілулі тұрған кестеге көз жүгіртті. «11.00 – Қалалық құрылыс департаменті басшысының қабылдауына. 14.30 – №2 арнайы мамандандырылған мектеп-интернатында Халықаралық олимпиада жеңімпаздарын марапаттау» деп жазылған екен.

Үстел үстіндегі қара түймені басып қалып еді, қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз имене есікті ашты.

Тыңдап тұрмын аға.

Шынаржан, қоюлап кофе бере қойшы.

Аха. Қазір бес минутта әкелем.

Креслосының арқалығын кере, шалқая жатты. «Қалалық құрылыс департаментінің басшысы не үшін кездесуге шақыртты екен? Жақсы таныс та емеспіз. Өзін жақында ғана келді деп еді осы қызметке. Менен ақыл сұрамақшы ма, әлде ортақ таныстарымыз бар ма екен…».

Есіктің қалай ашылып, хатшы қыздың жақындап келгенін де байқамай қалыпты. Байқар еді, алайда көзін жұмып, ойға шомып кетсе керек.

Мінекейіңіз. Қоюлап дайындадым. Қант қоссаңыз жанында тұр.

«Әдепті бала. Еліктің лағындай сүп-сүйкімді. Дөп-дөңгелек көздері де ішкі жан-дүниесінің әдемі екендігін аңғартып, нұрын шашып тұрғандай».

***

Шахан қалалық құрылыс департаменті басшысымен кездесуден көңілді шықты. Өзі де бір елгезек жігіт екен. Бұның құрылыс компаниясы жайлы барлық ақпаратты біледі екен. Жасаған жұмыстарына дейін тізіп шықты.

«Қаламыз күннен күнге кеңейіп келеді. Шетелдік инвесторлар тартып жатырмыз. Бұл істен республика аумағында тәжірибе жинақтаған, Астанада бірнеше ғимарат салған сіздің компанияңыздың қалыс қалуына жол болсын, аға. – Жігіт ағасы Шаханға күлімсірей қараған. – Алдағы уақытта облыспен келісіп, бірнеше құрылыс нысандарын бастамақшымыз. Тендер ойнатылады. Қатысыңыздар. Сізбен бірлесіп жұмыс жасау маған да жақсы. Ең бастысы техникаларыңыз жеткілікті. Кейбір компаниялар тәрізді өтірік құжат жинап, техникамыз да, адамымыз да жеткілікті демейсіздер. Астанада қолға алған нысандарыңызды мерзімінен бұрын тапсырыпсыздар. Бұл сіздердің ұйысқан ұжым екендіктеріңізді көрсетеді. Және де ең маңыздысы сіз сияқты білікті басшының ел игілігі жолында аянбай тер төгіп жүргенінің өзі біз үшін мақтаныш».

«Қалай-қалай орағытады өзі. Өсейін деп тұрған жігіт екен, тілі жұмсақ». Шахан бұл жігітке бірден іш тартып кете алмады.

«Шәке, ашығын айтайын, менің бұл орынға жаңадан келгенімді жақсы білесіз. Тапсырылған істі артығымен орындағанды жақсы көрем. Өзімді көрсеткім келеді. Қаланың сәнін келтіреді деп жоспарлап отырған бұл нысандар менің алғашқы сынағым. Менің тағдырым да осы нысандарды қалай тапсыруыма байланысты. Сондықтан өзіме сенімді серіктес іздедім. Таныстарымның барлығы сіздің компанияны ұсынды. Барлық жұмыстарыңызды қарап шықтым. Ұнады. Тыңғылықты екенсіз. Ендеше бірлесіп жұмыс істейік. Мына тендердің кемінде екеуін сізге сеніп тапсырайық. Туған өлкеңіз үшін де бір керемет жобалар ұсыныңызшы».

«Бұрнағы кезде осы қалалық нысандар үшін ойнатылатын тендерлерге анау пісте мұрын, үйрекбас басшы болып тұрғанда жолатпаушы еді. Мына жігіт жөн білетіндей ме, өзі, қалай? Әлде шама жетпес шаруаларды итере салғысы келіп отыр ма?»

Бекер күмәнданыпты. Бұл жігіттің бір орында қалғысы келмейді екен. Өрден көрінгісі бар. Ол үшін алдымен өзінің пысықтығын дәлелдеу қажет. Қолынан іс келетіндігін көрсетуі тиіс. Оған көмек қолын бұның компаниясы соза алады екен. «Несі бар, бірлесіп жұмыс істеп көрейік. Өскемендегі спорт кешені бір аптаның ішінде қабылдаудан өтсе бұл шаруаларды да бастауға болады».

Негізгі шаруадан соң екеуі жайғаса отырып шай ішті. Департамент басшысы өзінің осы қызметке келгенге дейінгі жолдарын тізбелеп айтып шықты. Арасында Шахан да өзі жайлы деректерден мағлұмат берді. Кездесу соңында алдағы шаруаларға бірлесе қимылдайтын болып, уәде байласумен аяқталды.

Қалалық әкімдіктен шығып келе жатып Шахан Шынар жайлы ойлады. «Сол қыздың айлығы жақсы ма еді осы? Барған соң бухгалтерден сұрайыншы. Қай жақтың қызы еді? А, иә, есіне түсті. Қаланың айналма жолында такси ұстап тұрған жерінен Шахан ала кеткен. Машинаға отыра бере еңіреп қоя берген бұл қыз.

Жөпелдемде аузына сөз түспей, бұл сасып қалды.

– Қарағым, бір жерің ауырып тұр ма? Емханаға апарайын ба?

Жылап отырған қыз басын шайқады. Солқылы басылмаған еді.

– Қаж-ж-жеті жоқ, аға.

– Жаңа Семей жаққа бара жатырмын. Сол жақта тұрасыз ба?

– Мейлі, мына қаладан шығарып тастаңызшы мені. – Бота көздер жасқа шыланып, аяныш сезімін тудырған. – Көргім келмейді бұл қаланы.

Шахан жас қызға көз қиығын тастады. Мұнтаздай таза киінген. Ұқыптылығы да аңғарылып тұр. Шахан өзі кеш үйленсе де нәзікжандыларды бір көргеннен ажырата алатын тәжірибесі бар. Ал, мына, ойда-жоқта жолыққан қыз, «зәу де болса жас үйленген, ата-енесінің яки күйеуінің сөзін көтере алмай, үйінен ашуланып шығып кеткен тәрізді».

Күдігі алдамапты. Қыз сәлден соң сөзге келе бастады.

Жаңадан тұрмыс құрып ем. Жолдасым Алматыға жұмыспен кеткен. Тойымыз да болған жоқ әлі. Үйдегі қайынсіңлім жеп болды. Отырсам опақ, тұрсам сопақ қылып, әбден қорлады. Шыдай алмадым.

Қайынсіңлің де бір күні тұрмысқа кетеді. Саған көрсеткені өз басына келер. Ең бастысы күйеуіңді сүйсең болды емес пе. Махаббат деген ұлы сезім. Кім көрінгеннің басына қона бермейтін нәзік құс. Сол құсты үркітіп алмай ұстау керек. Басқасына көне бер. Уақыт өте келе реттеледі.

Білген ақылын айтқан. Үйіне қайтуға үгіттеді. Өз өмірінің мысалдарын тізді. Қыз жас болса да тәрбиелі отбасынан шыққандығын көрсетіп, әлден уақытта кері қайтуға көнді. Шахан оны үйіне жеткізіп салып тұрып, визиткасын ұсынған.

Жұмыс керек болса хабарласа ғой. Саған лайықты қызмет тауып берем.

Рахметін жаудырып қала берген қыз араға төрт-бес ай салып барып хабарласқан. Дәл сол мезетте өзінің хатшысы басқа қызметке ауысып, орны бос тұрған. Шахан бірден бос орынға Шынарды бекітіп жіберді.

Иә, сол Шынар, міне, өзінің туған қарындасындай болып кетті. Бұның қайғысына да, қуанышына да қатар жүреді. Өз ісіне ұқыпты, тиянақты. Шаханға сонысы ұнайтын еді. «Осы мен Шынарды неге түскі ас ішуге шақырмаймын, а? Риясыз көңілмен отырып әңгімелесуге болады ғой. Баяғы оқиғадан кейін жағдайы қалай болды екен? Қиналып жүрген жоқ па?».

Дереу ұялы телефонынан Шынардың есімін тауып алды да, артынша жасыл пернені басты.

Алөу, Шынаржан. Жұмыстамысың?… Мен қазір жиырма минутта жетемін… Төменге түсіп тұра ғой… Түскі асты бірге ішейік, иә… Жақсы…

Қолға алғалы бері құрылыс компаниясының жұмысы өрлеп тұрса да Шахан жеке шопыр ұстап дағдыланбапты. Бала кезінен әкесінің «Москвичі» мен су жаңа «Жигулиінің» о жер, бұ жерін шұқылап жүріп біршама меңгеріп алған. Мектепті бітірмей жатып темір тұлпарды шыр айналдыратын болды.

Қалың ой үстінде Шахан жұмыс орнына қалай тез жетіп қойғанын сезбей де қалған. Күнделікті жаттанды көшелер келеңсіздіктерге ұшыратпай тез жеткізген. Офистің алдында Шынар тосып тұр екен.

Шахан көліктен түсе бойын жазды. Жауырын құрысып, беймаза күйге түскендей.

Отыра ғой, Шынаржан. Жаңадан ашылған мейрамхана бар деп еді Жаңа Семей жақта. Барып қайталық, – деді көлігінің артқы есігін ашып, құрмет көрсете.

Несіне әуре болдыңыз, Шахан аға. Мен мына жақын жерден-ақ тамақтана салар едім ғой. – Шынар өзіне тән еркелікпен бұртия қалған.

Жалғыз ас батпайды. Серік боп отырсаң дегем ғой.

Жеңіл машина орнынан жеңіл қозғалды.

***

Қарбалас тірлікте жан дүниесін қасаңдатып алған кез келген жанның бойынан өтіп, санасына тыныштық сыйлар нәзік әуен. Шығыс музыкасы. Мейрамхана іші қаракөлеңке. Әр үстелге бір-бірден балауыз шамы қойылған. Романтикалық көңіл күй сыйлар ерекше аура.

Шахан мен Шынар шеткі үстелге жайғасты. Есіктен кіре бере бұларға қатарласқан даяшы ас мәзірін үстел үстіне ыждаһаттылықпен қойып, бұрылып кетті.

Ал, Шынаржан, өзің тапсырыс бере ғой. Рөлде емессің, шарап ішсең де болады.

Жо-жоқ, аға, шарап іше алмаймын.

Онда мен аздап ішейін. Бүгін қалалық құрылыс департаментінің басшысымен кездестім. Олжалы шықтым.

А, иә, кездесулеріңіз қалай өтті?

Жалпы жаман емес. Жаңадан келген басшы екен. Біздің компанияны мақтады. Алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істесек деген ниетін байқатты. Келер айда тендер ойнатылады екен, екі нысанды бізге бергісі келетінін де жасырмады.

Оһо, міне, керемет. – Шынар қолдарын жеңіл ғана шапалақтады. – Құтты болсын! Шахан аға!

Иә, өзім де қуанып тұрмын. Туған қаламыздың тас қабырғаларында біздің де қолтаңбамыз қалатын болды.

Аса қуаныштымын сіз үшін.

Рахмет, қалқам, бірлесіп жұмыс істейміз.

Даяшыға бірнеше салат, жеңіл-желпі тамақ, сусын, виски тапсырыс берген екеуі біраз үнсіз отырды. Үнсіздіктің өзі ән салып тұрғандай. Жиырма минутқа жетер-жетпес уақытта үстел үсті жайнап сала берді. Балауыз шамның жарығы да айналаға ерекше бір мейіріммен, махаббатпен жылуы мен нұрын қатар шашып тұрғандай.

Шынаржан, сен осы қай жақтансың? Жұмыс істесіп келе жатқанымызға біраз болса да қай жердің тумасы екеніңді сұрамаппын да ғой.

Шынар ақырын күлді.

Семейлік болып кеттім ғой, аға.

Жалпы туған жерің дегенім ғой…

Алматының қызымын. Әке-шешем сол жақта. Осы өңірге келін боп түскем.

Иә, ол жағын білем ғой. Астан ала отыр. – Шахан ортадағы салатты қызға қарай ысырып, хрусталь стаканға алма шырынын құйды. – Ал, мына тостты сен үшін алғым келеді, қарындасым. Жас шаңырағыңа шаттық тілеймін!

Хрустальдың сыңғыр еткен дауысы тынық ауаны тіліп түсті.

Осыдан кейін вискиді ішпей-ақ қойыңыз, аға. Көлік жүргізесіз ғой.

Ә, ештеңе етпейді. Бүгін біздің жақсылығымыз. Сондықтан да, бәрі де кешірімді бізге.

Екеуі қосыла күлді. Әдемі саз бұлардың шаттығын іле көтеріп әкетті. Көңіл түпкіріндегі қайғы-мұңды қуып шығып, қуансаңшы, мейірленсеңші пенделер дейтіндей. Музыка ұзақ ойнап тұрды.

Тәтті әуенге елтіп отырған екеуін үстел үстіндегі ұялы телефонның қоңырауы селк еткізді. Шаханның әйелі.

Анасы, шықтың ба емханадан? Ә, иә, иә, бір он бес-жиырма минут тоса тұршы, иә. Міне, шықтым, жаным.

Екеуі даяшымен есеп айырысты. Шаханның күрең қызыл машинасының жанына келіп тоқтады.

Сені үйіңе жеткізіп салайын. Бүгін жұмыс істемей-ақ қой. Көзің қызарып, дұрыс ұйықтамағаның көрініп тұр.

Рахмет аға, мен біраз жаяу жүргім келіп тұр. Аспалы көпірден де жаяу өтіп көрмеппін. Ойланып, таза ауада біраз серуендеп жүрсем. Сіз жолыңыздан қалмаңыз. Жеңгеме сәлем айтарсыз. Байқап жүріңізші.

Жарайды, қалқам. Бірақ, аспалы көпірден жаяу өтем деп шаршап қалма.

Шынардың ұсынған қолын қаттырақ қысып, өзіне тартты. Бетінен сүймек болып әнтек қана ұмсына беріп еді, қыздың бал еріні оттай қарып өтті…

***

Вискидің буы бойына тарап, буындарына түсіп кеткендей. Көліктің терезесін ашты. Бәрібір кеуде тұсын күйдіріп бара жатқан ауырлықты сезінді. Шынармен болған арадағы ыңғайсыз жағдайдан бастапқыда ұялғандай да еді, артынша рахатқа бөлер айрықша әсер баурап алды. «Неткен керемет қыз. Жыламай жүрсе екен тек».

Шахан бір уақ өзінің некелі жары жайлы да ойланды. Институтта бірге оқыған, өз топтарының старостасы еді. Талдырмаш қана, тақылдап тұрған қыз топтағы он жеті баланы бірден өзіне қаратқан. Он жеті болашақ архитектор мен құрылысшы жігіттер бастапқыда біздің топқа қайдан адасып келіп қалды екен деп осы қызға таңырқай қарасатын. Артынша ай өтпей жүрек тұсын басып, түн баласы ұйықтай алмай, он алтысы дөңбекшіп шыққан. Ғашықтық сезімін білдірудің ретін таппай, бірі гүл ұсынды, енді бірі сымбатын сипаттап өлең жазды. Бірі орталық паркке барып суретші шалға портретін салдырып әкелді. Батылдауы киноға шақырды. Он алты жігіттен он алты түрлі сияпат көрген Перизат әуелгіде бұл топтағы жалғыз қыз болғандықтан, жігіттердің көрсеткен құрметі болар деп ұғынған. Тек Шахан ғана маңғаз басып, он алтысы көрсеткен мезіреттің бірін де жасамады. Хат та жазбады, қалам да сыйламады. Есесіне қысқы демалыс кезінде ауылына қонаққа шақырды. Аң аулап, қансонарға шығаруға уәде берді. Қалалық қыздың аң аулау дегенде алабұртқан жүзіне қан жүгіріп, қуаныштың белгісі менмұндалап шыға келген.

…Сол жылы Алтайдың қысы ерекше қаһарлы еді. Күзде ғана архитектордың оқуын оқимын деп қалаға аттанған баласын әке-шешесі қатты сағыныпты. Сыртқы есіктен кіре бере бас салған. Әкесінен кейін құшағына алған апасы да ұлының артында табалдырықтан аттар-аттамасын білмей тұрған әдемі қызды аңғарды.

Құдай-оу, Шаханжан, мына… – Апасы аңтарыла қараған. Таңырқағаны, яки қуанғаны белгісіз.

Көкесі, келін бе…

Шахан қарқылдап күліп жіберді.

Апа-оу, бұл қыз менің группаласым. Бірге оқимыз институтта. Қаланың қызы. Ауылға қонақ ретінде ертіп әкелдім. Аң аулағанды жақсы көреді екен. Қазір қансонар кезі емес пе. Біраз бой жазып қайтсын деп үйге шақырдым.

Әуелгіде абдырап қалған әке-шешесі сәлден соң естерін жиды.

Төрлете ғой қызым, жоғары шық, – деді әкесі. – Жоғары шыға ғой.

Мұздап қалған шығарсың. Аяғыңа мына байпақты киіп ала ғой, – деді апасы бәйек боп.

Балалардың қарны ашып келген шығар. Қазанға ет сал, кемпір.

Қора жақтан қи әкеліп берші.

Бірі жертөледен ет алуға, бірі қорадан қи әкелуге сыртқа беттеді.

Перизат жаңа бір тылсым әлемге тап болғандай айналасына таңырқай қарайды. Төргі бөлменің қабырғасында ілулі тұрған қасқыр мен түлкі терілерін сипап өтті.

Шах, – деді сосын, даусынан қуаныштың лебі есіп. – Қазір қасқыр бар ма, өзі?

Танысайын деп пе едің, перизатым? – Шахан әбжіл басып Перизатты белінен орай құшақтап алды.

Қой, жібер Шахан. Ұят болады.

Ұялатын ешкім жоқ. – Жігітің үні ойнақы естілді.

Сонда да.

Орамал салып, келін қылып алып қалайық па, а, сені?

Иә саған, мана апаң «келін бе» деп сұрағанда «жоқ, бірге оқитын группаласым» деп ат-тоныңды ала қаштың ғой.

Қыз қалжыңға сүйеп айтқанмен, дауысында бір наз бар еді. Оны Шахан да бірден түсінген.

Жапалақтап жауған қарлы түнде Шахан Перизатқа ауылын таныстырып шыққан. Аула іргесіне ене бергенде Перизат жерден бір уыс қар алып, қақпаны жабуға артына бұрылған Шаханның қойнына салып жіберді де, үйге қарай қаша жөнелді.

Ертесі таң алакеугімнен көкесі үш атты қатар ерттеп қойыпты. Перизатты қасқыр ішікке орап, тапал торыға мінгізді. Шылбырын Шаханға ұстатып, құлап қалмауын қадап тапсырды. Ауыл іргесіндегі аласа шоқының өзі осы мекеннің аңшылары үшін таптырмас қансонар еді. Қақаған қыстың аязында жемтік іздеп ауылдың маңына дейін жақындайтын ит-құстың ізі таң біліне сайрап жатады.

Күн арқан бойы көтеріле шоқының шетіне іліккен. Жаңа қар түсіп, дала төсінде сайрап жатқан «ою-өрнектер» аңшылардың назарына бірден ілікті.

Батыс бөктерде бір апан бар. Баяғыда су орып, терең жыра қылып тастаған. Зәу де болса мына ұлыма сонда жатыр. Өйткені жаралы сияқты. Бір аяғын қақпанға қалдырған. Алысқа ұзай алмайды, – деді көкесі атынан түсіп, қасқырдың ізіне барлай қарап. – Шахан, сен қызым екеуің төбеден түсіңдер, мен етекті құлдилай барайын. Тура келмей, қапталдай жүруге тырысыңдар. Қызға абай бол! – Әкесі нығырлай сөйледі. Қырып алар еті жоқ, жылмағай жүнді тазы тұқым «Ұлар» мен оңайлықпен орнынан көтеріле қоймайтын, маңғаз төбет, қазақы «Қонақ» бірге ілесті.

Жарайды, көке. Алаңдамаңыз.

Кәнігі аңшының жорамалы дұрыс боп шықты. Көкесі етекті құлдилай су орған жыраға жақындады да мылтығын оқтады. Жыраны қуалай жүгірген Ұлар кенет қыңсылай қашып, екі ыршып жағаға шыққан. Жаралы қасқыр ақсиған азуын көрсетіп, айбат шегіп тұр. Осы сәтте Қонақ та жыра ішіндегі жауына төне түсті.

Қап, ана төбетті қасқыр талап тастайтын болды-ау. – Перизаттың көзі жасаурап кетті.

Қорықпа, ол қасқырға түсіп жүрген төбет.

Сонда да, қасқырдың аты қасқыр емес пе.

Қазір көресің, Қонақ оны тыпыр еткізбей тастайды.

Төбе басында тұрған екеуі төменнен көз алмайды. Қасқыр мен Қонақтың қалт еткен қимылдарын бағып, кірпік қақпай тұр.

Оқтаулы мылтығын кезене ұстаған көкесі де ат үстінде мығым отырған еді. Ұмар-жұмар арпалысқан қасқыр мен төбеттің шаршағанын күтіп, абайсызда оқ жұмсап төбетті жазым қылып алмайын деген сыңайда шүріппені басуға асықпайды. Кенет қасқыр Қонақтың құлақ шекесінен тістеп, бұрай тартып астына түсірмек ниетін байқатты. «Ия, сәт!» деді көкесі. Қонақтың қасқырға түскенде қолданатын ескі тәсілі еді бұл. Бұрай тартқан қасқырдың бауырына кіріп барып, азулы тістерін тамаққа салды. Тамақтан тарта тістеп, денесін серпе қозғалтып, шиыршық ата қасқырды көтеріп алды да, астына басты. Ұлпа қар қызыл қанға боялды.

Шахан мен Перизат төбені қиялай төменге түскенде оқ шығындамаған көкесі мылтығын иығына асынып, Қонақтың қарысып қалған жағын қасқырдың мойнынан ажырата алмай жатыр екен. Қонақтың езуіне қамшының сабын тығып жіберіп, ақырын күшке сала бастады. Көздері қанталап, ентіге демалып тұрған Қонақты желкесінен тартып, жыраққа әкетті.

Аңшылар үйге көңілді оралған. Қасқырдың сыпырылған терісін көкесі Перизатқа атады. Апасы ыстық қуырдақ жасап қойыпты.

– Апа, бүгін бір керемет күн болды. Қонақ қасқыр алды. Бірақ мен қатты қорықтым, – деді Перизат Шаханның апасына дастархан жасасып жүріп.

– Е, қарағым, қыс болса біздің ауылдың еркектерінің ермегі сол ғой. Бірақ та, аңға шығуға көп қызыға берме, қалқам. Әр аңның өз киесі бар. Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар деген қазақ.

– Иә, басында Қонақты аяп тұрғам. Қасқырға таланып қалатын болды-ау деп. Сосын біздің Қонақ оны талап, тамағынан тістеп өлтіре бастағанда қасқырға да жаным ашыды. Еркіндікті сүйетін даланың еркесі ғой ол да бір. Қазақ ноқтаға, көкжал оққа да бағынбайды дейтін баяғыда ауылға барғанда нағашы атам.

Шаханның апасы қала қызының сұңғылалығына таң қалды. Анау газет-журналдарда қала қазақтары мәңгүрттеніп барады деуші еді ғой. Сыйластықты ұмытып, бауырмалдықтан айырыла бастады дейтін сыңайдағы мақалаларды оқыған сайын көңілі түсіп, баласының болашағы жайлы ойланатын. Қалаға барып оқимын, болашақта өз еліміздің қалаларын салуға еңбек етемін деп желпініп кетіп еді. Ол салған қалаларда өзінің қазақ екенін білмейтін, тамырынан ажыраған, шежірені ұқпас, жеті атасын танымайтын мәңгүрттер тұра ма сонда деп қиналушы еді. Бірақ, мына баланы қаланың қызы деуге келмейді.

– Дұрыс айтасың, қызым, Шаханның әкесіне де көп айтам. Қасқыр соқпашы деп. Болмайды ғой, болмайды. Ұлымалар да қасиетті. Бөрі анадан тарағанымызды ұмытып кетеміз, әйтпесе ит-құсты ерекше қамқорлыққа алсақ керек-ті.

– Тамақтарыңызды тезірек бермесеңіздер асқазаным өңешімді жеп барады, – деді Шахан төрдегі құрақ көрпеге малдас құрып отыра бере.

Перизат сықылықтай күлді. Жатақхана студенттерінің сөзі ғой бұл.

Ертесінде Шахан мен Перизат аңға өздері шықты. Көкесі малға шөп әкелуге кеткен. Бұл ауылдың бір ерекшелігі жазда шапқан шөбін үйлеріне тасымайтын. Сол шабылған жеріне үйіп, маялап тастайтын. Қыс бойы атқа шана қатып, төрт-бес күнге жетер шөбін жеткізіп отыратын. Мана, Шаханның көкесі де тапал торыға шана қатып, таң бозынан шөпке кеткен.

Алтай бөктерінде өлі тыныштық. Маң дала маңғазданып жатыр. Ақ көрпе жамылған иен әлсіз түскен күн сәулесіне шағылысып, сағымдана жылтырайды.

Бастапқыда бұл ауылға атқа мініп, аң аулау үшін ғана келдім деп өзін сендірген Перизаттың әнеукүні Шахан ту сыртынан кеп құшақтай алғалы көңілі бұзылып жүр. «Несі бар, тамаша жігіт. Ойын ашық айтады. Қылтың-сылтың жүрісін де байқамадым. Сері көңіл. Оқу үлгерімі де жаман емес». Бірінші ойы жирен қасқа айғырға қасқая мінген бозбаланы аялап өтті. «Рафхат та қой аузынан шөп алмас момын ғой. Қала қызына осындай момын, айтқаныңнан шықпайтын, айдауыңа жүріп, дегеніңе көнетін жігіт керек емес пе? Оның үстіне кинотеатрға көп апарады. Сезімі де тұнық. Сен дегенде жаны қалмай жүгіріп жүргені». Екінші бір ойдың қылаң беруі мұң екен: «Жоқ, Рафхат татар ғой. Менің балаларым қазақ болуы керек» деді ішінен бір қатқыл дауыс.

Шахан мен Перизат кешке дейін алты қоян ұстады. Ши түбінен зу етіп шыға келетін ұзын құлақтарды адымы кең, жеңіл ғана жүгіретін Ұлар көп ұзатпай желкесінен тістеп иесіне әкеледі. Әуелімде Перизат үлпілдеген қоян терісін сипап, жүзі бал-бұл жанып қуанған-ды. Үшінші қоянды қанжығаға байлағанда өзі де айналаға сергек қарап, Ұларды ертіп сай-сала мен қолаттарды аралап шықты. Бұл кезде Шахан үйден ала шыққан тамақтарын қоржыннан түсіріп, шағын дастархан жасап қойған.

– Шах, міне, қарашы, мен бір қоян ұстадым, – деді Перизат жарқын дауыспен. Қуанышы қойнына сыймай тұр. – Ұлар молодец. Вообще, супер.

– Ұлар деген қандыауыз. Нағыз тазы ғой. Қоян ұстау түк емес оған. Екі аттайды да шап беріп ұстап алады. Міне, былай. – Шахан ат үстіндегі Перизатты қолынан ұстап, өзіне тарта жеңіл ғана көтеріп алды. Құшақтаған күйі бауырына тартты. Перизат еш қарсылық көрсетпей, Шаханның құшағына тығыла берді.

– Жаным саған жақын тартып барады, Перизатым.

Қыздың демі жақыннан сезіледі. Тым жақыннан.

– Мен де саған бауыр басып барам, Шах.

Шахан ақырын ғана қыздың ернінен өпті. Бал еріннің шырыны бойына тарап, балқытып әкеткендей.

– Өзің бір ұятсыз екенсің. – Қыз Шаханның құшағынан босай бере сықылықтап күлді. Аңтарылып қалған бозбалаға қар атпақ болып жерге еңкейе бергені сол еді Шахан бұған тұра ұмтылды.

– Тазы болсаң қуып жет. – Қыз қаша жөнелді.

Он-он бес қадам жүгірмей жатып Шахан қызды қуып жеткен. Қапсыра құшақтап, жерден көтеріп алды.

– Ит иесіне тартады деген. Қашқан қоян Ұлардан, сұлу қыздар Шаханнан ешқашан құтылған емес. – Ха, ха, ха…

– А, солай ма, Шах?!. Сұлу қыздар де. Олар көп пе не? Даланың Донжуаны сен екенсің ғой, демек.

Шахан ернін тістей қойды. «Қап, нем бар еді, қайдағыны айтып». Қыз жігіттің құшағынан босап, өкпелеген түрмен дастархан басына беттеді.

– Перизатым, Пиком, кешірші мені. Байқамай айтып қалдым. Менде ешкім жоқ. Жүрегімде де. Тек сенен басқа.

– Иә, сене қалдым Донжуан.

Перизат бұл сөзді еркелікпен айтып тұр еді. Бірге оқитын Шаханның қызы жоқ екенін жақсы білетін. Жалғыз Шаханның емес, группасындағы қалған он алты жігіттің де қай топтағы қыздармен араласып, қайсыларының ортасында махаббат отының тұтана бастағанын естіп отыратын.

– Пико, кешірші енді…

Шахан ту сыртынан кеп құшақтай бергенде Перизат бұрыла қарап, оның ернінен қырши тістеп алды.

– Сен мендіксің, Шах.

– Сен де, Перизатым. Тек менікісің…

***

Өткен күндердің тәтті елесі санасында самал желмен тербеліп, тәтті күйге бөледі. Көзі ілініп кетіп, артынша рөлде отырғанын сезіп, бойын жинауға қанша тырысқанымен, ұйқы шіркін тұңғиығына тартып барады. Орталық көшемен ызғытып келіп балалар емханасына қарай бұрыла берді. Мұз қосып ішкен виски буынға түсіп, еңсені басар алапат ұйқыны төбесінен төңкере салғандай. Ұйқылы-ояу, көлік тізгінін әрең басқарып келеді. Мұздатқышты барынша қосып, ұйқысынан сергімек болып еді, онысынан да ештеңе өнбеді. Бойына тарап, күллі клеткасын жайлап алған арсыз ұйқы құшағына шақырып, апасының ыстық алақанымен маңдайынан сипағандай болды.

Маңдайын рөлге қойып, көзі ілініп кеткен еді. Көз алдына көлбеңдеп, сол баяғы еліктің лағы тұра қалған… Иә, сол, Перизат екеуінің аңдаусызда тазыға талатып алған лағы ғой…

Балалар емханасынан шыққан Перизат алты айлық сәбиі Нұрбақытты коляскасына салып, ауладан қара жолға беттеді. Кене шағып алғандай кенеттен шыр ете қалған ұлының үсті-басын тексеріп шықты. Ештеңе таппады. «Бағана салған уколдың әсері болар». Шаханға қоңырау шалып еді, күйеуі телефонын көтермеді. «Ой, Алла-ай, тағы да жұмысы шығып қалмаса болғаны. Бірақ бағана он бес-жиырма минутта жетем деп еді ғой». Емхана алдындағы тротуарда тұрған Перизат артына бұрыла бере «аһ» деуге шамасы келмеді. Құйындай ызғытып келген қара Джип тротуардың жиегіне соғылып, жантайған күйі төніп келеді. Ұлы отырған колясканы ұстаған күйі қатты да қалды. Таныс машина. Иә, күйеуі. Шахан ғой. Аяқ-қолынан жан кетіп, талықсып бара жатыр еді…

***

Азалы күй, қазалы үй. Жалған пәниге жаңадан келіп, өмір атты бес күндік ғұмырда өзінің тағдыр тақтасына өрнектеп өмір жырын жазуға талпынған алты айлық нәрестенің жүзін топырақ жасырғалы да айдан асты. Қамкөңіл әке, қайғырған ана. Қан құсқан қайран күндер. Өз кіндігінен жаралған жалғызын дәл осылай жазым қыларын кім білген? Өмірде көптеген сәйкестіктер болатынына Шахан бұрыннан сенетін. Алайда, тек өзінің Нұрбақытын… ұлым деп әлі дұрыс еміреніп сүйіп те үлгермеген періштесін…

Шахан бір бүйіріне аунап түсті. Перизат ауыр күрсінді. Періштесі келмеске аттанғалы сүтке толы қос анары сәбидің балғын ернін аңсап, үрпісі шошайып, тіршілікке нәр берер аппақ бұлақ өздігінен саулайтын болған. Күнде көз жасын көлдей қылып қолмен сауып алатын. Бүгін олай жасаған жоқ. Есесіне сәбиінің тәтті қылықтары, өздігінен уілдеп үн шығаратын, жақындап кетсең аяқ-қолын қимылдатып қуанатындығы, сүйе бергенде көзілдірігін ұстап тартып қалатындығы… бәрі-бәрі есіне түсіп, егіліп жатыр.

Ботам, қоя қойшы енді. Қайғырғанда менің де қабырғам қайысады. Менің кінәм ғой, бәрі. Менің кесірімнен. Кешірші, күнім. Мәңгі кешірім сұрап өтем сенен ботам. Маңдайыма осындай күнді көруді жазса не істеймін?…

Әйелі боздай түскен. Боздауменен бозала таңды қанша рет қарсы алмады Перизат. Боздаудан бақиға кеткен ұлы тірілер болса, осы күнде бесігінде уілдеп жатпас па еді. «Тағдырдың басыңа салған қасіреті, жыла, жыла, көз жасыңды көлдетсең ғана жүрегің жұбанады» дейтіндей қара түн де терезеден сығалап.

Тұңғыштарының қазасы жұбайына қатты соққанын, кінәлі өзі екенін білетін Шахан түнімен жарын жұбата алмай қатты қиналатын. Бүгін де екі көзі бұлаудай боп жатқан Перизатты бұрымынан сипап, бауырына тартты. Құдай қосқан қосағын құшақтап жатып кеудешесінің суланып қалғандығын, балғын ерін тілеген төстен сүттің өздігінен ағып жатқандығын білді. Жарын аяды. Әйелінің төсін иіскеп, үрпісін аузына салды…

Алғашында дәмі біртүрлі сезінген әйелінің көкірек сүті күн өте Шаханның күнделікті тұтынатын асына айналған-ды. Байыз таппай қиналатын әйелінің берекесі кіріп, ес жия бастап еді. Құрғыр көңіл сонда да құлыншағын сағынады. Бала орнына күйеуін емізген күндер осылай жылжи берді.

***