Анекдоттар

Айдар: Анекдоттар / Сонғы жаңалықтар
Таңертең айнадан өз келбетіңізді көріп, жай ғана жымиюдың сол күнгі көңіл-күйіңізге тигізер ықпалы мол. Күлу – адамдар қатынысының да маңызды бөлшегі екенін ұмытпаңыз. Мысалы езудегі жымиюдың өзі адамның өзіне сенімділігі, еркіндігі, достығы, мейрімділігі, ләззаты, қуанышы, келісімі, тіпті бақытын білдіреді. Ал күлкі иесінің жанына - тыныштық, жылу, деніне - саулық сыйлайды. Күлу мен жымиюдың – ашық, кең, әдемі, сыңғырлаған, әуезді және тағы басқа түрі болады.
 
Бірің оң жағыма, бірің сол жағыма...

Үш жолаушы келе жатып, далаға түнейтін болады. Жапан дала, түн тастай қараңғы.
Жолаушылар өздерінің қорқақ екендіктерін білдіріп, «енді қайтеміз» дейді. Түн қараңғылығы үшеуін де үрей әлеміне жетелейді. Ойласа келе, шешім шығаруға келіседі. Бірі «түнімен жүре берейік» дейді, екіншісі мен үшіншісі «шаршадық қой, жатайық, тынығып алайық» дейді. Соңында үшеуі де тоқтап, тынығып алуға келіседі. Жатар кезде үшеуі «ортаға мен жатамын, мен жатамын» деп таласады. Сонда үшіншісі қорқақ та болса, қулау екен.
- Қорықсаңдар, бірің оң жағыма, бірің сол жағыма жатыңдар, - депті.

Миың шайқалатын еді...

Жаңа автокөлік сатып алған бір мақтаншақ көшеде ары-бері ызғытып жүріпті де, жол жиегіндегі бағананы сүзіп қалып, ес-түсінен айырылып, ауруханаға апарылады. Онда екі апта емделіп, үйіне оралыпты. Көршілерінің бірі көңілін сұрай келеді: 
- Ия, қалайсың? Дәрігерлер не деді?
- Дәрігерлер: "Миың жоқ екен, әйтпесе қатты шайқалатын еді", - деді.

Мияу-у

Төбет күшігін шақырып алып:
- Мектепке сабаққа жақсы дайындаласыңдар ма? – деп сұрайды.
- Әрине, жақсы дайындаламыз.
- Оқуды үйрендің бе?
- Жоқ.
- Санауды ше?
- Жоқ.
- Түбің түскір–ау, мектепте не үйретеді?
- Біз шет тілін үйреніп жүрміз?
-Жақсы екен. Шет тілінде бірдеңе айта қойшы?
- Мияу-у!

Ескі кебісті жаңасына ауыстырып...

– Құрманғали қонақ шақырып жатыр екен, бармайсың ба?
– Галошым жаңа, несіне барамын?!
– Голоштың не қатысы бар?
– Біреу-міреу ауыстырып киіп кетіп жүрер...
– Е, енді түсіндім, бұрын ескі голошыңды жаңасына ауыстыру үшін барып жүр екенсің ғой.

Құлағалы жатқан тікұшақта

Орыс, қазақ, өзбек, еврей тікұшақпен ұшып келе жатады. Сөйтіп тікұшақтан бір ақау табылып, пилот құлағалы жатқандығы туралы жолаушыларына ескертеді. Сонда өзбек:
- Менің жанұям бар маған өлуге болмайды, - дейді де үш парашюттің біреуін алып, секіріп кетеді.
Еврейдің миы қатты істесе керек ол:
- Осының бәрін ойлап тапқан мен ғой, - деп тағы біреуін алады. Соңғы орыс:
- Мынаны сен ала ғой, – деп қазаққа сөйлейді. Қазақ:
- Сен ше? - десе,
Орыс: 
- Менде бар, жаңа еврейге құр сөмке ұстатып жібердім. Оның миы қатты істейді ғой, жолда бірдеңе ойлап табар, - депті.

Мінбей қашып кеткен бала

Бiр бала әкесіне келіп, күле береді. Әкесі одан мән-жайды сұрайды.
- Балам саған не болған.
- Мен жаңа ғана бiр таксисті алдап кеттiм. 
- Қалай?
- Оған ақшасын беріп, өзім мінбей қашып кеттім, – деген екен.

Ақша сіздікі

Екі бала көшеде ойнап жүріп кездейсоқ 10000 теңге тауып алады. Қайсымыз алсақ та бөліспейміз деп дауласып-дауласып, ақыры кім өтірікті келістіріп айтатын болса, соған беретін болып шешеді. Сол екі арада олардың жанынан басшылықтан үміткер бір кісі өтіп бара жатады. Екі бала оған істің мән-жайын түсіндіріп, өздеріне төреші болуды сұрайды.
– Мыналарың сұмдық екен! – деп ол кісі ашу шақырады. Бесіктен белі шықпай жатып өтірікке үйір болғаны несі? Басқа амал таппадыңдар ма? Өз басым осы уақытқа дейін әлі бірде-бір рет өтірік, жалған сөйлеп көрген емеспін! Сонда балалар болашақ бастыққа 10000 теңгені ұстатып:
– Өтіріктің көкесін сіз айттыңыз-ау, ақша сіздікі – деген екен.

Қазақша анекдоттар