» » » КӨГЕРШІНДЕР ҚҰСТАР ӘЛЕМІНІҢ ЭЙНШТЕЙНДЕРІ БОЛЫП ШЫҚТЫ

КӨГЕРШІНДЕР ҚҰСТАР ӘЛЕМІНІҢ ЭЙНШТЕЙНДЕРІ БОЛЫП ШЫҚТЫ

Айдар: Басқа тақырыптар / Білгенге – маржан

Осы күнге дейін көгершіндердің өзге құстарға қарағанда, ақылдырақ екені туралы жиі жазып келдік. Олардың көкте және жерде жол нұсқайтын лидерлері бар. Егер осы лидерлері өз міндетін дұрыс орындамаса, көгершіндер оған «құлақ аспай қояды», деп хабарлайды
Baq.kz ақпарат агенттігі nkj.ru сайтына сілтеме жасап.
Мұнымен қатар, мамандар көгершіндерге қатысты тағы да бір жаңалық ашты. Олар белгілі бір тілде айтылған сөз бен жай ғана мағынасыз әріптер тізбегін өзара ажырата алады. Бұдан өзге көгершіндер қайтар жол іздеген кезде тәжірибесі мол құстардың көмегіне жүгінеді.
Айова университетінің мамандары жүргізген тәжірибелер көгершіндердің біз ойлағаннан да ақылдырақ екенін дәлелдеді. Ғалымдар көгершіндердің кеңістік пен уақытты қаншалықты дұрыс ажырата алатындарын білу үшін оларды тестілеуден өткізген. Тест барысында көгершіндер экран мониторына шыққан пішіндерді тапсырмаға сай таңдап отырған. Бірде пішіндердің көлемі 6 см болса, енді екіншілерінің көлемі 24 сантиметрге дейін жеткен. Мұнымен қатар, оларға экранда аз уақыт қана тұратын пішінді таңдау тапсырылады. Әр тапсырма дұрыс орындалған сайын жем беріліп отырады.
Current Biology журналында жарияланған мақалада құстардың көлем мен уақытқа қатысты тапсырманы дұрыс орындағаны туралы жазылған. Ғалымдар көгершіндер жаттап алған көлем мен уақытқа қатысты параметрлерді ауыстырғанда, құстар шатаса бастаған. Нәтижесінде кеңістік пен уақыттың көгершіндер миына белгілі бір дәрежеде әсер ететіні анықталды.
Не себепті бұл зерттеу маңызды? Осы күнге дейін бұл қасиеттер тек сүтқоректілерге тән болып келді. Мұнымен қатар, сүтқоректілер миында ерекше бөлімнің бар екені туралы гипотезалар да айтылды. Алайда сүтқоректілердің миы құстарға қарағанда ерекше. Себебі, құстарда жарты шар қабығы жоқ. Бірақ, ғалымдар оның ми жамылғысы деп аталатын қабығы барын айтады. Енді құстардың миына байланысты тағы да зерттеу жұмысын жүргізу керек секілді. Себебі, оның кей мүмкіндігі приматтардан да жоғары.