» » » СЕРІК ИБРАГИМОВТІ КОНЦЕРТ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАРЫ САН СОҚТЫРЫП КЕТТІ

СЕРІК ИБРАГИМОВТІ КОНЦЕРТ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАРЫ САН СОҚТЫРЫП КЕТТІ

Айдар: Басқа тақырыптар / Білгенге – маржан

Афиша ілінген, билет сатылған! Бірақ әнші жоқ! Бұл Серік Ибрагимовтің тарапына айтылған сөз. Өнер иесі концертінің күнін белгілегенімен, ән кешіне келмей қоюды әдеткен айналдырған. Халықты сан соқтырған Серік пе? Әлде ұйымдастырушы ма?
Бұл туралы НТК арнасының “Ревю” бағдарламасында айтылды.
Таяуда, Серіктің Алматы облысында жоспарланған екі концерті кейінге шегерілді. Оның көктемде Шығыс Қазақстандағы ән кеші де өтпей қалған еді. Ал, телефон арқылы серт берген ұйымдастырушы тарап алаяқтар тобы болып шыққан көрінеді.
“Алдаған жігітке бар шарам сол, инстаграмға салдым. Телефонмен сөйлестім. Ол бұрындары да, біраз адамдарды «лақтырған» екен. Ол кісілердің атын атамай-ақ қояйын. Ол кісілер маған хабарласып: «Әй, байқап жүрмейсің бе, бауырым! Бізді де осылай лақтырған» – деп айтты соңында”, – дейді Серік.
Сан соғып қалған Серік, жылы сөйлеген жанға сенбеуге шақырады. Әншінің айтуынша, аймақтарда кәсіби ұйымдастырушы атын жамылған, алаяқтар көп!
“Қазір енді адамдар көбейіп кетті ғой, концерт ұйымдастыратын. Ұйымдастыра алмаса да, ұйымдастырады. Бірақ, халыққа не деп жауап бересің. Халыққа ештеңе деп жауап бере алмайсың”, – дейді Ибрагимов.
Серіктің басынан өткен келеңсіз жайтқа, кезінде Айқын Төлепберген де тап болған. Осыдан 4 жыл бұрын Петропавлда «концертіңді ұйымдастырамыз» деген пысықтар, әншіні алдап кеткен көрінеді. Абырой болғанда алаяқтар дер кезінде қолға түскен!
“Концерт берейін деп жатқан жерде ұйымдастырушы адамдар, ақшаны алып қашып кетті. Кейін полицияға шағымдандық. Ол конституция күніне орай жасалған концерт еді. Әкімдік біліп, Астанадан хабарласып, ол адамды тауып, үйінен шығарып, түрмеге отырғыза жаздады”, – дейді Айқын.
Аузы күйген үрлеп ішедінің күйін кешкен Айқын, бүгінде концертке дейін қағаз жүзінде келісімшартқа қол қойдырып алады екен. Содан кейін…
“Ақшаны алдын-ала алып алу керек деп ойлаймын. Келісілген бағаны. Содан кейін концерттің гонорарын төмендету керек”, – дейді Айқын.
Stan.kz