» » » Темірді тебенмен өрнектеген шебер

Темірді тебенмен өрнектеген шебер

Айдар: Мамандық құпиялары / Сонғы жаңалықтар
Күндегі әдетімен бүгін де ұйқыдан ерте оянды. Күн шұғыласы көкжиектен енді ғана шашырап, таң сібірлеп атып келеді. Жалғыз аяқ сүрлеумен үлкен жолдың арғы бетіндегі шағын көлшікке жақындады. Әдеттегідей емес, бүгін жағалауда көл маржанына қармақ құрушылар көрінбейді. Ерте ояныпты. Кеше құрған ауына шаян да түсіпті. Кішкентай немересінің шаянды қызықтап ермек қылып ойнағаны қызық. Бір айналып келіп, кетпен жасап отырған атасының алақанына көзі түскен кішкентай Сағидың «Ата, алақаның неге жарылып кеткен, неге тастай?» деген әртүрлі сауалдарды жолдағаны ойына түскенде мырс етіп күліп те жіберді.

 

Темірді тебенмен өрнектеген шебер


Темір жонумен ысталып, күнмен қақталып құрыш қолдарға айналған алақанына қарап, өткен өмір жолы көз алдына елестеді. Балалық шағынан ауыл баласы бейнетке бір табан жақын болады ғой. Әкесі бақшаға жеміс ағашының сан түрін өсіретін дихан кісі болатын. Балаларын жастайынан еңбекке баулып, қиындыққа мойымауға тәрбиелеп, бейнетпен шынықтырды. Бала қиялы темірден түйін түйетін шебер болуды армандап, темір-терсекке өте үйір болды. Әкесінің бағбандық құрал-жабдықтарына аңсары ауып, мұны тек ерекше «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын батыр, өжет адамдар ғана жасай алатын шығар» деген тәтті қиял балаң жігіт болғанда да санасынан шықпаушы еді. Сөйтіп жүргенде шақыру тиіп, әскерге аттанды. Қиыр шығыста әскери борышын өтеп жүргенде сәтін салып, ұшақ бөлшектерін жасайтын зауыттағы жұмысшылармен дидарласып, қас шеберлерден көп нәрсені үйреніп, балалық шақтағы арманын жүзеге асыратын сәт туған болатын. Анатолий Куварцын деген темір бөлшектерін құрастырушы шеберден алғашқы дәрісін алып, тәжірибе жинай бастайды. 
Әскерден келгеннен соң да темір ұстасы кәсібімен Жалағаштағы ПМК-да 13 жылдан аса жұмыс жасапты. Өзінің жеке ұстаханасы да болды. Диқаншылық жасап, әкесінің кәсібін жалғастырмаса да диқандарға керекті кетпен, күрек, орақ, шалғы, пышақ, қол арба жасады. Темірді балқытып, оған екінші өмір бергенде, шабыты шалқып, ән де айтатын еді. Ұлттық аспабымыз қара домбыраны шертіп сергитін де өнері бар. Өзіне тән әдемі қоңыр дауысын айтсаңшы. Әншілік пе, әлде темір ұстасы ма деп мамандық таңдағанда қателеспепті. Ішкі түйсігі адастырмағанын өз ісінің шебері болған шақтан сезіне бастады. Табаны күректей 40 жыл темір жонып, өз кәсібінің майталман шебері атанып өз несібесін таза маңдай тер, адал еңбекпен тауып келеді. Қалаға қоныс аударғанда отбасымен тұратын баспанасы да болған жоқ. Пәтер жалдап, осы кәсіпті қажырлылықпен жалғастыра берді. Қазіргі еңбек етіп жатқан «ДорСтрой» ЖШС мекемесінің директоры Мұратбек Тілеулиев өте қажетті мамандықты игерген шеберге барлық қамқорлықты жасап, 8 бөлмелі үй салып алуға жәрдем көрсетті. Құрметке бөленіп, ұжымның ұсынымымен Алғыс хаттар, қаржылай сыйлықтар да иемденді. 
Өз бақытын темір ұстасы мамандығынан тапқан біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері құрыш қолды, құрметті азамат қала тұрғыны- Құлахмет Аманов. Ол көп сөйлемейді, көп жұмыс жасайды. «Менің мәртебем- мамандығым. Жоғарғы білім алмасам да, жоғары білімді токармын. Ең бастысы, мен адамдарға аса қажетті зәру мамандықты игердім. 40 жылдық тәжірибемде шәкірт баулыдым, токарлықтың мектебінен өттім. Бұл мен үшін баға жетпес қазына. Мен өз кәсібімді сүйіп, темірден шілтермен кесте тоқыған жанмын. Балаларым байлығым, мамандығым айбыным» дейді шебер. Жалқаулыққа жаны қас шебер қазіргі жастардың осы мамандыққа тәуекел етіп бара бермейтініне қынжылады. «Кәсіп жоқ бос жүрген жұмыссыздар қиын жұмысқа келгенде енжарлық танытады. Ал қазір мемлекеттің назары түскен токар мамандығын тегін алуға мүмкіндік бар. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алмай, біз секілді ұзақ жылдық тәжірибесі бар кәсіби шеберлерден үйренген жөн» деп өз ойын сабақтаған шебер жұмыс орнына жайғасып, күнделікті жұмыс ырғағына кірісіп те кетті. 
Иә, ысталған алақанымен темір балқытқан шебер өз кәсібін мақтан тұтады. Бақытын еңбектен тапқан азаматқа біз де сүйсіне қарадық.

Гауһар Қожахметова.