» » » Қарлығашқа кім қамқорлық көрсетеді?

Қарлығашқа кім қамқорлық көрсетеді?

Айдар: Табиғат – тәңір / Сонғы жаңалықтар
Қарлығашқа кім қамқорлық көрсетеді?Халқымыздың ертеден табиғатқа жаны жақын болды. Әсіресе кейбір аң мен құсты киелі санады. Солардың қатарында қарлығаш та бар. Ауылда өскен бала оны жақсы біледі. Әрбір шаңырақта қарлығаштың ұясы тұратын еді. Үйдің есігі күнұзаққа ашық болатын. Қарлығаш үйге емін-еркін кіретін. Балапандары күні бойы «ән салады» да жатады. Оған әбден үйрендік. Олар жылы жаққа ұшып кеткенде шаңырақта жақынымыз жоқтай көрінетіні тағы бар. Туған топырақтан нәр алған төл перзент мұндай көріністі ешқашан жадынан жоғалта қоймайды. Ауылды сағынғанда бұрынғы сол бір көрініс ойыңа оралып, көз алдыңда көлбеңдей береді. Қазір де елге барғанда қарлығашты іздеп елеңдеп отырамыз. Алайда баяғыдай емес, аталмыш қанатты көзімізге көп түсе бермейді. Әрбір үйге ұя салуды да қойған секілді. Адамдар да бұрынғыдай есігін күні бойы ашып қоймайды. Әйтеуір, қарлығаштың «мінезі» өзгерген. Жұмыр басты жандарға жолай бермейді. Ертедегідей топ-тобымен ұшып жүрмейді.
Осындай көріністі қызылордалық құстар әлемін зерттеуші Оразбай Қосанов ағамыз ба байқаған екен. Ендеше, қарлығаштың азайып бара жатқаны рас болды ғой. Көптеген кісімен осы жайлы сөйлескенде де киелі құстың сирей түскені әңгіме өзегіне айналады. Қазақ халқында қарлығаш жайлы талай аңыз бар. Басқа ұлтты қайдам, қазақ пен қарлығаш құс бір-біріне өте жақын. Бәріміздің санамызда сақталып қалған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген ертегіні ертеректе егде кісілерден тыңдап өстік. Кішкентай баланың өмірін сақтап қалған құсты сол себепті бауыр тартамыз. Дегенмен кейінгі ке­зеңде оларды жиі көзіміз шала бер­мей­тіні жанымызды жабырқатады. Олар неліктен азайып кетті? Бұл тұрғыда Оразбай ағамыз «Иә, мұндай көрініс бай­қа­лады. Оның себебі ретінде мен былайша жорамал жасаймын. Бүгінде баяғыдай емес, қоршаған ортамыз бұзылып барады. Экологиялық жағдай көптеген өңірде көрініс беріп отыр. Жер астынан қазба байлықтар өндірілуде. Бұл табиғаттың тепе-теңдігін сақтауға кері әсерін тигізеді. Осындай өзгерісті ең алдымен аң мен құс байқайды. Қарлығаш секілді құстардың біздің даламызда азая түсуіне осы секілді жағдайлар ықпал жасауы әбден мүмкін», – дейді.
Экологиялық жағдай, қоршаған ортаның бұзылуы айналадағы табиғи байлыққа әсер етуі ықтимал екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Күнара көкке зымыран аттандырып салатын Байқоңыр ғарыш айлағы Сыр бойының табиғатын өзгертіп жіберді. Сыр өңірінде бірде қыс ерте түссе, кейбір кезеңде ауа райы жыл бойы жылымық болып тұрады да қояды. Дәл осындай жағдай Қазақстанның барлық аймағында да жиі кездеседі. Қарлығаш – жылы жақта өмір сүретін құс. Ауа райының құбылуы құстың тіршілік етуіне әсерін тигізеді. Сондықтан олардың көбінің көктем мезгілі келген шақта біздің елімізге қайта оралмауы ғажап емес.
Бір қызығы, біздің орнитолог ғалымдар бұл жайында үнсіз отыр. Алайда қарапайым жұрт қарлығаштың саны азайып бара жатқанын айтады. Әрине, әңгіме тектен-текке қозғалып жүрген жоқ. Біз үшін табиғат байлығының орны бөлек. Кезінде дұрыс назар болмауы салдарынан талай аң-құстың тұқымы тұздай құрып кеткенін несіне жасырамыз?! Иен даланың сәніне айналған қоршаған ортаның құндылығы, осылайша, көз алдымызда сиреп бара жатса, ештеңе көрмегендей, білмегендей болып отыра бергеніміз дұрыс па? Күні ертең қолымызды мезгілінен кеш сермеп, бармақ тістеп қалғаннан ұтарымыз қайсы?!
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы Оразхан Айдаров "Біз студенттерді табиғат аясына жиі алып шығамыз. Жаз бойы осындай шаралар жүргіземіз. Облыс аумағын­дағы көптеген орында болдық. Қара­тауға бардық, Арал теңізінде болдық, басқа да барған жерлеріміз аз емес. Сонда байқағанымыз: бұрын топ-тобымен көзге түсетін аң мен құс қазір мүлдем сиреп барады. Қарлығаш та сондай жағдайды бастан өткізіп отыр деуге болады. Әрине, олардың қазір дәл санын айту оңай емес. Шындығын айтқанда, көгімізде қалықтаған құстар­дың қанша екенін түгендеу де мүмкін емес. Десе де, олардың кеміп бара жат­қаны бірден байқалады. Өйткені біз та­биғаттан бөлек өмір сүре алмаймыз ғой" дейді.
Қарлығаш торғай тәрізділер отрядына жатады. Арктика мен Антарктидадан өзге өлкенің барлығында кездеседі. Олардың әлемде 80-ге жуық түрі бар екен. Біздің елімізде қарлығаштың жар, құз, қос реңді секпілтөс және кент қарлығашы секілді бес түрі өмір сүреді. Оларды қорғау мәселесіне қалай көңіл бөлініп жатқанын дөп басып айта алмаймыз.
Бүгінге дейін талай аң-құстан айырылып қалуымыздың себебін біздің бойымыздағы бейқамдықтан іздесек, артық емес. Тіпті осыдан 20-30 жыл бұрын даланың сәніне айналған табиғат қазыналары аялы алақан жоқтығынан саны азайып, кейбірі «Қызыл кітапқа» жазылды. Ал біз болсақ баяғы қалпымыздан таймай, оларға қамқорлық көрсетуге енжар кейіп танытамыз. Күні ертең қарлығаш та сондай жағдайға душар болса, ешкім де таңғала қоймас.
Қазақ кие дегенді бағалайды. Ал қарлығашты киелі құс санауы тегіннен-тегін емес шығар. Оның адамға жақын жүретіні кезінде жұмыр басты пендеден жанашыр пейіл көргенінен бе екен?  Қазір қазақ та бұрынғы дарқан мінезінен айырылып барады. Қатал өмір заңдылығынан біздің ұлтымызда да басқаша психология қалыптаса бастады. Тіпті аң-құсқа жанашырлық жасамақ түгіл, ет-жақынына суық тарта түсті. Қарлығаш қазақтың бұрынғы пейілін аңсап жүрген болар... Оны кім білген? Әйтеуір, киелі ұғымды аяқасты етпесек дейміз...

Ақбота Қоңыратбаева