» » » Аққу құсы неге азайып барады?

Аққу құсы неге азайып барады?

Айдар: Табиғат – тәңір / Сонғы жаңалықтар

 

Көгілдір көлдің көркіне айналған аққу дегенде сұлулық пен махаббат символы деген тіркес тіл ұшына орала кетеді. Көргенде көзің сүйсінеді. Расында, бар әсем дүниені аққуға үйіп-төгіп бере салған ба дейсің. Қазекем тал-мойнында міні жоқ перизатты аққуға теңейді. Ақындар жүрек сырын шерткен өлең жолдарында осы бір көркем құсқа теңеу айтудан жалыққан емес. Тіпті ерте кездегі бірқатар белгілі адамдар ол жайында сүбелі туындысын бізге тарту етіп кетті. Алаштың арысы Сәкен Сейфуллин "Аққудың айырылысуы” деген шығармасын оқырман қауымға көзайым жасады. Қазақ поэзиясын шырқау көкке көтере білген марқасқамыз Мұқағали Мақатаев та сезім шуағына бөлене отырып, жүрек қылын шерткен "Аққулар ұйықтағанда” атты өлеңін өресі биік жұртқа кәде-сый жасады. 
Құлақ құрышын қандыратын әуезді қазақтың қоңыр үніне айналдыра білген дәулескер дара тұлғаларымыз – Қорқыт ата, Ықылас Дүкенұлы, Нұрғиса Тілендиев сынды сазгерлер "Аққу” атты күйлерін көпшілік алдында күмбірлете тартты емес пе? Біздің халқымыз киелі санаған аққу құсының кеміп бара жатқанын ғалымдар жиі айтып жүр. Неге, не себепті екен? Оған назар аударып көрдік пе екен? Әлде, осылайша саны азайып, күндердің күнінде айдын көлдің бетінен аққуды іздеп жүрмейміз бе? 
Қазекем жұбын жазбай тіршілік кешетін құсты киелі санап, оны қорғауға ерекше көңіл бөлген. Ата-бабамыз олардың наласына қалмауды қалап, есі кірген баласына "Аққуды атуға болмайды” деп аманат жасап жатады. Кішкене кезімізден осы ұлағатты санамызға сіңіріп, оған құрмет көрсетіп өстік. Қазақтың кез-келген қара баласы сол сөзге тәк тұрып ер жетті. Десе де қызық қуған кейбір жұмыр басты пенделер бір сәттік қызыққа малданып, мылтықтың шүріппесіне аққуды да байлап жататын жағдай да кездесіп қалады. Халқымызда "Аққудың киесі ұрады” деген сөз бар. Дегенмен бір сәттік қызыққа малданған кейбір пенделер оған қарап жатқан жоқ. Ол да аққудың кемуіне алып келеді. Осындай қаскүнемдік біздің бойымызда көбейіп бара жатқаны ойландырады. 
Біздің елімізде олардың сұңқылдақ, сыбырлақ және кіші аққу деген үш түрі кездеседі. Жалпы, жер шарында бұл құстың түрлері көзге көп шалына бермейді. Небәрі алты-жеті түрі бар. Оның жетеуі солтүстік жартышарды мекендесе, біреуі экватордың оңтүстік бөлігін қоныс етеді. Қазақстанды негізінен сұңқылдақ және сыбырлақ аққулар жайлағанымен, тундрадан жылы жаққа ұшқан кіші аққу кейде біздің жерімізде де қыстап қалатын көрінеді. Ал Австралия мен Тасманияда кездесетін бір түрі қап-қара түсті болып келеді екен.   
Бір қызығы, сұлулық символына киелі құстың өзіне тән ерекшелігі көп. Олар үш-төрт жасқа дейін ақ түсті болмайды. Сұр аққуды көріп жатсаңыз, таң қала қоймаңыз. Көгілдір түстен гөрі сұрғылттанып тұратыны бар. Аққу бірнеше түлеп барып қана "шын бейнесін” табады.
Оразбай Сағындықұлы, биолог:
– Көп жылдан бері жан-жануарлар мен құстар әлеміне зер салып келемін. Осы тақырыпта бірнеше еңбегім жарыққа шықты. Аққулар өмірі жайында да зерттеу жасадым. Өкініштісі, бұрын өзен-суларда көп жүретін бұл құс қазіргі таңда азайып бара жатқанын аңғарамыз. Соның салдарынан "Қызыл кітапқа” енгізілген. Кезінде Сыр өңірінде мыңнан астам көлдер бар болатын. Осы күні олардың саны жүзден әрең асады. Бұл сол маңды мекен еткен аңдар мен құстардың кеміп кетуіне алып келді. Аққулар да сондай күйді бастан кешті. Бұрынғы жылдарда дария бойы қалың тоғай еді. Табиғатқа деген мейірімсіз көзқарас салдарынан жасыл желек те, аң да, құс та, барлығы да азайып, қоршаған ортамыз көріксіз көрініске тап болды. Біз қай уақытта табиғатқа жанашырлық жасаймыз деген сауал мазалайды мені. 
1983 жылы Каспий теңізінің жағасында 400-дей аққу мекен еткен екен. Қазіргі санын ешкім тап басып айтып бере алмайды. Себебі, ұясын қалың жынысқа салатын құс ондай орындарды жақын маңнан таба алмайды. Өйткені, қазір өзен бойында қаулай өсетін  қамыс секілді өсімдіктер азайып барады. 
Біз әшейінде аққу жайлы ауыздыға сөз бермей, ол жайында талай адамға әңгіме айтуға әуеспіз. Қашаннан да жүрекке жылылық алып келетін қасиетті құсты қорғауға келгенде ауызды құр шөппен сүртіп қалатынымыз тағы бар. Бұл тек аққуға қатысты нәрсе емес. "Қызыл кітапты” парақтай қалсаңыз, еріксіз еңсең түсіп кетері анық. Қаншама аң мен құс осындай жанашыр пейілдің жоқтығынан азайып, кейбірінің тұқымы тұздай құрып кетуге жақындады. Осы деректер бізді қашан ойландырар екен? 
Аққу-өмір. Аққу – жұптаса өмір сүретін құс. Олардың салмағы 5-10 келіні құрайды, ең ірісі 13 келіге дейін жетеді. Көп уақыт бойы суда жүріп, жақсы жүзгенімен, сүңги алмайды екен. Құрлыққа сирек шығады. Су жағасындағы өсімдіктер арасына ұя салып, онда 3-7 дейін жұмыртқа басады. Жылына бір мәрте түлейді. 
Аққу-аңыз. Аққу жұбынан айрылып қалса, адам секілді қайғырады, тіпті, сол дертінен ажал құшқаны да болады. Одан кейін екінші аққуға қосылмайды.
Аққу-ақпар. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде ол жайында аңыз-әфсана, мақал-мәтелдержәне теңеулер баршылық. ”Аққу құстың төресі, жалғыз жүріп оттамас” деген тәмсіл содан қалған. Сондай-ақ, көркіне көз тоятын бойжеткендерге "Сүйріктей аққу мойын”, "Аққудай ару” деген тіркестер жиі қолданылады.