» » » Корёден тамыр тартқан ұлт

Корёден тамыр тартқан ұлт

Айдар: Ұлт пен ұлыс / Сонғы жаңалықтар
Қазақ халқының болмыс-бітімімен біте қайнасып, тұрмыс-тіршілігі ортақ болып кеткен ұлттардың бірі –кәрістер. 1939 жылғы депортация салдарынан күштеп көшірілген корейлердің көпшілігі біздің Сыр өңіріне орналасқаны белгілі. Сонау аласапыран уақытта қаншама қайғы-қасірет пен қуғын-сүргінді басынан өткерген қазақ жұрты тағдырлас халықты сыртқа теппей, бауырына басты. Сол уақыттан бері кәрістер Қазақстанды құтты мекен деп танып, қазақ елі мен жеріне адал қызмет етіп келеді. Қазіргі сәтте кез келген салада олардың өзіндік үлестері бар. Бүгінде саны аз болса да, корейлер өзіндік ұлт ретіндегі мәдени құндылықтарын елімізде қалыптастырып келеді.

 

Корёден тамыр тартқан ұлт

 

Өздерін корё сарам корейлері деп атайтын қазақ жеріндегі кәрістер тарихи-мәдени мұраға бай. Олар ата-бабаларынан бері келе жатқан халықтық элементтер мен санғасырлық ұлттық салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын өз дәрежесінде сақтап дәріптеуде. Ата салтын бүгінгі күнге дейін жеткізген ұлттың дәстүріне кеңінен тоқталсақ. Біздің дәуіріміздегі 918-1392 жылдар аралығында алыс-жақын елге танылған Корё мемлекетінен тамыр тартқан корейлер үш мерекені ерекше атап өтеді. Ол – баланың туған күні, екіншісі – үйлену тойы, үшіншісі – мүшел тойы (алпысқа келуі). Үйлену тойы міндетті түрде сенбі, жексенбі күндері өткізіледі. Корейлердің салты бойынша ұзатылған қызды оның шешесі күйеу жігіттің қолына өзі әкеп береді. Келінді үйге кіргізгенде оның жолына ақ мата жайып, үстіне күріш төгеді. Қалыңдық күрішті басып, ақ жолмен үйге қарай жүріп өтеді. Ол келіннің жолы ақ және ырзықты болсын деген тілекті білдіреді екен. Сондай-ақ, бұл уайым-қайғысыз өтетін бақытты ғұмырдың белгісі болса керек. Қазақтарда мұндай ақ мата жаю ырымы қыз ұзатарда орын алады.

 

Корёден тамыр тартқан ұлт


Мұнан соң келін алдын ала дайындалып қойылған айнаны енесіне береді. Жігіттің шешесі оны күріш салған қаптың ішіне тығады. Бұл – келін мен ене тату болсын дегенді меңзейтін ырым. Қазақ халқы үшін махаббаттың символы ретінде аққу құсы қадірлі болса, кәрістерде екі үйрек жас жұбайлардың бір-біріне деген сенімі мен адалдығының белгісі болып саналады. Сондықтан той кезінде бұл құстар міндетті түрде болады. Енді бір айта кетерлігі, той салтанаты басталмас бұрын жас жұбайлар «пхйебэксиль» бөлмесіне келеді. Бұл бөлмеде оларды жігіттің туыстары мен ата-анасы күтеді. Жас жұбайлар жігіттің ата-анасының алдына тізерлеп отырып, өз құрметін көрсетеді. Осыдан кейін барлығы салтанат залына өтіп, өздерінің тілектері мен лебіздерін білдіреді. Тойда жастар жібек матадан тігілген ұлттық киім киеді. Әдетте, той киімінің түсі қызыл, күңгірт, жасыл, күлгін болады. Киімге арнайы ою-өрнектер тігіледі. Сондай-ақ, той киіміне неше түрлі жібек баулар тағылады. Бұл жас жұбайлардың ғұмыры сәтті әрі берекелі болсын деген мағынаны береді. Корейлердің дәстүрі бойынша келін түскеннен кейінгі үшінші күнінен бастап  үй шаруасымен айналысады. Тойдан кейінгі салт «сямири» деп аталады. Жас жұбайлар мен күйеу жігіттің ата-анасы келіннің ата-анасының үйіне қонаққа барады.
Кәріс халқы үшін екінші ма­ңызды мереке әулеттің тағы бір мүшемен толығуы. Ең алғаш олар «Пэк иль» мерекесін тойлайды. Бұл мереке баланың дүниеге келгеніне 100 күн толғанда атап өтіледі. Яғни, баланың осы уақыт ішінде шетінеп кетпегеніне шү­кір­шілік білдіріп, 100 күн кіші­гірім дастархан басына жиналып туыс-жолдастардың арасында той­­ланады. Кәрістерде ерте кезде ер баланың бірнеше есімі болған. Егер бала ауқатты отбасынан шыққан болса жақсы аттар, ал, шаруа адамының баласы бол­са мағынасы ыңғайсыз аттар қой­ылған. Себебі, баланың есімі не­ғұрлым тұрпайы болса, соғұр­лым оның өмірі жеңіл болады деп ойлаған. Бұл баланы көз тиюден сақтайды деп білген. Дәстүр бой­ынша немерелердің есі­мін ата тегіне қарай оның атасы қояды. Осылайша ататекке байланысты аттар онша көп болмай корей халқында Цой, Пак, Ким, Ли деген аттар бүкіл ру, тай­палардың балаларына ортақ ат болып тараған.
Корей халқы үшін «толь» ме­рекесінің маңызы зор. «Толь» – ба­ланың бір жасқа толған кезі, яғни алғашқы туған күні. Мерекенің басты ерекшелігі баланың бола­шағын болжау рәсімі. Яғни, бұл сәтте кішкентай баланың алдына бірнеше заттары бар шағын үстел қойылады. Әдетте, арқан жіп, кітап, қалам, ақша, күріш, кеспе, т.б. дүниелер, сондай-ақ қыздар үшін қайшы, ұлдарға арнап қан­жар немесе садақ қойылады. Ба­ла үстелге жақындап, қалаған дү­ниесін алуы керек. Егер де ол арқан жіп не кеспе алса, оның ғұмыры ұзақ болады. Кітап я қалам таңдаса, болашақта заңғар жазушы, күріш не ақша алған балақай келешекте байлыққа кенеледі деп болжанған.
Сонымен қатар, корей хал­қында алпыс жасқа толған азамат­тың мүшел тойы салтанатпен атап өтіледі. Тойға ағайын-туыстар көп қаржы жинап беретін болған. Бұл қаржымен қарттықты жақсы өткіз деген ырым. Бұл мерейтой егер отбасындағы балалардың барлығы ер жетіп, отбасын құрып, олардың тойлары жасалып, отбасында еш­қандай қайғылы жағдай болмаса ғана тойланады. Егер ондай болса, мерейтой кейінге қалдырылып 2, 4, 6 жылдан кейін тойланып отырады.
Корей халқында кейбір мей­рам­дарды жыл мезгіліне, ша­руашылыққа байланысты өткіз­ген. Соның ішінде жаңа жыл сал­танатын өткізуге ерекше көңіл бөлген. Олар жаңа жылды қалай көңілді өткізсең, жаңа егіннің өнімі де мол болады деп есептеген. Сондай-ақ, көктемнің басы мен егін салу кезі де бұл халықтарда үлкен мәнге ие.
Осындай өздеріне тән дәстүрі мен салты, рухани-мәдени құнды­лықтары бар кәріс халқы бүгінде әдет-ғұрыптарын ерекше сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу арқылы өздерінің бекем әрі өміршең ха­лық екендіктерін дәлелдеуде.
  
М.ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.