» » » Қарқаралы – Сарыарқаның сәукелесі

Қарқаралы – Сарыарқаның сәукелесі

Айдар: Жеріңнің аты – еліңнің хаты / Сонғы жаңалықтар

 

Қарқаралы – Сарыарқаның сәукелесі

 

Жер тарихы аңызға, ел шежіресі ерлікке толы. Ал Қарқаралы тарихы – тереңнен тамыр тартқан таусылмас жыр, сар­қылмас сыр. Қарқаралы шежіресі мәңгілік мөлдір махаббат жәдігері «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында, белгілі «Сұлушаш» дастанында жарқын жырланып, ұрпақтан ұрпаққа ұлағат үлгісін дарытып келеді.
Жоғарыдағы ғашықтық баянның Жанақ ақын жырлаған нұсқасында:
– Қыз берген қарқарасы түсіп қалып,
Тау атын Қарқаралы қоя сапты, – деп келетін еді ғой... Міне, сол жер жаннаты, пейіштей әсем өлкеге қызығушылар әу бастан көп болған. Қарқаралының та­мылжыған тамаша табиғатын таңбалаған сыр­лы суреттер сонау Монреальдағы ха­лық­аралық көрменің қақ төрінен орын алғаны баршамызға белгілі. Піл сауырындай өркештеніп, айбыны асып, абыройы тасып тұрған Қарқаралы тауларының шынарлы шың-құздары тарлан тарихтың көзіндей, асыл бабалардың өзіндей болып көрінеді. Арқалы ақындарымыз шалқар шабытпен жырлаған Шайтан көлі мен Үлкен көлі, Бұғылысы мен Шаңкөзі тамсана айтар талай аңыз- әңгімелердің арқауына айналды.
Ұлылардың ұясы, қырандардың қиясы Қарқаралыны Алаштың абыз ақылманы Ахмет Байтұрсынұлы бастап, Арқаның Алла алқалаған айбынды ақыны Ақсұңқардың Серігіне дейін жырға қосып, әнге бөледі. «Өртке тиген дауылдай өлеңнің» өрен жүйрігі, «ақындардың әммесінен десі басым» атақты Қасым:
Уа, дариға, алтын бесік – туған жер,
Қадіріңді келсем білмей кеше гөр.
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер.
Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің,
Нендей күйге жүрегімді бөледің?
Сенде тудым, сенде өстім, сенде өлсем,
Арманым жоқ бұ дүниеде дер едім, –деп туған жерінің мерейін өсіріп, мәрте­бесін асқақтатты.
«Әркімге туған жері – Мысыр шаһары» - дейді дана халқымыз. Қарқаралы - біздің адал­бақан діңгегіміз, ақ босағамыз. Күллі қазақ баласының қазыналы қара шаңырағы – Қарқаралының іргетасы 1824 жылы қаланған еді. Содан бері екі ғасырдай уақыт өтті. Осы мерзімде көптеген ұрпақ алмасты, ата жолы баламенен жалғасты. Бұған көне тарих куә. Өткен жолымызды, жеткен жерімізді сана сүзгісінен өткізіп, бұрынғыға барлау жасау барымызды бағалауға, жоғымызды саралауға мүмкіндік береді. Ендеше, ел шежіресіне қысқаша шолу жасап көрелік.
Баршамызға белгілі, Қазақстанның Ресей бодандығына мойынсұнуы едәуір уақытқа созылды. Әуелі оның қол астына Кіші жүз кірді. Бұған қарсылық ретінде Сырым Датұлы бастаған ұлт ұландарының көтерілісі сәтсіз аяқталған еді. Сол тұста Дала өлкесін билеп тұрған Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Михаил Сперанский 1822 жылы сахараны басқару ісін империялық жүйеге көшіруді мықтап қолға алды. Ол қазақ даласын отарлауды күшейту мақсатында «Сібір қырғыздары (қазақтары) туралы» жарлық жариялады. Бұл заңды жергілікті халық «Жаңа мизам» деп атады. Ол бойынша Орта жүзде хандық билік жойылып, оның орнына сегіз сыртқы округ (дуан) құрылуы тиіс болды.
Патша үкіметі бұл іске алдын ала, мұқият әзірлік жасаған еді. Ел басқаруда өздеріне әбден берілген, әрі халыққа ықпалды ақ­сүйектерді тарту мақсатымен Омбыда «Азия мектебін» ашты. Онда жуан аталардың ба­лалары оқыды. Солардың санатында Аман­қарағайдың аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин, Қарқаралының аға сұлтаны Тұрсын Шыңғысов бар еді. Аталмыш оқу орнында білім алған осы атқамінерлер бірнеше тілді меңгерген, әскери жоғары шенді, ойға жүйрік, ақылға алғыр адамдар болатын.
1824 жылдың бас кезінде алғашқы дуандарды құру үшін Омбыда екі экспедиция жа­сақталып, жедел жолға шықты. Омбы об­лысының бастығы, полковник Григорьевс­кий бастаған топ Көкшетауға, полковник Семен Броневский басқарған топ Қарқаралыға аттанды. Көкшетауда дуан құру оңайға соқ­қан жоқ. Атақты Кенесарының ағасы Сар­жан Қасымов бұл іске бірден атойлап қарсы шықты. Ол қазақ даласынан әс­керлерді әкетуді, көшпенділердің бұрынғы бостандығын қайтаруды талап етіп көтеріліс ұйымдастырды.
Қарқаралы жаққа Броневскийдің келуі де бұқараның толқуын туғызды. Елді тыныштандыру үшін билік басындағылар Жарлы өзенінің жанындағы Түнқатар тауының қойнауында кеңес құрды. Сұлтандар мен старшындар жаңа құрылысты жақтап, жаппай бас шұлғысты. Аға сұлтандыққа Орта жүздің соңғы ханы Бөкейдің немересі Тұрсын Шыңғысұлын сайлауға бекем бәтуаласты. Сол жиын өткен жер кейін «Кеңестас» атанып кетті. Сөйтіп, 1824 жылдың 8 сәуірінде жоғарыдағы сегіз сыртқы округтің алғашқысы болып Қарқаралы дуаны құрылды. Ол Қазан төңкерісінен кейін де біраз уақыт уезд орталығы, отызыншы жылдары округ орталығы, алпысыншы жылдары аумақтық-өндірістік басқарма орталығы, ақырында аудан орталығы болып қалыптасты. Қар­қаралыдан қазіргі Қарағанды облысының Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау және бұрынғы Қазыбек би, Ағадыр аудандары, ежелгі Семей облысының Абай, Абыралы және Шұбартау аудандары бөлініп шықты.
ХІХ ғасырдың басында сонау Сыр бойында туып, Қарқаралы топырағында дүниеден озған айтулы айтыскер, ақберен ақын Күдеріқожа Көшекұлы «Қарқаралы, қазылық» атты толғауында осы өңір заманында ырыс пен ынтымақтың, байлық пен бақыттың, береке мен бірліктің құтты мекені болғанын тілге тиек етеді.
Қарқаралы, қайран тау,
Тиюші еді пайдаң тау, – деп тебірене термелеген текті шайыр Қарқаралыға қайран қалып, таңдай қағады. Иә, ақыннан асырып айту қиын. Қарқаралы – ұлтымыздың жақсылары мен жайсаңдарын, марғасқалары мен майталмандарын тәрбиелеген алтын құндақ. Қазақтың тұңғыш ғалымы, ғұлама Шоқан Уәлиханов Қарқаралы атырабында екі рет – 1855 және 1863 жылдары болды. Ол қызмет бабындағы бұл сапарын халық ауыз әдебиетінің інжу-маржандарымен, ән-жырларымен танысуға арнады. Шоқан мал шаруашылығы жөнінде көптеген қызықты материалдар жинады. «Қарқаралының сыртқы округтері болыстарының қысқы көші-қоны» деген белгілі еңбегі осы тақырыпқа арналған.

Қарқаралы – Сарыарқаның сәукелесі

 

1909 жылы орыстың танымал жазушысы Михаил Пришвин осы өлкеге келіп, ат басын тіреді. Жақұттай жайнаған жасыл алқапқа жақындаған сәтін ол терең тебіреніспен былайша толғана бейнелейді: «Дала майда толқынды теңізге ұқсап, жүрісіміз сәл кідіріс таба бастады. Біз жоғары өрлеген сайын әр шоқы жаңаша әсер етті. Ақыры тасқа айналып, қатып қалған толқындардай нағыз дала таулары көзге түсті. Жол табаны әлі де қардай аппақ сор болғанымен, таудан тұщы жылғалар ағып, әдемі ағаштардың қылқаны көріне бастады. Жоғарыда – жылтыр тастарға қадалған көп сүңгірдей қарағайлар. Одан биіктегі жартастар ну орманды екен, тау көлі күн көзімен шағылысады. Бұл тастан айналадағы шалқар теңіздей сары дала, оның төсіне тігілген көгілдір шатыр тәрізді сүмбідей сұлу таулар айқын көрініп тұр». Қарымды қаламгердің тұмса табиғаттың көрікті келбетін татаусыз тілмен төгілдіре сипаттауы жаныңызға жылылық шуағын ұялатады.

Кемеңгер Шоқанның сүйікті досы, белгілі саяхатшы-этнограф Григорий Потанин осы өңірде болып, одан алған әсері туралы орыстың Императорлық-географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімшесінде арнайы баяндама жасады. Потанин Қарқаралы уезінің байырғы халқының білімге, орыс өнеріне деген ерекше ынта-ықыласын сүйсіне мәлімдеді. «Қазақ арасында ақындық өнер керемет жақсы дамыған, дала ақындар мен жыршыларға бай», деп зор сүйіспеншілікпен жазды.
Қазақтың мың әнін жинаумен тарихта өшпес із қалдырған атақты музыка зерттеушісі Александр Затаевич Қарқаралы өңіріндегі құйма құлақ, көкірегі қазына зерделі жыраулардың аузынан жүз елу төрт ән жазып алған. Ол даңқты француз жазушысы Ромен Ролланға жолдаған хатында Қарқаралы табиғатының әсем бейнесін әсерлі суреттеп, осы аймақтың әншілерін әлемдік деңгейдегі өнер жұлдыздарымен қатар қояды.
ХХ ғасырдың бастапқы тұсында қоғам өмірінде елеулі серпілістер мен сілкіністер болды. Бұл айтулы оқиғалар Қарқаралы атырабына да қатты әсер етті. Әсіресе, Қазан төңкерісінің қуатты сарындары мен алаулаған жалындары осы аймаққа да еркін жетті. 1905 жылдың он бесінші қарашасында Қарқаралы қаласында әйгілі шеру өткені әмбеге аян. Бұл дүрбелеңнен кейін, екі күн өткен соң Қарқаралы уезінің бастығы, штабс-капитан Оссевский, князь Владимир шіркеуінің дьяконы Рождественский, кө­пестер Петр мен Василий Рязанцевтер арнайы хаттама жасаған еді. Онда былай делінген: «1905 жылы он бесінші қараша күні Қарқаралы қаласының орыс және қырғыз (қазақ) тұрғындарына жоғары мәртебелі билеуші жарлық жариялаған болатын. Бұған халық қарсы шықты. Ызаға булыққан адамдар өкіметті қаралап, ауыр-ауыр сөздер айтты. Қала көшелері адамдар легіне толып кетті. Олар қолдарына қызыл жалаулар ұстап «Полиция жойылсын» деген ұрандар тастады».

Қарқаралы – Сарыарқаның сәукелесі

 

Қарқаралы – Сарыарқаның сәукелесі

 

Әрине, ашу кернеп, шамырқанған күрес мұнымен толас таппады. Патшаның 1916 жыл­ғы маусым жарлығы да Қарқаралы халқының қатты қарсылығына ұшырады. Сол жылы майданға, қара жұмысқа шақырылған жиырма сегіз мың жас жігіт патша жарлығын аяққа басып, ереуілдеп атқа қонды. Иә, қайырымсыз орыс отаршылдығы заманында орман өзегін – өрт, халық кеудесін – дерт жайлады. Ел еңсесін, тау шоқтығын көтере алмай көп қиналды. Мұрағат деректерінің сипаттауынша, 1877 жылдың жетінші мамыр күнгі патша жарлығымен ұлан-байтақ Қар­қаралының ну орман-тоғайлары, ас­қар белдері, шалқар көлдері, есауыл А.Г.Пушкарев, подъесауыл Г.А.Рязанцев, коллеж тіркеушісі Н.Булычев деген келімсектерге сыйға тартыла салды. Сөйтіп, ықылым заманнан халық кәдесіне жараған қасиетті жер оп-оңай обыр билеушілердің еншісіне бұйырып, солардың илеуі мен билеуіне біржола көшті. Бұл әлеуметтік әділетсіздіктен қазақ халқы қатты жапа шегіп, көп қысастық көрді. Алайда, кәтепті нардай қайсар халықтың тау бұлағындай бұла күштері бұлқына бой көтерді. Елдің ерен ерлігі мен жанкешті жігерінің арқасында көрінеу қиянат пен тоңмойын тұрпайылықтың тамырына балта шабылды. Төңкеріс жылдары «Советская Сибирь» газеті: «Қарқаралы елдің алыс түкпірінде жатса да, бұл қалада жаңа өмір қайнап жатыр» деп құлшына жазған болатын.
Заманның дүлей дауылдары мен жауындарынан ықпаған, ел намысын, жер намысын жықпаған мәрт мінезді Қарқаралы халқының шежіресі ғасырлар тақтасына алтын әріптермен жазылып қалары анық. Дәуір алмасып, уақыт озған сайын Қарқаралы тарихының жаңа беттері жазылып, жарқын тараулары жарық көрді. «Қарқаралы ауданы елімізге Кеңестер Одағының үш Батырын, отыз алты Социалистік Еңбек Ерін, жүз­ден астам ақындары мен әртістерді, оқы­мыстыларды берді... Айтса айтқандай, батыр, талантты халық алтын аймақты мекендейді» деп жазған еді кезінде «Правда» газеті 1975 жылғы он жетінші қараша күнгі санын­да. «Правда» газетінің бұл жылы лебізі жер­лестеріміздің ерлік еңбегіне берілген әділ ба­ға, түйінді тұжырым еді. Саф алтындай таза шындыққа суарылған жүрекжарды, жан жадыратар осы мадақ сөздер қай-қайсымызды болсын мақтаныш сезіміне бөлейтіні хақ.
Адал еңбек адамды ер атандырады, бақыт сыйлайды. Еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген аға буын өкілдерінің жасампаздық істері жастарымызға өміршең өнеге. Кезінде ауыл шаруашылығын өркендетуде өрнекті із қалдырған, білгір маман, білікті басшы болған ардақты атамыз Шәкәрім Қалиев, туған аулының алқабын ақтылы қойға толтырған абзал ағамыз Сайлау Біләлов, қазақ қыздарының арасынан қызғалдақтай құлпырып шығып, темір тұлпарды тізгіндеген аяулы апамыз Нұрбақыт Қабдыкәрімова нағыз майталман Еңбек Ерлері.
Киелі Қарқаралы топырағы – ежелден-ақ алыптардың алтын бесігі, аймаңдай асылдарымыздың құтты қонысы. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары осы өлкеде өздерінің жарқын күндерін, жұлдызды сәттерін өткізді.
Солардың бірі – халықтың бабасына, халықтың данасына айналған періште пейіл пірәдар, парасат иесі Құнанбай қажы Өскенбайұлы.
Құнанбай Орта жүздің тұзы емес пе?
Жақсының артта қалған ізі емес пе? – деп замандастары айтқандай, дегдар бабамыз даналықтың дарабозы еді. Сөйлесе – сөздің шешені, бастаса – елдің көсемі тақуа бабамыз таза ғұмыр кешіп, елге имандылық нұрын шашты. Қажы атамыздың тікелей басқаруымен Қарқаралының қақ ортасында ғибадат мекені – мешіт тұрғызылды. Сол ғазиз бабамыз салдырған құлшылық үйі бүгін де имандылық ұясы болып тұр.
Қазақтың ақыл-ойының алыбы, данышпан Абай Құнанбайұлы Қарқаралыны жанындай жақсы көрді. Әкесі Құнанбаймен осы шаһарға сан мәрте келіп, от ауыз, орақ тілді Балта мен Шөже сынды шайырлардың шырын сөздерін, тамаша тәмсілдерін тамсана тыңдады. Абайдың азаматтық болмысын, адамгершілік келбетін кестелі тілмен керемет келістіріп сипаттаған кемеңгер сөз зергері Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» дәуірнамасында: «Абай әкесімен бірге Қарқаралыда тұрғалы көп күндер болды. Қазірде қыс әбден түсіп, қар бекіп алған-ды. Құнанбай кішкене қаланың тап ортасындағы көк шатырлы, үлкен ағаш үйді жатақ еткен. Қазағуар, қонақшыл татар саудагерінің үйі» деп ерекше ықыласпен сүйсіне суреттейді. Даңқты жазушының әспеттеп айтқан көркем ғимаратының сыртында бүгінде: «Бұл үйде 1850 жылдары Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы болған» деген ескерткіш тақта тұр. Атақты ақын Қарқаралыға жиі келген, сол кездерде қаланың белгілі саудагері Қалиолла Бекметовтың үйіне ат басын тіреген.
«Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен», «мыңмен жалғыз алысқан», «жүрегі қырық жамау» жұмбақ жан, хәкім Абай – қазақ руханият әлемінің теңдессіз, қайталанбас ұлы тұлғасы. «Абай сөздерінің бұл дүниеде қалғаны қазақ үшін зор бақыт» деп Ахмет Байтұрсынұлы әділ атап көрсеткендей, Абай адамзат ақыл-ойының Хантәңірісі, мәңгілік Академиясы. Демек, Абайдан үйрену, Абайға жүгіну, Абайдан дәріс алу – әрбір есті қазақ баласының өмірлік мұраты, айнымас мақсаты.
«Атыңнан айналайын, Қарқаралы» деп әуелетіп әнге, шалқытып жырға қосқан қайран Мәди Бәпиұлы елі мен жерін жан-тәнімен құлай сүйді. Мәди мәпелеп, Мәди ардақтаған қазіргі қазыналы Қарқаралының даңқы дүйім дүниеге жайылды. Ғасырлар шеруінде көнекөз Қарқаралының өмірінде талай іргелі оқиғалар болды. Солардың бірі – қазақ халқының жұлдызын жарқыратып, мейманасын асырған атақты Қоянды жәрмеңкесі. Жыл сайын дүбірлеп өтетін осы ұлы думан ұлттық өнеріміздің өркендеуіне даңғыл жол ашты. Жер шоқтығы кербез Көкшеден әдейі ат терлетіп келген ел еркесі, ән серкесі Біржан сал үкілі домбырасын бебеулетіп:
– «Базарың құтты болсын, ардақты елім,
Қоянды – ту көтерген думан жерім
Қарқаралы, сұлу Көкше жер шоқтығы,
Сарыарқа – алтын асу, асқар белім, – деп жәрмеңке базарының шымылдығын ашқан.
Бір шеті сонау қиыр Қытай мен шалғай Үндістаннан, Иран мен Түркиядан ағылған сауда керуені жыл сайын Арқа төсін ай бойы қызық-думанға батырды. Шалқыған ән, күмбірлеген күй, мың бұралған би халықтың көңілін асқақтатып, шексіз шаттыққа бөледі. Ұлттық өнеріміздің сайыпқыран саңлақтары Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Ғаббас Айтбаев, Майра Уәлиқызы, Қалибек Қуаныш­баевтардың талантына жиылған жұрт тәнті болды. Табан астында тіліп айтатын, әрі біліп айтатын арқалы ақын Иса Байзақов жыр нөсерін төпелеп, сиқырлы сөздердің мәйегін төкті. Алып күштің атасы – Қажымұқанның сом темірді қамырша илеген ғаламат қажыр-қай­ратына көпшілік қайран қалып, таңдай қақты.
Иә, 82 жыл ғұмыр кешкен Қоянды жәр­меңкесі нағыз ән базарына, ғажайып өнер додасына айналды. Қазақтың рухын, қазақтың намысын зәу биікке көтерген жәрмеңке – ел тарихының есте қалар ерекше белестерінің бірі.
Жалпы Қарқаралының қасиетті топырағы талай тарланбоздарды тәрбиелеп, үлкен өмір айдынына қанат қақтырды. Сөз жоқ, даналық аспаннан ақ шұға болып жаумайды. Даналар ғасырларда бір келеді, олар замана деген анадан өнеді. Демек, дана – халықтың баласы, ұлттың перзенті. Ол туған еліне қылаусыз қызмет етеді. Ұлты үшін барын салып, жанын жалдап, жарғақ құлағы жастыққа тимеген ұландар мен оғландар Қарқаралыда да көптеп саналады. Туған халқының қаһармандығы мен қайсарлығы, шешендігі мен көсемдігі, даналығы мен дарабоздығы тұла бойына туа дарыған данышпан бабамыз Қаздауысты Қазыбек: «Елден құт-береке қашпасын деп, жердің шетін жау баспасын» деп сүйікті Отанын көк найзаның ұшымен де, қызыл тілдің күшімен де қызғыштай қорғады. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен, көкірегінде көріпкелі бар кемеңгер биліктің биік тұғырында тұрып адалдық жолынан айнымайды. Осы кісілік кішіпейіл қасиетімен халқының мәңгілік махаббатына бөленді. Өкпесін сыз, табанын мұз тістеген алмағайып ауыр замандарда халқының басы аман, бауыры бүтін болуына бүкіл саналы ғұмырын арнаған, он жеті жасында жасындай жарқылдап, жоңғарларға жойқын шабуыл жасаған, он тоғызында мыңбасы атанып, орда бұзған баһадүр Шор ұрпағы Матақ батыр, қас жауына қара бұлттай түйілген, мұзбалақтай шүйілген, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, сұсы суық Сеңкібай батыр, бал бармағынан қырық түрлі күй төгілген дәулескер домбырашы, шертпе күйдің шебері Тәттімбет Қазанғапұлы, сөйлесе тереңнен суырып, таңдайды қуырып айтатын, «сайынан сайғақ құрлы сая таппаған», бай-манаптарға жақпаған ақиық ақын, әсем әнші, батыр, сері Мәди Бәпиұлы, Алаш партиясының кемеңгер көсемі, ақындар абызы Абай туралы бірінші болып ғылыми-танымдық мақала жазған, ірі оқымысты Әлихан Бөкейхан, Алаштың ардақтысы, қазақтың тұңғыш бесаспап заңгері Жақып Ақбайұлы, елі үшін ет жүрегі езіліп, ұлты үшін ұлтан болған кемел қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақұлы, математика ғылымдарының тұң­ғыш профессоры Әлімхан Ермеков, жұр­тының жадында жасампаздығымен жарқыраған жампоздар Угар Жәнібеков пен Мұхаметқали Тәтімов,қандыбалақ қаскөй жауды қыршынынан шәйіт болған қиып, қыран Нұркен Әбдіров, от пен оққа оранған Ұлы Отан соғысының сұрапыл майданында жау шебін талқандаған тарлан Мартбек Мамыраев, әуезді әннің әйдігі, әйгілі Әміре Қашаубаев, «тас бұлақтың суындай» тасқындаған, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Жаппар Өмірбеков пен Қапан Сатыбалдин, Әлжаппар Әбішев халық жазушысы қарымды қаламгер Әмен Әзиев, бір өзі тұтас театр атанған, дария дарын, туған халқы «Қаллеки» деп қастерлеген Қалибек Қуанышбаев, ұлы Мұқаң (Мұхтар Әуезов) «әншіліктің, адамшылықтың ака­демигі» деп бағалаған, қазақтың ән өнерінің аспанында аққу үні қалықтаған Жүсіпбек Елебеков, ғұлама данамыз, әз бабамыз әл-Фараби мұраларын зерделеп зерттеп, ұрпағымен тұңғыш табыстырған, жазушы-ұстаз, профессор, ғұмырында қолынан Құраны, аузынан Алласы түспеген тақуа Ақыжан Әл-машани, сұңқардайын сыланып, тотыдайын түрленген, сахнаға сән берген Шолпан Жандарбекова, мен әнші Зейнеп Қойшыбаева, тасқынды жырдың телегей теңізі, халық ақыны Ғабидиман Игенсартов, сатираның сарбазы, уытты тілдің ұстасы Әбжан Омарбаев, көкірегі даңғыл жалынды журналист Шаймаран Мезгілбаев, танымдық, тағылымдық маңызы мол «Қарқаралы» жур­налын ұйымдастырушы, әрі бірінші ре­дакторы, ғалым, аудармашы-ұстаз-жур­налист, облыстық «Орталық Қазақстан» га­зе­тін біраз жылдар басқарған Рамазан Са­ғымбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Атығай Шанин сынды саңлақтарымыз осы өлкенің дара, дана тумалары.
Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, дү­ниежүзіндегі санаулы, таңдаулы бірегей ұш­қыш-сынақшы, техника ғылымдарының док­торы, профессор, ХХ ғасыр адамы, КСРО батыры, Қазақстанның Халық Қа­һарманы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров – ұлтымыздың үкілеп ұстар үлкен мақтанышы. Тоқтар Оңғарбайұлының түр-тұлғасына қатты сүйсінген қазақ әдебиетінің классигі, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхтар Мағауин өзінің «Батырлар әулеті» дейтін мақаласында: «Тоқтар денесі өте зор, еңсегей, оның тым үлкен болып көрінбейтіні – түр-тұлғасы келісті, бойы сыптай, құйған құ­рыш, шыныққан нағыз әскери адам. Аман­дасқанда менің алақаным Тоқтардың алақанында сондай кішкентай болып қалды. Міне, қазақтың қолы!» - деп, батыр інісінің тау тұлғасына аса қатты сүйсінген еді. Шын мәнінде Тоқтар ағамыз – Қазақ осы деп көрсететін, алақанға салып аялар аптал азаматымыз.
Тұтас буынның төлбасы, кешегі Шоқан, Абай, Ыбырай салған ағартушылық ба­ғытты ілгері жалғастырушы ірі ғұлама, бесаспап ғалым Ахмет Байтұрсынұлы осы Қарқаралыда жас жайнақтарға білім шуағын шашып, халқын азаттыққа, тәуелсіздікке үндеді. Көркем көсемсөз зергері, ұлтымыздың рухани көшбасшысының бірі Жүсіпбек Аймауытов та дәл осы жерде балауса балғындарға дәріс оқып, көкірек көзін ашты. Күллі қазақ милләтінің озбыр отаршылдық саясатқа қарсы ең алғашқы бас көтеруі – он төрт мың адам қол қойған тарихи «Қарқаралы петициясы» десек, мұның ұйтқысы, ұйымдастырушысы Әлекең және Ахаңдар мен Жақандар болды.

Елдің ырысын жері, мерейін ері үс­тейтіні әлімсақтан белгілі. Жақсылар мен жайсаңдардың табанының ізі, қолының ыстық табы қалған қастерлі Қарқаралының ерлік пен елдік тарихы да түгесілмес түпсіз теңіздей. Әлбетте ұлылардың үлгісі, ғұламалардың ғиб­раты жас ұрпақты ел мен жердің қадір-қасиетін бағалауға, туған Отанын шексіз сүюге баулиды. Уақыт озған сайын жақсылардың шарапатын, олардың ардақты есімдерін елі ерекше ілтипатпен атайды. Сол жақсыларымызды айрықша құрметпен атау қандай ғанибет! Қарымды қаламгер, белгілі көсемсөз шебері Сапарғали Ләмбеков, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, танымал журналист Мақсым Омарбеков, тау селіндей толассыз тасқындаған аса талантты ақын Серік Ақсұңқарұлы әрдайым әспеттеп айтар ардақтыларымыз. Сапарғали ағамыздың күй күмбезі Тәттімбет, қоғам қайраткері Нығымет Нұрмақов туралы толғамды туындыларын осы өңірдің тұтас дәуірнамасы деп бағалау орынды болмақ. Ал Серік Ақсұңқарұлының жауһар жырлары – өршіл рухқа толы, «іші – алтын, сырты – күміс сөз жақсысы». Қазіргі таңда жас қазақ зиялыларының үркердей шоғырында келешегінен үлкен үміт күттіретін, орыс, ағылшын, словак тілдерін еркін меңгерген білімдар жазушы, білікті пәлсапашы Дидар Амантай осы өңірдің өресі биік, танымы жоғары тамаша таланттарының бірі. Спорт саңлақтарының санатында қазақ жастары арасында бокстан бірінші болып әлем чемпионының алтын тәжін алған Серік Елеуов – еліміз бен жеріміздің даңқын асырған аяулы азаматымыз. Егіздің сыңары Берік Елеуов – Қазақстанның былғары қолғап шеберлерінің арасынан шыққан, шашасына шаң жұқпас шын жүйрік.
Қасиетті Қарқаралы – кезінде білімнің кәу­сар бұлағы, имандылықтың бал шырын ұясы бол­ған. Шежіреге ден қойсақ, Қазан төңкерісі тұсында Қарқаралыда күллі мұсылман қауымының Бас кітабы киелі Құран-Кәрімді жатқа айтатын 11 мәзін (қари) болған екен. Тегінде ел тарихын таратып түптеп айтсақ, көптеген дерек келтіруге болады. Ғажайып өлкеміз тарихи және мәдени ескерткіштерге бай. Қаламызда Абдолла Асылбеков, Угар Жәнібеков, Қалибек Қуанышбаев, Григорий Потанин тұрған және қызмет атқарған ғимараттарға ескерткіш тақталар қойылған. Қала шежіресінде «Ақ үй» атанған бұрынғы уезд әкімшілігінің ғимаратында қазір та­рихи-өлкетану мұражайы орналасқан. Қар­қаралы тарихына байланысты барлық мағ­лұматтарды осы мұражайдан табуға болады. Түйіндеп айтқанда, дәулетіне сәулеті сай, жері қисапсыз қазынаға бай, қабырғалы ел, қасиетті Қарқаралы Сарыарқаның сәу­келесі, алып бәйтерегі. Абыройы Алатаудай асқақтаған аймағымызға алты Алаш сүйсініп, ағаш уықты, киіз туырлықты күллі қазақ баласы мейіріммен қарайды. Өйткені, Қарқаралы – Қазақтың мақтанышы, Қарқаралы – ел­дің атағын аспандатқан, алдаспандай жарқы­раған жауһарымыз.
Баланбайтын ешбір асыл, алтынға,
Ұлы күш бар қасиетті халқымда
Қанша уақыт өтсе-дағы бүгінде,
Қарқаралы сол баяғы қалпында, – деген жыр жолдарында айдай ақиқат бар.
Әлкей Марғұлан атындағы республикалық тарих және археология институты ғалым­дарының пайымдауынша осыдан 3200 жыл немесе 32 ғасыр бұрын Қарқаралының тек­ті топырағына адам баласының табаны ал­ғаш рет тиген. Содан бері қаншама заман өт­ті, қаншама ұрпақ алмасты. Қарқаралы тағ­дырдың талай сұрапыл сүргіндерін, сұрқай кезеңдерін бастан кешірді. Қарқаралы тауларын бұлт торлаған, аймаңдай азаматтарын сұрқия саясат қорлаған қиямет қиындықтар да болды. Бірақ, қажырлы ел соның бірде-біріне мойынсұнып, сабырын сарқып, төзімін тауысып көрген жоқ. Қайта қайыспас қайсарлығының арқасында айбыны асып, абыройы тасып, мызғымас Мұзтаудай мәрттік мінез көрсетті. Сөйтіп, еліне береке, жеріне ырыс ұялады. Қазіргі таңда тәуелсіздіктің шуақты шапағатымен шырайланған кербез, керімсал Қарқаралы салқар Сарыарқаның рухани шамшырағына айналды.
Бүгінгі Қарқаралы – үш жарым миллионнан астам гектар жерді алып жатқан іргелі ел. Салыстырмалы түрде айтсақ, осыншама аумаққа Бельгия немесе Нидерланды мем­лекеттері тұтасымен сыйып кетеді екен. Ал Израиль мемлекетінен үш жарым есе үл­кен. Осындай аймаққа Қарқаралы қаласы, Қарағайлы кенті және 23 ауылдық округ орналасқан. Оларда қырық мыңнан астам адам мекендейді. Екі ғасырға жуық терең тарихы, бай шежіресі бар Қарқаралының іргетасы қаланғаннан бері көптеген ұрпақтар алмасты. Солардың барлығы да ел жадында өзіндік қолтаңба қалдырды. Ұрпағы үшін үлкен істер атқарып, бүгінде шау тартып, самайын ақ қырау шалған ардақты әкелеріміз бен асыл ағаларымызды біз бағыт берер данамыз, тілеуқор панамыз деп есептейміз. Сондықтан қадірменді қарияларымызға ақын Сағи Жиенбаев сөзімен, «Даламның исі бұрқырап, қарттарым аман-сау жүрші»- деп, ізгі тілек айтамыз.
Тәуелсіздік – халқымыздың бойтұмары, киелісі, қасиеттісі. Ғасырлар бойы бекзада ба­баларымыз асыға аңсаған азаттықтың алтын құсы қолымызға қонғанына жиырма жылдан асты. Осы уақыт ішінде сүйікті Ота­нымыз – Қазақстан жер жаһандағы өрке­ниетті елдермен иық тіресіп, терезесі тең, керегесі кең, іргелі мемлекетке айналды. Жа­зира жері бақ-дәулеттің тірегі, батыл да батыр ұл-қыздары халқының жүрегі болған тәуелсіз мемлекетімізге адал қызмет ету – баршамыздың бақытымыз, ұлы мұратымыз. «Атқарылған іс аз емес, бірге жалғастырайық», – деп Елбасымыз әдемі әспеттеп, айшықтап айтқанындай, жұмылып жұмыс атқарсақ қана мерейіміз өсіп, мәртебеміз биіктейді.
Еңбек – елді көркейтеді, Алаш туын ас­панға көтереді. Ендеше:
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің Алашты,
Қорлығына бермейміз.
Бастаған ерлер соңында,
Басқаға көңіл бөлмейміз.
Қандай шайтан келсе де,
Алдауына көнбейміз.
Жасайды Алаш, өлмейміз!
Жасасын Алаш, жасасын! – деп ақ­таңгер ақын Сұлтанмахмұт То­райғыров жыр­лағандай, дәулетті де сәулетті Қазақстанның кемел келешекке нық қадам басып, өркениет биігіне шығуына шын көңілмен пейілді болайық.

Мұхит Адамов,
Егіндібұлақ аулындағы
№ 43 орта мектеп директоры

Қарқаралы ауданы,
Қарағанды облысы.