Facebook WhatsApp Instagram

Денсаулық

0

ЕЛІМІЗГЕ БЕЛГІЛІ ДӘРІГЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

ЕЛІМІЗГЕ БЕЛГІЛІ ДӘРІГЕРМЕН КЕЗДЕСТІШілде айының 26 жұлдызында Арал аудандық орталық ауруханасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің еңбек сіңірген қызметкері академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор Дербісәлі Сексенбайұлы Сексенбаевпен кездесу болып өтті. 
Дербісәлі Сексенбайұлы 54 жыл бойы туған жерінен жырақта жүрсе де жерлестерінің денсаулығын қорғап, емдеп сауықтыруды әсте естен шығармаған жан.
Жалпы аудан дәрігерлері мен медбикелері қатысқан жиынды бас дәрігердің міндетін атқарушы А.Кірбасов ашып: 
- Арал теңізі ортасындағы Ұялы елді мекенінде дүниеге келген ҚР Денсаулық сақтау ісінің еңбек сіңірген қызметкері, академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор 78 жасқа аяқ басқан қадірлі ағамыз Сексенбаев Дербісәлі Сексенбайұлы халық денсаулығын сақтауда орасан зор еңбек етіп, мемлекет тарапынан әлденеше рет марапатталды. Ағамыздың медицина саласындағы еңбегі ұшаң-теңіз. Ғылым жолында аянбай еңбек еткен ағамыздың 10 монографиясы, оның ішінде 5-і жоғары оқу орындары үшін арналған хирургиялық оқулықтар және 600-ден астам ғылыми жұмыстары бар. Д.Сексенбаев - ҚР-ның еңбек сіңірген дәрігері, денсаулық сақтау ісінің үздігі, Парасат орденінің иегері, бірнеше ғылыми орталықтар мен медициналық университеттердің құрметті профессоры. Осындай еңбектері еленіп есімі мемлекетіміздің Алтын кітабына енгізілген,  – деп академиктің өмір жолы мен қызметіне тоқталды.
Жиын барысында Сырдария ауданының тумасы Қызылорда облыстық медицина орталығының құрметті директоры Тұрғанбай Маханов, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Кішкене Айбосынов, Денсаулық саласының ардагері, медицина ғылымдарының кандидаты Жақсыбай Майданов жерлесіміз Дербісәлі Сексенбайұлының еңбек жолдарына жан-жақты, кеңінен тоқталып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. 
Кездесу соңында ардагер, ғалым ағамыз Дербісәлі Сексенбайұлы Сексенбаев өз әріптестеріне хирургия саласы бойынша өзекті мәселелерге жауап беріп, хирургияның кейінгі жетістіктеріне кеңінен тоқталып өтті.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: