» » ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНА КӨҢІЛ БӨЛУ - БАСТЫ НАЗАРДА

ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНА КӨҢІЛ БӨЛУ - БАСТЫ НАЗАРДА

Айдар: Денсаулық, Сонғы жаңалықтар
ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНА КӨҢІЛ БӨЛУ - БАСТЫ НАЗАРДАБүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова және ҚР ДСжӘДМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облыс бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Ғалия Әбсадыққызы БАҚ өкілдеріне арнап брифинг берді. 
Баспасөз конференциясы барысында денсаулық сақтау саласындағы оң нәтижелер мен алдағы жоспарлар сөз болды. Басқарма басшысы Ақмарал Шәріпбайқызының айтуынша, жалпы өлім-жітімге себеп болатын аурулардың 52 пайызын жіті миокард инфаркты, ми қан айналымының жіті бұзылысы (инсульт), қатерлі ісіктер, жарақаттар, жүкті әйелдер мен перинаталдық кезеңнің патологиялары құрайды. Бүгінде аталмыш 5 бағыт бойынша емханаларда жаңадан 89 мамандандырылған кабинеттер ашылып, жұмыс істеуде. Былтыр денсаулық сақтау саласына 32 889,6 млн теңге қаржы қаралды. Оның ішінде 21 935 млн теңге республикалық бюджеттен, 10 954,6 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлінген. 
Еміне шипа іздеген науқасты сауықтыру үшін дәрігердің біліктілігі басты орында тұрса, одан кейінгі мәселе – талапқа сай медициналық құрал-жабдықтардың болуы. Заманауи техниканың күші көптеген ауруларды дер кезінде дертінен айықтыруға сеп болуда. Осы орайда былтыр офтальмохирургиялық орталық диагностикалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін айта кеткен жөн. Медициналық құралдарға жергілікті бюджеттен 90 млн теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде жасалған ота саны өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артып отыр. 
- 2016 жылдың қорытындысы бойынша облыста жалпы өлім көрсеткіші 1000 тұрғынға шаққанда 5 пайызды құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 13,3 пайызға кеміген. Ана өлімі 88,4 пайызға, сәби өлімі 5,9 пайызға төмендеді. Ал туберкулез ауруынан ажал құшқандар саны 17,1 пайызға, қатерлі ісік ауруларынан көз жұмғандар көрсеткіші 7,9 пайызға азайған. Мекемелерді медициналық техникамен қамту 45,19 пайыздан 73,4 пайызға артты. Енді республикалық бюджеттен 4 бірлік қымбат медициналық құрал алуды көздеп отырмыз. Аудандық емханалардың жағдайы басты назарда. Осы жылы Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі 150 орындық аудандық орталық аурухананың құрылысын аяқтау, Арал, Шиелі, Жалағаш аудандарындағы аудандық емхананың құрылысын бастау, лизинг жағдайындағы медициналық ұйымдарды 1 млрд 227 млн теңгенің құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету алдағы жоспарлар қатарына қойылды, - деді басқарма басшысы А.Әлназарова.
Сонымен қатар, өңіріміздегі кадрлар жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында «Жоғарғы медициналық және фармацевтикалық мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттырудың 2016-2018 жылдарға арналған 3 жылдық перспективті жоспары» бекітілген болатын. Оған 60 млн теңге бөлінді. Осы мақсатта аймақ үшін қажетті мамандарды резидентураға дайындау үшін облыс әкімінің гранты бөлінген.
– Қайта даярлау курстары арқылы аса қажетті мамандықтар бойынша 135 дәрігер қайта оқытылды. Осы арқылы биыл неанотолог, травматолог, онколог сияқты өте қажетті мамандар тапшылығы шешілді. Сонымен қатар, кадрлық резерв құру және қайта даярлау үшін денсаулық сақтау саласының 15 маманы Польшада оқытылды. Өткен жылы барлық дәрігерлердің 59,4%-ы білімдерін жетілдірді, — дейді Ақмарал Шәріпбайқызы.
Айта кетейік, өткен жылы 81 жас маман облыстың денсаулық сақтау саласына тартылып, оның 60%-ы БМСК ұйымдарына жіберілді. Қазіргі таңда БМСК ұйымдарының дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 95%-ға жетіп отыр.