» » Қызылордада көп ретті пайдалануға жарайтын жеке қорғаныс бетпердесі тігілуде

Қызылордада көп ретті пайдалануға жарайтын жеке қорғаныс бетпердесі тігілуде

Айдар: Денсаулық / Сонғы жаңалықтар
Қызылордада сегіз қабатты және көп ретті пайдалануға жарайтын жеке қорғаныс бетпердесі тігіледі. Оны жергілікті «DalaTex» тігін фабрикасы қолға алды.
Бүгін Қызылордада облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов коронавирустан сақтану шараларына орайжедел отырыс өткізді. Мамандардың айтуынша, коронавирустан қорғанудың бір тәсілі – үнемі бетперде тағып жүру. Дегенмен, дәл қазір дәріханада бетперде тапшылығы байқалған.
Арнайы отырысқа қатысқан облыстық кәсіпкерлік басқармасы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «DalaTex» тігін фабрикасы өкілдері мен жеке дәріхана иелері бір шешімге келді.
Онда қазіргі уақытта тігін фабрикасында тігіліп жатқан сегіз қабатты көп ретті пайдалануға жарайтын жеке қорғаныш бетпердесін, Қызылорда қаласы және аудандардағы дәріханаларға жеткізу қолға алынады.
Бүгіннен бастап барлық дәріханаға 3 мың данасы жеткізіледі. Әрі қарай сұранысқа қарай 5 мың данаға жеткізу жоспары бар. «DalaTex» тігін фабрикасы өкілінің мәлімдеуі бойынша, келесі аптадан бастап арнайы қондырғының көмегімен бір реттік жеке қорғаныш бетпердесі шығарыла бастайды.