Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Ұлттық ойын ұмыт қалмасын

Ұлттық ойын ұмыт қалмасын

 

Бірде жақын туысымның үйіне қонаққа барып едім, сол үйдің кішкентай баласы шағын қолдорбаны тауып алғанын айтып анасына әкелді. Ішін қарап едік, асықтар екен. Бұның қандай зат екенін анасынан сұрады. Содан  анасының  баласына қайтарған жауабын естіп ойға қалдым. «Бұл жай ғана зат. Ескі. Бұрын қолданған. Қазір мұны ешкім пайдаланбайды. Орнына апарып қоя сал»,-деді. Бала орнына қойды. Бірақ бір нәрсе ұмыт қалдырды.  Асық ойнау қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі саналады.
 Расында, қазақ халқының ұлттық ойындары жетерлік. Көкпар, аударыспақ, арқан тарту, аламан, асық  секілді. Алайда соңғы уақыттарда ұлттық ойындарды ұлықтауды ұмыт қалдырған секілдіміз. Оның орнына шетелден енген спорт түрлерімен айналысып, соларға деген жастардың қызығушылығы, құштарлықтары  артып келеді.  Бала күнімізде ер балалардың асық ойнап жататынын көретінбіз. Қызыға қарайтынбыз.  Асықты балалар құмарлана шиіріп жататын. Бірақ ол ұлдарға арналған қазақтың ұлттық ойыны. Өкініштісі сол асықтармен ойнайтын бала жоқ бүгінде. Оның орнын Қытайдың сапасыз дүниелері алмастырған. Ақпараттық технологияға деген тәуелділік артқан.
 Ауылға бара қалсаңыз сол асықтар қораның бір бұрышында жатыр. Бірақ оны ешкім елемейді. Пайдасыз зат секілді. Ал, ол қазақтың, жалпы түркі халықтарының ұлттық ойыны екенін естен шығарған секілдіміз. Тіпті сол асыққа таласып арты ауылдың шаңын басына көтерген төбелеске ұласатын кезінде. Ағаларымыз әжелеріміздің жанын қоярға жер таптырмай оған арнайы асық салатын қалта тіктіретін. Жай емес, әспеттеп. Оны түрлі түсті етіп бояп, тіпті сәнін келтіріп қоятын.  Ол қалта жоғары ілулі тұратын. Көбіне астан қалған табақтан үлкендер асықты жинап сол үйдің кішкентайының қолына ұстататын. Сол сәтті күткен балалар жапатармағай таласа кететін. 
Негізінен асыққа байланысты қазақта жақсы сөздер де бар. Мәселен, «Асығы алшысынан түсіпті» ол – жолы болды, еңбегі жанды дегенді білдіреді. Асық ойнаудың өзіндік ережелері бар. Оны қатаң ұстанады. Жалпы, асық ойнаудың көптеген түрлері бар. Сонымен қатар асық ойнау бала денсаулығына, тілінің жатық болуына, ойын дамытуға, қарым-қабілетін арттыруға зор септігін тигізген.   Осы ұлттық ойын арқылы ата-бабамыз жас ұрпақтың ой-өрісін дамытып ғана қоймай, ұлттық құндылықтармызды, салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды бойына сіңірді.
Сол ұлықталған дүниенің қазіргі таңда елеусіз қалғаны көңілге кірбің ұялатқанымен, оған жіті ден қоймай келеміз.  Бір сөзбен айтқанда, бүгінгінің баласы асықпен емес, компьютермен ойнайды. Асықты шиіріп жүрген баланы көрмейміз. Бастысы ұлттық ойындарымызды санадан өшірмей, қайта оларды дамытуды қолға алғанымыз жөн болар-ау  деп ойлаймын.
Сара Қорғанбайқызы
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: