Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Бейнекамера көмегімен 73 қылмыстың беті ашылды

Бейнекамера көмегімен 73 қылмыстың беті ашылдыҚызылордалық полицейлер 2015 жылдың 3 айында облыс орталығында орналасқан бейнекамералардың көмегімен барлығы 73 қылмыстың бетін ашты.  
Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың 31 наурызында таңғы сағат 03.00 шамасында Қызылорда ҚІІБ Жедел басқару орталығының кезекші инспекторы  Қызылорда қаласы, Мұратбаев-Жеңіс көшелерінің қиылысында орналасқан бейнекамера арқылы аумақты шолу барысында, Мұратбаев көшесінің бойында белгісіз азаматтың BMW маркалы автокөлік жүргізушісін қорқыту арқылы автокөлігін заңсыз иемденіп алғанын байқайды. Дереу полиция жасағына хабарлап, оқиға орнына «Боран»-10 экипажын жібереді. Нәтижесінде Қармақшы ауданының 1990 жылы туылған тұрғыны автокөлік магнитоласын алып, қашып бара жатқан жерінен құрықталады. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 200-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар, дәл осындай оқиға 9 сәуірде таңғы сағат 06.00 шамасында орын алған. Қызылорда ҚІІБ Жедел басқару орталығының кезекші инспекторы «Ақмешіт» мөлтек ауданында орналасқан бейнекамера арқылы аумақты барлау барысында, көп қабатты үйдің ауласында тұрған автокөліктердің есіктеріне кілт салып, ұрлық әрекетіне оқталып жүрген азаматты көріп қалады. Оқиға орнына дереу полиция жасағын жіберіп, нәтижесінде 1990 жылы туылған қала тұрғыны ұсталды. Аталған дерек бойынша, ҚР ҚК-ның 188-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Айта кетерлік жағдай, Қызылорда облысы орталығында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, орын алған  ұрлық қылмыстарын дер кезінде ашу мен жол қозғалысы ережесін бұзғандарды анықтау мақсатында адам көп шоғырланатын орындарға бейнебақылау камералары орнатылып, көп жағдайда көшедегі жол жүру ережесін бұзғандарды анықтауда септігін тигізіп келеді. Жалпы облыс орталығында 243 бейнекамера бар болса, олардың барлығы Қызылорда ҚІІБ-нің Жедел басқару орталығына қосылған. Аталған бейнекамералардың  96-ы көпқабатты үйлердің ауласында, 133-і көше қиылыстарында орналасқан. 



Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: