Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылордада шыны зауытының құрылысы қарқынды жүруде

Биыл көктемде қазығы қағылған шыны зауытының құрылысы қарқынды жүруде. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бұл өндіріс Қызылорда қаласы, Титов мөлтек ауданында орналасқан индустриялдық аймақта салынып жатыр. 

Қызылордада шыны зауытының құрылысы қарқынды жүруде

 

- Қызылорда қаласындағы индустриялық аймақтан аталған зауытқа арнап 50 гектар жер бөлінді. Бюджет есебінен негізгі инженерлік инфрақұрылымдар тартылды. Бұл жерде негізгі ғимрат саналатын дайын өнімдері қоймасының іргетасын қалау жұмыстары жүруде. Жер қазу жұмыстары 80 пайызға аяқталса, іргетасын бетондау 20 пайызға орындалды. Алдағы аптадан бастап металл құрастыру жұмыстарына кіріседі. Оған қажетті заттардың барлығы дайын. Бұл зауыт өңірдегі алып құрылыстардың бірі. Құрылыстың сапасын ұдайы бақылауда ұстап отырмыз, - дейді облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев.
Зауыт жылына 197 мың тоннадан астам табақша шынысын шығармақ. Шыны өндірісіне қажетті шикізаттың 95 пайызы жергілікті жерден. Яғни, Арал ауданының кварц құмы, доламит пен әк тасы пайдаланылады. Тек сырттан келетін кальцийлендірілген сода шикізатын болашақта «Аралтұз» АҚ-мен біріге отырып өңірімізде өндіру жоспарлануда. 
Жобаның жалпы құны 52,1 миллиард теңге. Қаржының 80 пайызын «Қазақстан даму банкі» АҚ бөлсе, қалған 20 пайызын «Steward Engineers» АҚШ компаниясы мен «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ инвестор ретінде қаржыландыруда. 
Қойманың ұзындығы 300 метр, ені 150 метр. Қазір мұнда 100-ден астам адам жұмыс жасап жатыр. Құрылыс жұмысы ұлғайған кезде 300 адам жұмыс жасайтын болады. Ал зауыт толық іске қосылғанда тұрақты 350-400 жаңа жұмыс орны ашылмақ. 
- Қазір құрылыс жұмыстарына 17 техника жұмылдырылып отыр. Бетон шығаратын, арматура кесетін секілді шағын цехтар орнаттық. Барлығы кесте бойынша жүруде. Құрылыс заттарының басым бөлігі жергілікті жерден алынып жатыр. Жұмысшыларға да бар жағдай жасалған. Оларға демалу және тамақтану үшін арнайы шағын қалашық жасадық, - дейді «Orda Glass Ltd» ЖШС-нің құрылыс жөніндегі директоры Биғалы Тоқаев.
Бұл зауыттың бір ерекшелігі, мұнда энергия үнемдейтін де шыны шығарылады. Жалпы, құрылыс жұмыстары 2017 жылдың қазан айында аяқталады.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: