» » ШЫНЫ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

ШЫНЫ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

Айдар: Қоғам / Сонғы жаңалықтар
 ШЫНЫ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫОблыс орталығындағы индустриялық аймақта салынып жатқан шыны зауытының құрылысы қазір қарқынды жүруде. Зауыт ғимаратының эскиздік жобасы өткен жылдың сәуір айында облыс әкімінің төрағалығымен болған қала құрылысы кеңесінде мақұлданған еді.
Алдымен индустриялық аймақтан аталған зауытқа арнайылап 50 гектар жер бөлінген-ді. Бұған қоса, оған бюджет есебінен негізгі инженерлік инфрақұрылымдар тартылды. Осылайша, соңғы бірнеше жылдан бері аталған аймақта өндіріске қажетті инфрақұрылымдар жасақталды. «Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 197 мың тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты құрылысы» жобасының инвесторы болып «STEWART Engineers» атты танымал американдық компаниясы танылды. Осылайша озық технологиялы америкалықтар біздің «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ және "Қазақстанның Инвестициялық қорымен” бірге өңірдегі ірі индустриалдық жобаны жүзеге асыруда.
Бас мердігер «Шымкентхиммонтаж» ЖШС – күрделі құрылыс салуда тәжірибесі мол компания. Бұған дейін Шымкент қаласындағы фосфор, қорғасын зауыттарын, Жаңақорған ауданында күкірт қышқылы зауытын мерзімінде бітіріп, қолданысқа берген осы серіктестік. Құрылыс жұмыстарына бас мердігерден өзге қызылордалық «Мұнай құрылыс», «Қарақұм констракшн», «Қазстроймонтаж» және НСК серіктестіктері тартылған.
– Құрылыс жұмыстарына 200-ге жуық адам мен 33 техника жұмылдырылып отыр. Жұмысшыларға бар жағдай жасалған. Дайын өнім қоймасына қажетті металлоконструкция толық көлемде алынып, монтаждау жұмыстарының 77 пайызы жүргізілді, – дейді «Orda Glass Ltd» ЖШС-ның құрылыс жөніндегі директоры Б.Тоқаев.