» » Үкі құсын өсірген отбасы

Үкі құсын өсірген отбасы

Айдар: Қоғам / Сонғы жаңалықтар / Көп талқыланған
Үкі құсын өсірген отбасыҚармақшы ауданының тұрғыны Садақбай Райымбаевтың ауласын жергілікті жұртшылық кішігірім жануарлар бағы деп те атайды. Десе дегендей, бұл отбасы түлік түрлерінен өзге қоян, құс асырайды. Өткен жылы Сәкеңнің балалары сыртта қозы жайып жүріп далада үкінің жараланған балапанын көрген. Оны ұстап алып, үйге алып келеді. Қанаты қатпаған балапан жарақатынан айығып, бүгінде ересек үкіге айналған. Сәкеңнің айтуынша, көне кезеңнен жеткен әпсанаға сүйенсек, Нұх пайғамбарға Қазығұрт тауына баратын жолды тауып берген осы бір кіп-кішкентай үкі құсы екен. Оның киелі екеніне сенген жас отбасы осы бір қонақ құсты ауласында мәпелеп ұстайды.
Көнекөздердің айтуынша, бұрынғы жылдарда үкі құсы Қазақстанның далалы, шөлді және шөлейтті өңірлерін мекен ететін. Оның ауылдағы егін еккен шаруақор жандарға тигізетін пайдасы ұшан-теңіз. Егінді қосаяқ, тоқалтіс, шақылдақ тышқан, егеуқұйрық, алақоржын, суыр, саршұнақ секілді аса зиянды кемірушілерден қорғайды. Дегенмен оның осындай қасиеттерінен бейхабар адамдар да бар. Оның азаюына осындай түсінбеушілік себеп болған. Ілгеріде Сыр өңірінде аталмыш құс жиі кездесетін. Өкінішке орай, адамдар тарапынан қамқорлық болмауы салдарынан олардың саны күрт азайып кеткен екен. Өткен ғасырдың 80-шы жылдарында Арал теңізі маңында үкі құстары бірен-саран ғана кездескен. Одан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Табиғатқа жаны жақын С.Райымбаев үкінің осындай қасиеттерін жақсы біледі. 
 Шындығы керек, үкі құсы азайып барады. Алайда ол әлі күнге дейін «Қызыл кітапқа» енгізілмеген. Үкі жер шарының барлық бөлігінде кездескенмен, негізінен Еуразия құрлығын негізгі мекені болып табылады. Үкінің өзіндік ерекшелігі бар. Олар жұптарын өмір бойы жазбайды. Балапанды да көп салады. Дене тұрқына қарай 2-12 балапанға дейін басады. Рас, соңғы жылдарда елімізде қорықтар мен қорғалымдар саны артып келеді.
Сыр өңірінде құстарға жақын болып, оларды өсіріп-қорғап жүрген азаматтар баршылық. Мәселен, Шиелі ауданында құр, тауыс құстарын күтімге алған отбасы бар. Құстар әлемінің үніне құлақ түріп көрсеңіз, өзгеше бір әлемге бөленгендей күй кешесің...