» » ИПОТЕКА ТӨЛЕЙТІН АЗАМАТТАР ТАБЫС САЛЫҒЫНАН БОСАТЫЛАДЫ

ИПОТЕКА ТӨЛЕЙТІН АЗАМАТТАР ТАБЫС САЛЫҒЫНАН БОСАТЫЛАДЫ

Айдар: Қоғам / Сонғы жаңалықтар

 

Соңғы күндері әлеуметтік желіде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы ипотекаға пәтер алғандар табыс салығынан босатылатыны туралы ақпарат қызу талқыға түскен еді. Жұртқа түсінікті болуы үшін осы мәселені тарқатып жазайық. деп хабарлайды baq.kz.
ҚР Салық кодексінің 166 бабында жеке тұлға тұрғын үй құрылыс жинақ банктерiнен қарыз алған жағдайда сыйақыны өтеуге бағытталған сомаларға салық шегерімдері қолданылатыны жөнінде тармақша бар. Соған сәйкес табыс салығын төлеу кезінде жеңілдікке ие болу үшін банктен анықтама мен банкпен жасалған шарттың көшірмесін жұмыс орныңыздағы бухгалтерге табыстауыңыз қажет.
«Астана» арнасының тілшісі Мөлдір Бақыт Фейсбуктегі парақшасында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» баспасөз хатшысы Айбар Олжаев таратқан мәліметпен бөлісті.
«Бұл норма салық кодексінде бар. Депозит ашқанда келісімшартта тайға таңба басқандай көрсетілген. Сонымен ИПН – табыс салығы. Сіздің айлық жалақыңыз 200 мың теңге делік. Сонда оның 10 пайызы зейнетақы қорына, 10 пайызы (+1.5%) ИПН-ға алынып отырды. Сондықтан сіз қолға 160 мың айлық алып жүрдіңіз. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде несиеңіз бар дейік. Мысалы, банкке ай сайын 40 мың теңге төлеп отырсыз. Егер бухгалтеріңізге осы соманы табыс салығынан босату жөнінде арыз жазсаңыз, онда келесідей жеңілдік болады: 200 000 - 40 000 = 160 000. Енді сіз табыс салығын 160 мың теңгеден төлейсіз (бұрын 200 мыңнан төлеп жүргенсіз). Алдағы уақытта айлық алғанда қолыңызға 164 000 теңге түседі», – дейді Айбар Олжаев.