Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ҚАЛА ӘКІМІ «ҚЫЗЫЛОРДА АВТОБУС ПАРКІ» ҰЖЫМЫН МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

 

Тіршілік атаулыны тірілтіп, табиғатты түлеткен, сан түрлі ұлттардың бауырластығына арқау болған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы Қызылорда қаласында кеңінен аталып өтілуде.
Ұлттық мерекемізді кеңінен насихаттау, қала тұрғындарына мерекелік көңіл — күй сыйлау мақсатында қалаға қарасты барлық кент, ауылдық округтерде және қала көлемінде орналасқан мекемелерде ақшаңқар қараша үйлер тігіліп, Наурыз мейрамының басты символы саналатын наурыз көже мен ұлттық тағамдар әзірленіп, мерекелік шаралар ұйымдастырылуда.
Қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы «Қызылорда автобус паркі» ұйымдастырған шараға қатысып, барша ұжым қызметкерлерін мерекемен құттықтады.
— Қоғаммен тікелей қызмет жасайтын, Сіздердің мекемелеріңізге жүктелген міндет пен жауапкершілік өте жоғары.
Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының қолдауының және Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында, «Қызылорда» автобус паркі» аз уақыттың ішінде айтулы жетістіктерге қол жеткізіп келеді.
Өздеріңізге белгілі, осыдан 3 жыл бұрын қалаішілік қоғамдық көлік тасымалын сапалы қызметпен қамтамасыз ету мақсатында «Қызылорда» автобус паркі» құрылған болатын.
Қазіргі таңда, қаладағы кіші сыйымдылықтағы қоғамдық көліктердің орнына жаңадан барлық талаптарға сәйкес, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасалған, экологиялық таза үлкен сыйымдылықтағы заманауи 112 автобус алынып, қала халқына қызмет етуде.
Мұнан бөлек, жаңадан диспетчерлік пункттер іске қосылды.
Барша қала тұрғындары және Сіздер үшін де ең үлкен жағымды жаңалық, жалпы аумағы 5 гектар жерге, 200 автобусқа шақталған жаңа үлгідегі автобус паркі салынуда.
Өздеріңіз көріп тұрғандай, автобус паркінің құрылысы аяқталуға жақын, алдағы мамыр айында пайдалануға беріледі. Бірлігіміз бен тірлігіміз болса, біз әлі де талай белестерді бағындырып, бұдан да зор жетістіктерге жетеріміз анық.
Ұлтымыздың рухының асқақтығын, тегінің тектілігін, салт — дәстүріміздің салтанатын паш етер, халқымызды ғасырлар бойы нұр шуағына бөлеген Ұлыстың Ұлы күні шаңырақтарыңызға шаттық, отбасыларыңызға бақ-берекесімен енсін, — деді қала әкімі Н.Нәлібаев.
Қала әкімі жаңадан салынып жатқан автобус паркінің құрылыс жұмыстарымен танысып, барлық жұмысты сапалы және мерзімінде орындау қажеттігін айтты.
Жалпы аумағы 5 гектарды құрайтын, сыйымдылығы 200 заманауи автобустарға арналған жаңа үлгідегі автобус паркінің ерекшелігі, қала көлемінде қызмет көрсететін үлкен сыйымдылықтағы автобустарға арналған тұрақтар, жанармай бекеті, көлік жуу алаңы және автобустардың үздіксіз жұмыс жасауына жағдай жасайтын түрлі мүмкіндіктер қарастырылатын болады.
Автобус паркінің құрылысы толық аяқталып, іске қосылған жағдайда 200-ден астам қала тұрғындарын жұмыспен қамтитын болады.
Шара барысында, мекеме қызметкерлері және облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлерінен құралған командалар асық ату, арқан тарту, кір тасын көтеру секілді ұлттық ойындардан өзара сайысқа түссе, қараша үйде қонақтарға наурыз көже таратылып, тұсау кесер рәсімдері ұйымдастырылды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: