» » АУЫЗ СУ ҚҰБЫРЛАРЫ ЖАҢАРТУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

АУЫЗ СУ ҚҰБЫРЛАРЫ ЖАҢАРТУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

Айдар: Қоғам / Сонғы жаңалықтар

Құрметті қала тұрғындары!
Әлеуметтік желілерде белсенді талқыланып жатқан ауыз су мәселесі, қаламыздағы Жібек жолы даңғылы мен Ә.Мүсірәлі көшелерінің қиылысында орналасқан д-500мм ескі ауыз су жүйесіндегі ақау салдарынан орын алған.
Айта кету керек, бұл ақаудың (авария) салдарынан қаламыздағы Сырдария және Арай - 2 мөлтек аудандарында ғана ауыз суды уақытша тоқтатуға тура келді. Себебі, аяқ астынан орын алған апатты жедел қалпына келтіру үшін амалсыздан осындай шара қабылдау қажет болған.
Бұл ақау қаланың басқа аудандарына қалыпты деңгейде ауыз су таратуға еш кедергі келтірген жоқ.
Аталған мәселені жедел шешу мақсатында қаладағы коммуналдық қызметтерден 20-ға жуық техника, 30-дан астам адам күн райына, қарашаның ызғарлы қара суығына қарамастан үздіксіз тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Негізі дәл осы аумақта биылғы жылы жаңа су құбырлары жүргізіліп, 20 қарашаға дейін ауыз суды жаңа жүйеге қосу жоспарланған.
Бүгінде мамандар осы жұмыстарды мерзімінен бұрын бастап, ақау болған ескі құбырларды жаңа жүйеге қосу жұмыстарын жүргізуде.
Қазіргі сәтте анықталғандай, ескі құбырдың 20-дан астам жерінде жарықтар пайда болып мүлде жарамсыз күйге түскен.
Себебі бұл су құбыры осыдан 50 жыл бұрын, яғни 1968 жылы салынған. Ал, негізінен құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарына сәйкес темір құбырдың жер астында жату мерзімінің шыдамдылығы 22 жыл ғана.
Бұл құбырдың жоғары қысымды көтермейтіндігінің басты және негізгі себебі осы болып тұр.
Өздеріңізге белгілі, бүгінде қалаішілік су құбырлары 60 пайыздан астам толық жаңартылған және Қызылжарма жер асты су кені арқылы 98 су ұңғымалары іске қосылып жер асты суына көшірілген.
Осы жұмыстардың жалғасы ретінде, биылғы жылы су құбырларының 10 пайыз жаңартылуда. Әлі де 30 пайыз су құбырлары жаңартуды қажет етеді.
Бүгінгі таңда, ауыз су жүйесінің толық қарқынмен жұмыс жасауына кедергі келтіріп отырған мәселелердің бірі, осы құбырлардың ескіріп тозығының жетуі.
Құрметті жерлестер!
Аталған мәселе қала әкімдігінің тікелей бақылауында. Жылдар бойына қордаланған ауқымды мәселені бір сәтте шешу әрине мүмкін емес.
Дегенмен, бұл бағытта соңғы жылдары атқарылып жатқан жұмыстар мен ауқымды жобалар жеткілікті.
Бұндай қолайсыз жағдайлар тек біздің қаламызда ғана емес еліміздің кез келген өңірінде орын алып жатады.
Тіпті дамыған елдер мен ірі мегаполистерде де бұндай жағдайлар жиі кездеседі.
Себебі, орын алуы мүмкін ақаулар мен ірі көлемді авариялық жағдайларды алдын ала болжау мүмкін емес.
Сондықтан да, мұндай жағдайларда түсіністікпен қарап, шыдамдылық танытуларыңызды және тиісінше қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз.