» » БІР ҒАСЫРДЫҢ БҰЛАҒЫ

БІР ҒАСЫРДЫҢ БҰЛАҒЫ

Айдар: Қоғам / Сонғы жаңалықтар

Өркениетті дамытудың ең бірінші қозғаушы күші – білім десек. Мектеп жас өренді болашақ үлкен өмірге дайындайды. Бүгінде облыс орталығындағы бірқатар білім ошақтарының тарихы бір ғасырға жетті.
Солардың бірі – Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназия. Алтын ұя кешегінің келбетін естен шығармай, бүгінгінің бағытын ұстанып, болашаққа нық қадам басып келеді. Бір ғасыр уақыт ішінде алтын ұяны сандаған түлектер бітіріп, олар өмірдің әр саласында жемісті еңбек етуде. Білім мен тәрбиені қатар ұштаған тағылым ордасында түлектер көңіл түкпірінен өшірмейтін талай өнегелі істер бар.
Әрбір білім ордасының жүріп өткен жо­лы – тұнып тұрған тарих. №1 мектеп-гимназиясының іргетасы 1918 жылы қаланған. Алғаш Ақмешіт қаласында тұңғыш ұлдар мұсылман мектебі ретінде ашылады. Содан кейін 1920 жылы Герцен атындағы татар және қырғыз (қазақ) мектебі болып бөлінеді. Аталмыш білім ордасы түрлі кезеңдерді бастан өткізеді. Ол 4 жылдық бастауыш қазақ мектебі болуымен қатар, ер балалармен қоса қыздар да оқыды. Одан кейін жеті жылдыққа ауысады. Осылайша, 1936 жылы жергілікті атқару комитетінің ұйғарымымен 7 жылдық 1 Май мектебі аталады. 1991 жылдан бастап оқу ошағына қала әкімшілігінің шешімі бойынша лицей атағы беріледі. Ал 2003-2004 оқу жылында мектеп ұжымы мен оқушылары үшін ерекше жыл болды. Себебі білім ордасына гимназия статусы беріліп, оған жазушы-драматург, сатирик осы мектептің түлегі Қалтай Мұхамеджановтың аты берілген.
Жүз жыл жасаған мектепте осы уақытқа дейін 27 директор басшылық еткен. Тарих парақтарын зерделеп көрсек оқу ордасын әр кезеңде басқарған Ахмет Пірназаров, Әлкен Иманбаев, Қалтай Мұхаметжанов сияқты басшылар есімдері бұл күнде ұрпақ жадында жаңғырып тұр деп айта аламыз. 2015 жылдан бері мектеп директоры қызметін Данабек Әбдірайымов абыроймен атқарып келеді. Данабек Жақсылықұлы – мектеп басқару ісінде мол тәжірибе жинақтаған басшы. Әрбір мұғалімді, әрбір оқушыны түрлі нәтижелі жұмысқа бейімдеп бағыттап қатыстырады. Олардың әрқайсысынан ортақ іске өздерінің шығармашылық еңбектерімен, жауапкершілік сезімімен, көшбасшылық қасиеттерін үйлестіріп қосып отыруын қамтамасыз етеді. Әрбір басшыға ауадай керек қасиет-коммуникативтік өнерді шебер меңгерген.