Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ҮШ АЛЫБЫНА АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ


Кез-келген аймақ өзіндік кескін-келбетімен, көз тартар сәулеттілігімен ерекшелене түседі. Сол секілді облыс орталығында орналасқан әрбір нысан мен ескерткіш, аллея қала көркіне көрік қосып тұр. Әрбір орынның сыры мен тарихы бар.
Соңғы жылдарда бой көтерген тарихи-мәдени ескерткіштер, гүлзарлар және саябақтар қала ажарына бұрынғыдан да ерекше сән беріп тұр. Қазір аймақтың өз ерекшелігін айқындайтын архитектуралық нысандар қатары көбейді. Мәселен, Жақаев көшесінің бойында орналасқан «Жазушылар коспозициясы» шығармашыл жастардың рухани орнына айналып үлгерді. Осыдан 15 жыл бұрын бой көтерген композицияны Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Мұратбай Үмбетов мүсінші жасаған.
«Жазушылар композициясы» – қазақ әдебиетінің үш алыбына арналған. Қашанда талантқа кенде болмаған Сыр топырағында дүниеге келіп, елдің атын әлемге танытқан дарынды қаламгерлер жетерлік. Ескерткіште Қазақстанның ХХ ғасыр әдебиеті мен киноматография, драматургия салаларында жемісті еңбек еткен тұлғалар көрініс тапқан. Мұнда, Қазақтың Қалтайы атанған Қалтай Мұхамеджанов, «Құрыш қазақ» – Зейнолла Шүкіров, ұлттың ұлы ақыны Әбділда Тәжібаевтың бейнелері сомдалды. Дөңгелек тұғырда орындыққа отырған үш жазушының бейнесі көрген жанды өзіне еріксіз тарта түседі. Ортасында металлдан жасалған үстел бар. Ескерткіштердің материалы – темір, бетоннан құйылған.
Бұл – қызылордалық ағайынның даңқты ұлдарына деген шексіз құрметі. Қазіргі таңда аталмыш ескеткіш жас талапкерлердің талантын, қауырсын қаламын ұштайтын, әдебиет пен өнер сүйер қауымның жиі бас қосатын сырласу, ой бөлісу орнына айналып отыр.
Біз өткен тарихымызды қадірлеп, қастерлеп, одан тиісті сабақ алып, мән-маңызын жас ұрпақтың зердесіне құйып отыруымыз қажет-ақ. Осы орайда шаһар келбетіне шырай беріп тұрған ескерткіштердің өзіндік орны бар екені белгілі. Ал, олардың тарихын, қандай мақсатпен орнатылғанын бүгінгі ұрпақ білуге міндетті.
Бүгінде Қызылорда қаласы мәдениет пен өнердің ордасына айналып отыр. Сондай-ақ, ару қала Астанаға қарап бой түзеп келе жатқан қаламызда көркіне ажар беретін ескерткіштер саны артып келеді.
Мұндай істерден елдің дамуы үшін еселі еңбек еткендердің есімі ұмытылмайтыны аңғарылады. Сыр әдебиеті мен мәдениетінің саңлақтарының ескерткішін орнату – мәдени мұрамызды ұлықтаудың бірден-бір баспалдағы.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: