Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ӘЗИЗ АНАНЫҢ АҚ ТІЛЕГІ


Екі ғасырлық тарихы бар Қызылорданың ең егде тұрғыны Зүльфия Дәулетова. Өз ұрпағының қызығын көріп отырған кейуана. Ғасыр-ғұмыр иесі әрбір шуақты күнге шүкір етеді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын қалада жүз жасаған кісілердің саны шамамен 5-6 адам еді. Бүгінде олардың қатары жыл артқан сайын азайып барады. Кейіпкеріміз 1918 жылы Сырдария ауданы Шіркейлі ауылында дүниеге келді. Зүльфия әжейдің балалық, жастық шағы ашаршылық, сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келді. Өз құрдастары секілді еңбекке тым ерте араласты. Есейді. Өмірдің ауыр тұсы оны тез есейтті.
– Өмірдегі бір айыбым – оқи алмадым. Себебі, біздің заман басқаша болды. Қазір білім алсаң – өсесің. Менің оқуым – еңбек болды, – деді ақжаулықты апамыз.
Кейуананың өлең шығаратын қасиеті бары сезілді. Ол жастайынан кетпен шауып, еселі еңбекпен ерекшеленеді. Соғыс кезінде жүн шұлық тоқып, оны Отан қорғауға кеткен майдангерлерге жіберіп отырған.
Қаншама қиындықты көріп өссе де, кейуананың өмірге өкпесі жоқ. Қайта аузынан шүкірі мен қанағаты түспеді. Әжеміз бес уақыт намазын қаза жібермейді. Қазір көзі көрмейді. Сондықтан орнында отырып, шамасы келгенше оқиды.
Шіркейлінің шырайлы қызына Жалағаш ауданы Мәдениет ауылына келін болу бақыты бұйырды. Жиырма жасқа жетер-жетпестен Әбілқақ есімді азаматпен шаңырақ көтерді.
– Бізді үлкендер қосты. Ата-анамыз не айтса, сол заң болатын. Отағасы 1902 жылы дүниеге келген. Өмірде қатал кісі еді. Ауылшаруашылық саласына зор үлес қосты. Қайын атам да ауылдың ардақ тұтар ақсақалы болды. Көпір, мешіт салды. Мен сондай үлкен үйдің келіні атандым, – деп жастық шақтан сыр шертті әзиз әже.
Шынайылық пен адамгершіліктің, тазалық пен парасат белгісіндей болған кейіпкерді сол кезден бастап Бибі деген ат қойыпты.
– Мені көбі Зульфия демейді, кейбірі шын атымды білмейді. Бибі деп атап кеткен. Өзіме де осы есім ұнайды, – деп күліп алды.
Ақжаулықты ана 12 баланы дүниеге әкелді. Немерелерінен шөбере сүйіп, олардың қолынан су ішу бақыты бұйырған. Барлығы мереке сайын осы шаңыраққа әженің жанына жиналады.
Кейіннен өмірдің ағымымен бұл отбасыға қалаға келу бұйырды. Себебі, ұл-қыздары жан-жақта. Қызылорданың 200 жылдығында жасы 100-ге келгенін кейуана да Алланың берген бір бақыты деп біледі.
– Қалаға алғаш келгенде көлемі жағынан кіші болатын. Қай жыл екені есімде жоқ. Ол кезде халқы да аз болатын. Қазір көзім көрмесе де, балаларымнан Қызылорданың өсіп-өркендегенін, дамып жатқанын естіп отырамын. Әрине, әр перзент үшін туған жері ыстық. Өзім де Сыр елінің болашағы зор болғанын қалап, іштей елдің амандығын тілеп отырамын, – деді ғасыр әже.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: