» » ТАСБӨГЕТТЕ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ МЕРЕКЕЛЕНДІ

ТАСБӨГЕТТЕ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ МЕРЕКЕЛЕНДІ

Айдар: Қоғам / Сонғы жаңалықтар

Тасбөгет кенті жұртшылығы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесін атап өтті.
Еркіндік туын асқақ етіп, мәртебесін ұлықтау мақсатында «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атауымен кент орталығындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты кешті ашу құрметі қала әкімінің орынбасары Шахмардан Баймановқа ұсынылды. Шаһар басшылығының өкілінен соң сөз жалғаған кент әкімі Пакуатдин Шамұратов та халыққа өз жылы лебізін білдіріп, кент тұрғындарын елге ортақ ұлық мерекемен құттықтады.
Тәуелсідік жылдарында еліміздің жеткен жетістіктері өте мол. Осы бағындырылған биік белестер мен атқарылған істерде әрбір қазақстандықтың өзіндік қосқан үлесі, сіңген қолтаңбасы бар деуге болады. Осынау еңбегініңің елмен еленіп, жоғары бағаланып отыруы - өз ісін адал атқарып жүрген қай азаматты болмасын жігерлендіріп, қызметіне деген қызығушылығын арттырып, күшіне қуат қоса түсері анық.
Осы мақсатта өткізілген мерекелік кеш барысында қаламыздың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына үлес қосып, кенттегі игілікті бастамаларға қолдау көрсетіп жүрген бірқатар маман иелеріне алуан деңгейдегі марапат түрлері табысталды.
Атап айсақ, құрылыс саласының 2 ардагері «Құрылыс комплексі және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Елеулі еңбегі үшін» медалімен, кенттегі 3 кәсіпкер Қызылорда қаласының «Құрмет грамотасымен», сонымен қатар, әр түрлі салада жұмыс жасап жүрген 3 қызметкер облыс әкімінің «Алғыс» хатымен, 9 азамат қала әкімінің «Алғыс» хатымен, 20 азамат «Тасбөгет кентіне 70 жыл» мерекелік медалімен және 11 азамат кент әкімінің «Алғыс» хатымен марапатталды.
Марапаттау рәсімінен соң концерттік бағдарламамен жалғасын тапқан шара қонақтары өнерпаздардың ән-жырмен өрнектелген мерекелік шашуын тамашалап, ыстық ықыласпен зор қошеметін білдіріп отырды. Сондай-ақ, «Мәңгілік ел – ұлт мұраты» тақырыбындағы фойеде ұйымдастырылған кітап көрмесін шолып, сөреге қойылған әдебиеттерден тағылымы мол мағлұматтар алып, рухани азыққа кенеліп қайтқан көрермен көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.