Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Жылдың үздік кәсіпкері


Адам баласының тағдыры өз қолында. Қандай жағдай болмасын өмірден өз орнын тауып, ел қатарлы өмір сүру, өзінің жаны сүйетін кәсіппен айналысу – адамның ерік-жігеріне байланысты. Мемлекет берген мол мүмкіндікті барынша пайдаланып отырған қармақшылық кәсіпкер Әмит Елубаев бүгінде кәсібінің нәсібін көруде.
Жастайынан ағаштан тұрмысқа қажетті заттарды жасауға қызыққан ол осы салада ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келеді. Заңды түрде жеке кәсіп ашып, кәсіпкерлікті қолға алғалы да 10 жылдан астам уақыт өткен. Осы уақытта өз кәсібін өркендетуге өңірлік инвестициялық орталықтан 5 млн теңге алып, кәсібін айналымға ендірді. Ал жақында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы кәсібін ұлғайту мақсатында «Даму» қорынан жеңілдетілген 4 млн теңге несие алып, жиһаз цехін ашты. Тапсырыспен ағаштан есік-терезе, шәй үстелі, қол жуғыш жасап көпшіліктің алғысын алуда. Ал жаз мезгілінде тұрғындар тарапынан пластиктен есік-терезеге сұраныс артады. Бұл заттардың қатары қазірде түрлі жиһазбен толықты. Цехта тапсырыс берушінің қалауына орай түрлі жиһаз дайындалуда.
– Қазіргі таңда кәсіп ашамын дегенге мемлекет тарапынан қолдау көп. Бастаған ісіңді кеңейтуге де барлық жағдай бар. Еңбек етемін деген адамға мүмкіндік жетеді. Тек жалқаулықты жеңе білу керек. Бастаған кәсіпті өркендетуге арналған бағдарлама өте тиімді екен. Себебі өндірістік кәсіп түрлері үкіметтің қаржыландыруынсыз жүзеге аспайды. Өйткені ол үлкен мөлшердегі қаржыны талап етеді. Өзіммен бірге 6 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Жанымдағылардың барлығы өзімнің шәкіртім. Қазір олар аудандағы алдыңғы қатарлы ұсталар. Қолымнан шыққан әрбір бұйым ел игілігіне жараса – мен үшін үлкен қуаныш, – дейді кәсіп иесі.
Адал еңбектің нанын жеп отырған кәсіпкер 3 перзент өсіріп, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған. Бір қызығы, бұл отбасының барлық мүшесі жеке кәсіппен айналысады. Отағасы – жиһаз цехын басқарса, отанасы – киім сатады. Ал ұлы әкесімен бірге цех жұмысын жүргізсе, келіні тапсырыспен тәттілер дайындайды. Олардың басты мақсаты – тұтынушыға сапалы өнім ұсыну.
Өзінің сапалы өнімі арқылы көпшілік алғысын иеленіп отырған жиһаз цехінің иесі былтыр «Жылдың үздік кәсіпкері» атанды. Ол жастарды ешкімге тәуелді болмай, адал еңбекпен жұмыс істеуге үндейді. Шынында да, кәсіп бастағысы келгенге жол көрсетуші кәсіпкерлік бөлім мен палатаның есігі әрдайым ашық. «Кім не береді?» деп босқа күтіп отырмай, өз қолынан келетін кәсіппен айналысуға әркімнің де мүмкіндігі бар. Елдің алғысына бөленіп жүрген Әмит Елубаевтің өнегелі өмірі еңбек еткен адамның қолынан келмейтін дүние жоқ екенін дәлелдей түскендей.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: