» » Жаңақорғандағы колледж ұжымы бетперде тігуді қолға алды

Жаңақорғандағы колледж ұжымы бетперде тігуді қолға алды

Айдар: Қоғам / Сонғы жаңалықтар
Қызылорда облысындағы медициналық бетперде тапшылығын болдырмау мақсатында оны тігу ісін жергілікті кәсіпкерлер және мекемелер қолға алды. Осындай игілікті істі Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің ұжымы жүзеге асыра бастады.
Қазір әлем жұртшылығын алаңдатып отырған коронавирус дерті қаупінің алдын алуға бағытталған маңызды іс шаралар біздің өңірде өз деңгейінде атқарылып келеді. Солардың бірі – жұртшылық арасында зор сұранысқа ие бетперде тігу ісі.
Колледж директоры Жомарт Шәуенов ұжым мүшелерін осылайша ортақ іске жұмылдырды. Арнаулы оқу орнындағы тігін цехы қазір медициналық бетперде тігу ісін толық меңгеріп алды. Оған колледждегі тігін мамандығының оқытушылары, яғни тігіншілер мен колледждің әкімшілік қызметкерлері зор үлес қосып отыр. Өз ісінің қыр-сырын толық меңгерген ісмерлер қазір күнделікті 500-ге жуық маска тігіп шығаруда. Ақ марлыдан 8 қабат күйінде тігілетін бетперделер көпреттік пайдалануға арналған. Әр үш сағат сайын бетпердені антисептиктермен тазартып, жуып қайта кептіріп киюге қолайлы.
Бүгінгі таңда колледж қызметкерлері мен аудандық мекемелер сұранысына сай жұмыс жасауда. Ең бастысы, бұл - коммерция, табыс табуды көздеу үшін емес, халықтың игілігін қанағаттандырып, қажеттілікті өтеу мақсатында жүзеге асып жатқан жоба. Ең бастысы, Жаңақорған тұрғындарының сұранысын орындау. Сондай-ақ, жеке алып сатар кәсіпкерлерге маскалар сатылып жатқан жоқ.
Колледж тігіншілері Қызылорда қаласындағы "Dalatex" тігін фабрикасында болып тәжірибе алмасты. Сол үйренген жұмыстың нәтижесінде санитарлық нормалар мен талаптарға сай маскалар өз өңірімізде өндіруде.
– Алдағы уақытта арнайы фильтрленген бірреттік қолданысқа қолайлы медициналық маска шығару жоспарымызда бар, - дейді колледж басшысы Жомарт Абибуллаұлы.