Сейхун-инфо.кз / ПЛАТИНИ ШИЕЛІДЕ ТҰРАДЫ

ПЛАТИНИ ШИЕЛІДЕ ТҰРАДЫ

ПЛАТИНИ ШИЕЛІДЕ ТҰРАДЫИә, рас. Платини Шиеліде тұрады екен. Бірақ кезінде кәрі құрлықта жасындай жарқылдап көзге түскен жұлдыз, қазіргі таңда УЕФА президенті қызметін атқарып жүргент Мишель Платини емес, басқа Платини. Бұл жөнінде Seykhuninfo.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 
2008 жылдың 7 маусымы. Еуропа біріншілігінің ашылу салтанаты басталған уақыт. Бекмұратовтар отбасы осы бір оқиғаны тамашалап отырған. Көп ұзамай отанасының толғағы басталып, сол күні шекесі торсықтай атұстарды өмірге алып келді. Берік те көп ойланбастан баласына Платини деген есім беруді дұрыс көріпті. Сол сәби биыл сегіз жастан асып отыр.
Берік Бекмұратов, Шиелі ауданының тұрғыны:
– Мен бала кезімнен танымал футболшы болуды қалаған едім. Алматының «Қайраты» мен КСРО құрамасында ойын көрсетсем дедім. Әрине, балалық арманым болса да, бәлкім, жолын қуғанда кәсіпқой футболшы болар ма едім? Аудан құрамасының белді мүшесі болдым. Тараз және Самара қалаларында әуесқой клубтарда ойнап, сол жерлерде чемпион атанған едім. Енді сол мақсатыма балам жеткізсе деймін.
Кішкентай Платини әлі де оң мен солын толық тани қойған жоқ. Дегенмен фут­болды жақсы көреді. Әкесімен бірге доп қуғанды қалайды. Қызылорданың «Қайсарының» өз алаңындағы ойындарын әкесімен бірге барып тамашалайды. Жақында ол стадионда отырып: «Мен өскенде футболшы боламын» депті қиялдап. Бәлкім, бұл тілегі періштенің құлағына шалынып, дегеніне жетіп қалар… Қаншама белгілі футболшыларды дайындаған шиелілік балалар бапкері Нұрмаш Аманқұлов кішкентай Платинидің ойнау тәсілін жақсы деп бағалайды. Бала Платиниде табиғи дарын бар көрінеді. Бапкер Платини өскенде өзіне шәкірт етіп алатынын айтып отыр.

22-03-2016, 16:34
Вернуться назад