Сейхун-инфо.кз / «СИБУ-ҚЫЗЫЛОРДА» КОМПАНИЯСЫНДА ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙ ОРЫН АЛДЫ?

«СИБУ-ҚЫЗЫЛОРДА» КОМПАНИЯСЫНДА ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙ ОРЫН АЛДЫ?


Өңірлік коммуникациялар қызметінде қытайлық "Сибу- Қызылорда" ИБК ЖШС бас директоры Ван Дося, ОІІД бастығының орынбасары Нұрлан Анарбаев, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Тұмар Шалбаеваның қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз конференциясына қатысушылар "Сибу-Қызылорда" инженерлік-бұрғылау компаниясы» ЖШС төңірегіндегі жағдайға байланысты журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Н.Анарбаев «Қазіргі кезде Ә.Егембергеноваға («Сибу–Қызылорда» ИБК ЖШС еңбек ресурстары департаментінің директоры) қатысты ҚР ҚК 190 бабы, 2 бөлігі, 3 тармағы "алаяқтық" дерегі бойынша тергеу амалдары жалғасуда» деп мәлімдеді.
"Тергеу барысында біз «беттестіру» әдісімен екі тараптың уәжін тыңдап, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз»,- деп атап өтті Нұрлан Анарбаев.
Аталмыш іс "Сибу-Қызылорда" инженерлік-бұрғылау компаниясы» ЖШС жұмысшыларының арызы негізінде қозғалды.
Компанияның бас директоры Ван Дося А.Егембергенова 2018 жылдың 8 қаңтарынан бастап қызметтен шеттетілгенін мәлімдеді.
"Сибу-Қызылорда" инженерлік-бұрғылау компаниясы" ЖШС басшылығының айтуынша, жұмыс көлемінің азаюына қарамастан қызметкерлер қысқартылмаған. 2015 жылы компания 11 бұрғылау қондырғысына қызмет көрсетсе, қазір 3 қана қондырғы жұмыс істеп тұр.
"Осыған қарамастан, біз, әкімдік, жұмыс беруші және жұмысшылардың өкілдері арасындағы үшжақты меморандумға сәйкес жұмыс орындарын сақтап қалдық", - деп атап өтті Ван Дося. Сонымен қатар, компания директорының айтуынша, арызданушылардың ешқайсысына қудалау жасалған жоқ. Өндірісте істейтін жұмысшылардың еңбек шарттары мен тамақпен қамтылуына қатысты кемсітушілік жоқ, деп мәлімдеді.
Мұны "Сибу-Қызылорда" инженерлік-бұрғылау компаниясы" ЖШС қызметкерлерін тамақпен қамтамасыз етіп отырған мердігер "Алтай Торгсервис" компаниясының өкілі Берікбол Жеткерген де нақтылады. "Айырмашылық тек ас мәзірінде ғана бар. Қытайлық жұмысшылар қытай асханасын, біздің азаматтар ұлттық тағамдарды қалайды. Дегенмен, адам басына бөлінетін қаржы сомасы бірдей. Қайталап айтамын, қаражат сомасы бірдей» ,- деді ол.
Ван Досяның айтуынша, жұмыс ауқымының азаюына қарамастан компания жыл басында еңбеккерлерінің жалақысын орташа есеппен 10 пайызға көбейткен. Сонымен қатар, қаңтар айынан бастап барлық жұмысшыны қамту мақсатында вахталық жұмыстарға баратын азаматтардың кестесі бекітілді.
Атап өту керек, жұмысшыларды еңбекке тартудағы бұл кемшілік бұған дейін облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы тарапынан анықталды.
"Бізге "Сибу-Қызылорда" компаниясының 46 жұмысшысынан Әлия Егембергенованың заңсыз әрекеттеріне қатысты шағым түскен болатын. Арыз бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, вахталық жұмысқа баратын жұмысшылардың жұмыс кестесінің жоқтығы, сондай-ақ жыл сайынғы еңбек демалысына берілетін төлемақының уақытынан кеш берілетіні анықталды", - деп атап өтті облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Тұмар Шалбаева.
Сонымен бірге, заң талаптарына сәйкес бизнес субъектілерін тексеру нақты фактілер көрсетілген арыздар бойынша жүретінін айтты.
22-02-2018, 18:28
Вернуться назад