Сейхун-инфо.кз / Қазалыда кәсіпкерлік көкжиегі кеңейді

Қазалыда кәсіпкерлік көкжиегі кеңейді

Биылғы жылдың қаңтар мен сәуір айы аралығындағы есепке сәйкес Қазалыда 4364 кәсіпкерлік субъектілері тізімге алынған. Бұл былтырғы кезеңге қарағанда 89 кәсіпкерге көп. Соңғы мәліметтерге сәйкес 289 заңды тұлға, 3138 жеке кәсіпкер мен 940-қа жуық шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр.
Бұдан бөлек жергілікті өнеркәсіп өнімі мен өңдеу өнеркәсібінде айтарлықтай өзгерістер байқалады. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің де несібесі былтырғыдан еселеніп, нәтижесінде 8419 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. Тек бөлшек сауда көлемі ғана 2019 жылдың осы уақытындағыдай сауда жасай алмады. Бұл бүгінде 86,2 процентті көрсетті.
Жалпы аталған мезгілде аудан кәсіпкерлері мен ісін жаңадан ­бастаушылардан сауда айналымын және өндіріс түрлерін ашу мен дамыту мақсатында қаржы ұйымдарына 80 өтініш жолданған. Оның ­басым бөлігі қолдау тауып, жалпы көлемі 300,3 млнтеңге несие мен грант қаражаты берілді. Мәселен, «Еңбек» бағдарламасымен Өңірлік инвестиция орталығы 10 жобаға 27,8, ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қорынан 17 жобаға 47,7 млн теңге қаржы бөлінген. Тағы 47 бизнес-идея «Қарапайым заттар экономикасы», «Қазалы-Несие» кредиттік серіктестігі мен «Стартап» грант жобасы арқылы қолдау тапты.
Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін құны 145,5 млн теңгені құрайтын 6 жоба екінші деңгейлі банк арқылы қаржы алып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидияланды. Бұл аз десеңіз, бағдарламаның кепілдік беру компоненті бойынша 5 жобаға «Даму» қоры 45,9 млн теңгеге кепілдік берді.
20-05-2020, 14:17
Вернуться назад