» » Қ. ӘБІЛДИНА: «МЕНІҢ ҚЫДЫРӘЛІДЕН ДЕ БАСҚА АРҚА СҮЙЕРІМ БАР…

Қ. ӘБІЛДИНА: «МЕНІҢ ҚЫДЫРӘЛІДЕН ДЕ БАСҚА АРҚА СҮЙЕРІМ БАР…

Айдар: Көп талқыланған

Қ. ӘБІЛДИНА: «МЕНІҢ ҚЫДЫРӘЛІДЕН ДЕ БАСҚА АРҚА СҮЙЕРІМ БАР…

 

Әнші, аяулы жар, төрт ұлды тәрбиелеп отырған жұлдызды ана өзінің жетістігін жары Қыдырәлінің қолдауымен байланыстырады. Сондай-ақ, әр күнін, әр уақытын бағалайтын өнер иесі Алладан отбасының амандығын, балаларының бақытын тілеп, парызын орындауды да ұмыт қалдырмақ емес. Асыл жолға түскен ананың замандастарына, ізін басып келе жатқан сіңлілеріне айтар кеңестеріне құлақ түріңіз.
Бұл туралы ikerim.kz сайты.
-Біздің сайтымыз қыз-келіншектерге арналғандықтан, әңгімеміздің басым бөлігі қыздарға, аналарға қатысты болмақ. Танымал әншісіз, жарсыз, анасыз! Осының бәріне бірдей үлгеру қиын емес пе?
-«Әйел затының қырық жаны бар» дейді, сол рас. Кез келген адамға Алла тағала күш-қуат, өнер, білім береді. Бірақ сол қабілетін, қасиетін жарқыратып көрсете алу үшін әйел затына үлкен тірек, қолдау қажет. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды». Сол сияқты қанша жерден әйел заты керемет дарынды болса да, өмірлік серігінен қолдау таппаса, ол бойындағы қабілетін көрсете алмас еді. Егер бүгінгі таңда өзіңіз айтқандай, сахнада да, отбасында да, қоғамда да өзімнің кішкене де болса  үлесімді қосып жүрген қайраткер болған болсам, бұның барлығының артында ер азаматымның қолдауы тұр. Ол Алладан берілген, анамның сүтінен, әкемнің қанынан дарыған қабілетімді тұншықтырмай, қазан-ошақтың қасында қалдырып қоймай, керісінше оның дамуына жағдай жасап келеді. Мұның барлығы, қазақ өнерінде танымал әнші Қарақат  ретінде танытып, бар мейірімін, махаббатын, қаражатын аямай, үнемі мені демеп келе жатқан азаматымның  арқасы. Егер, Қыдырәлідей азамат менің өмірімде болмады деп есептесек, осы қазіргі жеткен жетістігіме, деңгейіме жете алар ма едім, жете алмас па едім ол – екіталай дүние. «Әйел сұлу көрінер азаматымен, еркек сұлу көрінер қазанатымен». Байқасам, Қыдекең әрдайым:«Менің Қақатым»-, деп өзінен бұрын мені алға тартып отырады. Мысалы, өткенде «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағын бір отбасында екі адамға берілмейді» деген кезде де  маған жолын берді. Мен: «Қыдыр, неге мен аламын? Сіз, бүкіл қазақ өнерінің бір қабырғасын қалаған азамат емессіз бе? Сіздің қасыңызда мен кіммін? Сіз, содан кейін мен…» деген едім. Сонда, ол: «Жоқ, Қақат, әр нәрсенің уақытында болғаны жақсы. Сен қазір нағыз піскен шағыңдасын. Жассың ба, әдемісің ба, ендеше киін, тақ, мін»,- деді. Ондай азаматқа қалай басыңды имейсің, жақсылығын қалай айтпасың? Ер азаматыңның қолдауының арқасында барлығына үлгеруге болады екен.
-Бақытты әйелдің портреті қандай болуы керек? Және өзіңізді бақытты әйелмін деп айта аласыз ба?
-Әйел баласымен бақытты! Аналық сезімді, аналық махаббатты сезінген әйел бақытты. «АНА» атану – жүрегіңді елжіретеді, бойыңды мейірімге бөлейді. 62 тамырың иіп, балаңды қолыңа алып, емізгеннен бастап, ол сенің бүкіл сезім қылдарыңды оятады. Және де, өзіңнің сүйіп қосылған жарыңмен бақытты өмір кеше алсаң, бір-біріңді қолдап, сүйеніш бола білсең, сол кезде бақыттың дәмін сезінесің.
   Аллаға шүкір, өзімді бақытты жандардың қатарына толық қоса аламын. «Бақыт» деген мен үшін дүниемен өлшенбейді, ол мен үшін алыс, қол жетпес дүние емес. Мен үшін бірінші бақытым ол – денім сау, аман-есен өмір сүруім. Ол үшін мені дүниеге әкеліп, үлгілі тәрбие берген ата-анама мың алғыс айтамын. Екінші бақытың – өз жарыңды табу. Одан  сүйікті, сүйкімді бөпелер сүю. Әрі, өзіңнің бала кезіңнен армандаған кәсібіңмен айналысу. Не керек басқа? Ағайын-туыс, бауырларыңмен шүйіркелесіп, мына өмірді мәнді де, сәнді қылып өткізе алсаң сол – бақыт деп ойлаймын. Сондықтан, шүкір, бақыттымын! Әр таңыма шүкіршілік айтамын. Әр кезімді бағалаймын. Ешкімнің алдына түсірме, ешкімнің соңына қалдырма, бел ортада жүрсем екен деп тілеп отырамын Алладан. Сол үшін бес уақыт намазымды да оқып, тағзым етемін. Балапандарымның бақытын Алладан тілеймін, үміттенемін.
-Өнер адамы болған соң сын көп болады. Теріс пікірлерді қалай қабылдайсыз?
-Бөтен адамдардан мені «өте тәкаппар, адам менсінбейтін, өте қатал» деген сияқты пікірлерді көп естимін. Ия, менің мүмкін бір көзқарасқа елпелектеген, бәрінің іші-бауырына кіріп-шығатын мінезім жоқ шығар. Ол – менің болмысым. Бірақ мен өзімді қатты қатал, қатігез адамдардың қатарына жатқызбаймын. Сыйласқанның құлы бола алатындай, адаммен адамша сыйласа алатындай ішкі құрметім, сана-түйсігім бар. Ненің жаман, ненің жақсы екенін ажырата алатамын. Егер мен теріс энергияны сезген болсам, өз-өзімді көндіріп, жағдай үшін немесе пайда, атақ-даңқ үшін дос бола алмаймын. Бір сөзбен айтқанда, жүрегімнің әмірін тыңдаймын. Мен әртіс екенмін деп, кез келген жерде жөні бар, жөні жоқ күліп, ыржиып, жымыңдап, қалжыңдап жүре алмаймын. Мүмкін сондықтан да салқынқанды көрінетін шығармын. Бірақ менің ол мінезімнен ешкім тоңып жүрген жоқ. Өзімнің жаратылысым сондай.
Жалпы елдің пікірін, сын дегенді көбіне әлеуметтік желі арқылы байқаймыз. Бірақ қатты айтылған сын дейтіндей кері пікірді көргенім жоқ. Көбіне алғыс, рақмет айтылып жатады. Бірақ бойымдағы кемшілігім тек өзіме ғана аян. Ең басты менің қағидам: «Менің осы өмірге келгенімнен айналамдағы ешбір адам зиян шекпеуі қажет. Менің ешкімге пайдам болмаса да, зияным тимеуі керек». Бұл қағида орындалып келеді. Мен ешкімді алдаған жоқпын, арым таза. Сол үшін де, мен-бақыттымын. Жөнімен айтылған сынды неге көтермеймін?! Ал, ретсіз айтылған сынды, яғни, сенің қытығыңа тиіп, тырнақ астынан кір іздеп жүретін төменгі сатыдағы пікірлерді мен оқып уақытымды кетірмеймін, ал байқап қалған жағдайда мен ол пікір білдірушіні блокқа жіберемін. Мен оқырмандарымды тазартып отырамын. Маған оқырмандарымның саны маңызды емес. Менің оқырмандарым адами қасиеттерге бай, ниеті түзу жандар болғанын қалаймын, әрі сондай деп айта аламын. Сол себептен де, мүмкін менің парақшамда негатив аз.
-Төрт бірдей  ұл тәрбиелеп отырсыз. Ұл тәрбиесінде неге баса назар аударасыз?
-Ұл бала тәрбиелеу оңай емес. Жалпы ер баланың табиғатына өжеттілік, намысшылдық, онымен де санасып, ой бөліскенді қалап тұратын мінездер тән. Қазіргі таңда заты еркек болғанымен, нәзік жігіттер көбейіп келе жатыр. Дүниеге ондай бала әкелмегеніме, шүкір. Жалпы оның барлығы текке, тәрбиеге байланысты. Менің ұлдарымның бойында сол Қыдекеңнің өжет мінезі, тәрбиелілігі, көптеген жақсы қасиеттері бар. Әрқайсысы өзін көшбасшы санайды. «Ата-ана баласына сыншы» дейді ғой. Ең бастысы, қазір балаларыма сапалы білім, үлгілі тәрбие бере алсам, ертең соның жемісін көремін деп сенемін. Ер бала болған соң оның физикалық тұрғыда дамып, күш-қуатын арттыра отырып, спортқа бейімдеу өте маңызды деп ойлаймын. Міндетті түрде, имандылық сабақтарын өткізіп, ұрлыққа, өтірікке, намыссыздыққа жақындамауды бойына сіңіріп, ар тазалығына, санасының дамуына үлес қоссақ деген ниетпен Қыдыр екеуміз еңбектеніп жүрміз. Тұңғышым 16-да, кенжем 3-тен асты. Мен олармен мақтанғым келеді. Ал ертең мақтану үшін бүгін жұмыс жасауым керек. Бала тәрбиесінде әкенің рөлі ерекше. Дегенмен, ананың мейірімі бала үшін өте маңызды. «Сенен артығы жоқ, сен өте таланттысың, ең мықтысы сенсің» деп, балаға сенім ұялатып отырсақ, кішкентай кезінен осындай сөздер арқылы оның өз-өзіне деген сенімі нық болады. Ата-аналардың басты міндеті — сол. Менің балаларым шахматқа, спорттық гимнастикаға, ағылшын тілі қосымшасына, домбыра сабағына барады. «Жігітке жеті өнер де аз» дейді. Балаларымның жан-жақты болуы ертең болашақ мамандығын таңдағанда да үлкен көмегін тигізеді. Бес уақыт намазға жайдан жай келгенім жоқ. Мен ұл тәрбиелеп отырған анамын. Олардың алдындағы менің бейнем қандай болып қалыптаспақ? Үнемі боянып алған, тек сахнада ғана әдемі көйлегін киіп алып, инструментті алып, анда-мында шапқылап жүрген ана қалыптаса ма? Әлде, бес уақыт намазын қалдырмайтын, сол балалардың тілеуін тілеп отырған ананы көріп өсе ме? «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген. Сол ойлар менің санамда қалып қойып, осы асыл жолға түстім. Бұл да менің отбасымның амандығы, саулығы үшін.
-Үй тірліктеріне өзіңіз үлгересіз бе? Әлде көмекшіңіз бар ма?
-Сәуле және Нұрлан есімді екі көмекшім бар. Біздің отбасымыздың мүшесіндей болып кеткен, сенімді жандар. Алла разы болсын оларға. Барлығын 100 пайызға сеніп тапсырамыз, себебі сол сенімге лайықты. Жалпы тазалық сол жандардың міндетінде. Бірақ, әлбетте, өз тірлігіңді өзің жинағандай болмайды. Айына бір рет немесе екі рет жеңді түріп, үйді керек емес артық заттардан бір тазартып отырамын. Әрине, көмекшілерімізге бір мезгіл лайықты демалыстарын береміз. Сол кезде мен де тамақ жасап, үй тірліктерімен айналысып тұрамын.
-Ер адамның көңілін табу үшін қандай мінез керек?
-Жұмсақтық. Ғабит Мүсіреповтің мынандай керемет сөзі бар: «Әйел ашуланса — жеңіледі, еркелесе — жеңеді». Осы тәсілді қолданған әйел әрдайым алда. Ашуға бой алдырып, ертеңгі күні басың дау болып керегі не? Ия, оңайға түспеуі мүмкін. Бірақ оларға көп нәрсе керек емес. Уақытылы тамағы, заттарының рет-ретімен өз орнында тұруы, жалпы күнделікті өмірде мәселе туындамауы тиіс. Сөзбен жүрегіне жылу жеткізіп, еркелетіп отыру керек.
-Қайын жұртыңызға қандай келінсіз?
-Мен ол кісілермен бірге тұрмаймын. Марқұм ата-енемді көрген жоқпын. Ол кісілердің орнын басатын қайын ағам мен қайын апам бар. Тек алыстан сыйласамыз, қуаныштарымызда ғана бас қосамыз, ешқандай да кикілжің болған емес. Келіндік парызымды орындап жүрмін. Үйдің баскөтерері біз болғаннан кейін барлығын жарылқап, қарайласып келеміз. Ол кісілерден тек ризашылық болмаса, ешқандай наз болған емес.
-Қазіргі абысын-ажынның қатынасына баға бере аласыз ба?
-Жалпы барлығы тәрбиеге келіп тіреледі деп ойлаймын. Көбіне естіп жататынымыз абысын-ажынның арасындағы кикілжің, түсініспеушілік. Білмеймін, ол бір қанға сіңген қасиет шығар. Әлбетте, ондай жағдайларды көрген кезде қынжыласың. Өз басымнан өтпегендіктен, маған түсіну қиын. Менің ойымша, бес күн өмірде сыйласып өткен жөн. Сен баратын үйіңнің адамдарын, туыстарыңды өзің таңдап алмайсың. Бірақ, неге сен жарыңды дүниеге әкелген анасын, оның туғандарын құрметтей алмайсың? Сыйла, құрметте ертең өмір бойы олармен болмайсың ғой. Оның бәрі уақытша сынақ.
-Қазір брендке айналып кеткен «Бал-бала» қуыршақтары — алғаш рет қазақша сөйлеген ойыншықтар. Әрбір ата-ана сіздердің ойыншақтарыңызды балаларына қуана-қуана алып бергісі келеді. Алайда, «Бағасы қол жетімді емес» дейтіндер өте көп. Бұған не дейсіз?
-Мен келіспеймін. Дәл сол бағаға қазіргі шетелдік мультсериалдарда танымал болған «Монстр хай», «Человек паук» сияқты қуыршақтарды сатып алады. Ал, «Бал-баланың» 5000, 3500 теңгелік қазақша өлең, тақпақ айтатын қуыршақтарын қымбат санайды. Меніңше, мәселе ақшада емес, ол жандарда басты құндылық – ұлтына деген, тіліне деген шексіз, риясыз көңіл жоқ. Сен нағыз патриот болсаң, егер сен балаңның болашағына алаңдайтын болсаң, сол ұлттық өнімді алып берер едің. Менің 3 жасар балам сол ойыншықтарды ойнау арқылы әнұранды, Бәкір Тәжібаевтің «Ақбұлақ» әнін жаттады. Біздің мақсатымыз да сол, баланы ойнап жүріп ойлату, үйрету. Қыдыр бұл істен пайда табам деп жүрген жоқ. Оның басты көздеген мақсаты – ұлт тәрбиесі. Біз осы тәуелсіз елде тұрып жатқан соң, сол қазақ еліне, ұлтына тамшыдай бір із қалдыру. Міне, осы позицияны ұстанамыз, ұстанып та келе жатырмыз.
-Cіздің «Қарақат» мектеп-студияңыз жайлы сөз қозғасақ. Соңғы уақытта өнер адамдары арасында осындай мектеп ашу сәнге айналған тәрізді. Яғни, өнерге барам деген жастар үшін таңдау көбейді. Сіздің мектебіңіз бәрінен алғашқы болып ашылды ғой. Дегенмен бәсекелестіктен қорықпайсыз ба?
-Менің өзімнің бағдарламам бар. Алдымда 200-ге жуық шәкіртім бар. Мен үшін ешкім бәсекелес емес. Әр адам өзі қолымен ұстап, көзімен көрмейінше, оның дәмін сезбейінше түсінбейді. Мектеп ашып, оның әрі қарай домалату — өзінің қолында. Одан кейін оның қандай дәрежеде қалатыны, қандай деңгейді көрсететіні белгілі болады. Мені бір қуантатыны, әріптестерімнің тек сахнада ғана ән айтпай, шәкірт тәрбиелеу керектігін де түсініп, сол орталықтарды ашып жатқандығы. Сондықтан да, сәттілік тілеймін. Бәсеке бар жерде нәтиже болады. Сол себепті мен бәсекелестіктен қорықпаймын.
-Әлеуметтік желіде  белсендісіз. Жүйелі түрде посттар салып отырасыз, халықты жалықтырып аламын деп ойламайсыз ба? Уақытыңызды қаншалықты көп бөлесіз?
-Әлеуметтік желі менің көп уақытымды алмайды. Өзіме қолайлы кезде посттар жариялап отырамын. Ал жалыққан адамдардың менің парақшамнан шығып кетуіне, қарамауына толық құқығы бар.
-Өзіңізді қалай күтесіз?
-Мен қазір толыққанды косметологқа барып, жиі бет күтімдерін жасаймын деп айта алмаймын. Бірақ 30 жастан асқаннан кейін жиі процедуралар жасау керектігін түсінемін. Алайда уақыттың тығыздылығынан қол тимей жатады. Дегенмен қатты тәуелділік көріп тұрғаным жоқ. Өзімше маскалар, әртүрлі брендтік кремдер қолданамын. Мен үшін басты демалыс– монша.
-Бүгінгі қара көз қыздарымыздың басты проблемасы неде деп ойлайсыз?
—Басты проблемасы – қазақы тәрбиеден мүлде алыстап кеткені. Ұят дегеннің не екенін білмейді. Комплекс жоқ. Бұрын қазақ қыздары немен ерекшеленген? Қазақы ұяңдығымен, нәзіктігімен. «Ұят болады» деген тәрбиемен өскен. Қазір ол үрдістердің бәрі жойылды. Қазіргі жастар беттен алады. Және оны қалыпты жағдай деп есептейді. Тік мінез. Аналарының көзінше инстаграмды ашып қойып, неше түрлі ашық-шашық суреттерін жүктеп, оған аналары лайк басып отыратын жағдайларды көреміз. Қазір жастардың қызып тұрған шағы. Егер балаларымызды жіті қадағаламасақ, оларды жоғалтып аламыз. Қызды бетімен жібермеу қажет. Мысалы, мен Ұлттық Комиссияның мүшесі болғандықтан, кеше ғана Гүлшара Наушанқызының басқаруымен өткен үлкен жиынға қатыстым. Онда қозғалған бірден-бір мәселе – қазіргі 15-16 жастағы қыздардың еркін қатынасқа түсіп, аяғы ауырлап қалуы, тұрмысқа шықпай дүниеге бала әкелуі жайлы баяндама жасалды. Облыс облысқа бөліп, сол қыздардың санын айтқанда мен жағамды ұстадым. Ол рас нәрсе, оны айтуымыз керек. Шынымен де жағдай соған дейін жетті. Ал, оның артында «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ болып отыр. Сондықтан құрметті ата-аналар ертең өкініп қалмас үшін перзенттеріңіздің тәрбиесімен бүгін айналысыңыздар. Баланы бесіктен, жатырдан тәрбиелеу керек. Әсіресе, қазіргі қыз баланың тәрбиесі өте маңызды.
—Жар таңдауда қандай нәрселерді назарда ұстау қажет?
-Білмеймін, мен 18 жасымда Қыдырмен таныстым, 21-де тұрмысқа шықтым. Ол кезде мен өзім бала болдым, пәк болдым, мен үшін ол алғашқы махаббат болды. Мен оны емес, ол мені таңдады десе де болады.
Ал қазіргі жағдайда ең алдымен тәрбиесіне қарау керек. Мүлкіне, атағына ғана қарап, ертеңгі күні ол  тексіз жерден шыққан азамат болып шықса, шаңырақ шайқалады. Ол қаншалықты текті отбасының тәрбиесін көрген бала? Ең бастысы – ұяты, намысы, имандылығы бар ма?  Осындай сұрақтарға мән беру керек деп ойлаймын. Ал көлік, үй, атақ кейін бола беретін уақытша нәрселер.
-Бүгінгі бойжеткен қыздарымызға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
-Ең алдымен, ұлы қазақтың қызы екенін ұмытпаса, сол атаққа лайықты болса. Ана сыйлай білетін, әкеден қаймығатын, үлкеннің жолын кеспейтін, кішіге ізет көрсете білетін қыз өмірде міндетті түрде бақытқа, жақсылыққа қол жеткізеді. Ал намыссыз, имансыз, ғайбат сөз көп айтатын, жаман әдеттерге құмар, ашық-шашық киінетін қыздар өз «сыбағасын» алады. Жастығыңда жасаған күнәларың балаңнаң қайтады. Ал өмірде балаңнан жақын адам бар ма? Сондықтан адам баласы міндетті түрде әр жұмысты жасар кезде ой елегінен өткізу қажет. Алладан қорқу керек. Имандылық сабақтарына қатықаны жөн болар еді. Мешіттер сәндік үшін салынбаған шығар?! 38 жастағы мен сол имандылық сабақтарына барамын. Білім мен ғылымның ерте-кеші жоқ. Бүгін гүлдей әдемісің, ертең соласың, ештеңе мәңгі емес. Ертеңгі күні өкініп қалмас үшін ниетіңді түзеп, ар-ұятқа берік болыңдар, құрметті қыздар!
-Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рақмет!