» » ЖЕТІ ҚАРАҢҒЫ ТҮНДЕ ЖАН ШОШЫТҚАН ДАУЫС

ЖЕТІ ҚАРАҢҒЫ ТҮНДЕ ЖАН ШОШЫТҚАН ДАУЫС

Айдар: Көп оқылған

 

Бұл бұдан ширек ғасыр бұрын болған оқиға. Шамамен 1989-1990 жылдары. Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында мен туып-өскен Қарабұлақ дейтін шағын ауылда болған.
Сол ауылдың үш жігіті: туған інім Мырзағали (Мырза), көрші үйдегі Дүйсенғали (Дүйсек), Жанболат (Жакон) деген інілерімнің әскерден келген бойдақ кездері. Сол түні үшеуі көрші ауыл Балдысудағы сауық кешіне бармақ болады. Екі ауылдың арасы бес шақырым. Ол кезде көлік жоқ, қас қарайған соң үшеуі жаяу тартады. Біздің ауылдың түні әдетте құлаққа ұрған танадай тып-тыныш, ауыр, қою, көзге түртсе көрінбес қап-қара болады да, аспан ашық болса, жұлдыздары баданадай ірі, ерекше жарқырап тұрады. Не керек, үшеуі алаңсыз келе жатады. Екі ауылдың тура ортасында «Шұқырой» деген терең сай бар. Сол сайды кесіп өтіп, төбе басына шығады. Ары қарайғы әңгімені туған інім Мырзағали айтсын: 
...Бір кезде алыстан темірді ауыр балғамен соққандай шыңылдаған қатты дыбыс шықты да, әлгі дауыс тапбір шауып келген ат секілді тура алдымызға кеп тоқтаусыз шыңылдап тұрып алды. Үшеуміз қорыққаннан деміміз шықпай, бір дене болып жабыстық та қалдық. Көзге түрсе көргісіз қап-қара түн, ештеңе көрінбейді, тек әлгі дауыс тоқтаусыз сақылдап, құлақты жарып жіберердей шың-шың етеді. Кәдімгі темірді ауыр балғамен үздіксіз соққанда шығатын дыбыс. Егер жарқылдап от шықса, аузынан от шашып тұрған айдаһар дер едік, ондай оттың жарқылы да, өзге де ештеңе көрінбейді. Тек қана құлақты жарып жіберердей тоқтаусыз қатты шыңылдаған дауыс! Үшеуміз бір дене боп жабысып тұрмыз. Бір кезде бар күшіммен айқай салдым. Әлгі дыбыс бірден өшті де қалды. Сол екен алға қарай безіп жөнелдік. Балдысуға жеткенше жүгірдік. Үйлердің жарығы көрініп, иттің үргені естілген соң ғана тоқтап, есімізді жидық... Түнімен вечерде болып, таң атқан соң ауылға жаяу қайттық. Әдейі түндегі жерден өтіп, ары-бері қарадық. Ештеңе сезілмеді...
Інім Мырзағали қазір ауылда, Дүйсек пен Жакон Таукент қалашығында тұрады. Үшеуінің де жасы елуден асты. Кездескен сайын олардан осы оқиғаны қайталап сұрап тұрамын. Жеті қараңғы түнде елсіз далада жын болмаса, жан баласы жүрмейтіні анық. Оның үстіне біздің тау қойнауындағы шағын ауылда. 
Жеті қараңғы түнде жан шошытқан не болды екен?! Осы сұрақ мені көп жылдардан бері анда-санда мазалап тұрады. Бүгін де есіме түсіп, осында жазып отырмын. 
Жеті қараңғы түндегі жан шошытқан дауыс кімдікі, ненікі болды екен?!.

Төреғали ТӘШЕНОВ

Facebook-тегі парақшасынан