Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Келін түсіру

Ауылға құдағилар бастаған келін көші келгенде, оларды жігіт ауылындағы кәрі-жас, ер-әйел түгел есік алдына шығып, әйелдер шашу шашып, ерекше салтанатпен карсы алады. Бірақ, келін де ауылға шешелерімен бірге келмей жолда отау тігілгенше аялдап қалады. Осындай абыр-сабыр, қуаныш үстінде кімде-кім көш бастар түйе немесе басқа көліктің бұйдасын, я болмаса шылбыр-тізгінін елден бұрын ұстап ауылға жетелеп кірсе, ол «түйемұрындық апа» немесе «түйе мұрындық ата» аталып, бір жол (кәде) алады. Ауыл адамдары жапа-тармағай құда-құдағилардың ат-көліктерін ұстап, құдағиларды түсіріп, жүктерді жөндеп, отау тігуге кіріседі. Әдетте, отау әке үйінің артына тігіледі. Отаудың шаңырағын балалы-шағалы, үлгі-өнегелі бір үлкен кісіге көтертеді. Бұл – жас отау иелерінің болашақта осы тұңғыш шаңырағын көтерген кісідей өсіп-өніп, көгеріп-көктеп, балалы-шағалы, үлгі-өнегелі жақсы кісі болсын дегені.

Келін түсіру

Жаңа отау тігіліп, отауға келіннің жасау-жабдықтары тізіліп, көрпе-жастықтары жиылып болған соң, ауылдың сырт жағында тосып тұрған келінді төте ата-енесінің үйіне, екі абысыны екі қолтығынан сүйеп кіргізеді. Ата-ене табалдырығын тұңғыш аттаған келін, ұлы шаңырақ табалдырығын оң аяғымен аттап, оң тізесін басып дәл иілін үш рет сәлем жасайды. Ата-енесі: «Көп жаса, қарағым!» деп баталарын береді. Онан сон, келіннің маңдайына ак жағады. Бұл «ақжолтай бол, құдайым ақ жолын берсін» дегені. Одан соң, келінді отбасындағы жұмсақ тулақ немесе көрпеге отырғызады. Бұл – «жаңа түскен келіннің мінезі жұмсақ, тулақтай төзімді болсын» дегені. Одан кейін келінді тұрғызып, отқа май құйғызады. Онда келін отқа май құйып: «Май ана шапағатыңды тигізе көр! өзің жарылқағайсың!» – дейді. Сонда, келінді коршап тұрған әйелдер от жалынына алақандарын қақтап «оттай опалы бол!» деп келіннің маңдайын сипайды. Бұл – «Келіннің қолы құтты, майлы болсын, ата-баба аруағы қолдасын! Сені өз баламыздай аялап, әлпештеп отырамыз» дегені. Осы жоралғыларды орындап болған соң, келінді өз отауына апарады. Онда келінге шашу шашып, сол жаққа тартылған шымылдық ішіне отырғызады. Келіннің алдынан шыққан және қуанышқа жиналған қыз-келіншектерге қыздың шешесі алқа-білезік, сырға, жүзік, сөлкебай сияқты заттар сыйлайды.
Келінге алғаш ата-ене табалдырығын аттағанда сәлем жасату – жаңа түскен келінді үлкенді құрметтеп, кішіні аялайтын, ар-ұятты, әдеп-ибалы болуға жетелейді. Мандайына ақ жағу қайын жұртына деген сүйіспеншілігін арттырады. Тулақ пен көрпеге отырғызу көмпістікке, төзімділікке, тіл алғыштыққа баулиды. Жаңа ел-жұрттың әдеп-ғұрпына тез әдеттендіреді. Отқа май кұйғызу еңбекшіл болуға, отауының отын өшірмей мәңгі маздатып жағуға кұлшындырады. Келіннің маңдайынан алақанмен сипау келінге рухани күш-жігер береді. Жаңа ел-жұртқа деген сүйіспеншілігі мен құрмет сезімін арттырады.

"Ағаш бесіктен жер бесікке дейін" кітабынан
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: