» » "Қорқыт-қобыз" туындысын жасаған шебер

"Қорқыт-қобыз" туындысын жасаған шебер

Айдар: Мәдениет / Сонғы жаңалықтар
Бұл мамандыққа келуімнің өзі қызық болды. Мектепте мұғалім болатынмын. Түскі уақытта жұмыстан келіп, сәл тынығып алайын деп жастыққа жантайғаным сол екен көзім ілініп кетіпті. Ақ сәлде оранған, ақсақалды қария келіп: «балам, мына ағашты ал» деп қолыма ағашты берді де ғайып болды. Оянсам түсім екен.

 

Алғашқыда еш мән бергенім жоқ. Кейін қолыма ағаш алып, түрлі бейнелер оя бастадым. Әлгі қария маған аян берген екен деп іштей жорамалдадым. Содан бері ағаш­тан түйін түйетін ұстаға айналдым. Бұл мамандыққа деген ықыласым ауып, үнемі ізденіс үстінде жүретін болдым. Яғни, осы бағытқа біржолата бет бұрдым,-деп әңгімесін бастаған Жәнібек ағамыздың расында өнері таңғалдырарлық. Орта жас­ты еңсерген шағында бастаған ісі жемісті болды. Бүгінде елімізде шеберді танымайтын жан кемде-кем. Оның сыр мен сезімге толы дүниелері көздің жауын алады. Мағынасы жағынан да терең ойды бейнелейді. Міне, Жәнібек Асанұлының екінші қыры осылай танылды.
Шебердің жасаған дүниесі бір затқа қарап емес, әрбірі ойдан туады екен. Сондықтан да мәні мен маңыздылығы орасан.
– Кейде бір іспен шұғылданып жатқанымда, кенет ойыма жақсы дүниелер келе бастайды. Қолыма қойнымдағы дәптерімді аламын да түртіп қоямын. Содан өрнектер пайда бола бастайды. Кейде күн-түн демей жұмыс жасаймын. Тек ойымдағы дүниемнің сәтті шығуына бар күш-жігерімді саламын. Негізінен Сыр елі дегенде еске бірінші болып Қорқыт бабамыз түседі. Менің шығармашылығымның басым бөлігі осы Қорқыт бабамыз бен қазақтың ұлттық аспабы домбыра болып табылады. Мәселен, "Қорқыт - Қобыз” деп аталатын туындыны жасаған кезімде көп уақыт кетті. Бірақ көпшіліктің қызығушылығын тудырды, – дейді ол.
Ол 1950 жылы Тереңөзек ауданының Қызылөзек ауылдық кеңесіне қарасты елді мекенде дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласынан бастаған ол, түрлі салада қызмет жасайды. Ақырында мектепке орналасып, еңбек сабағының мұғалімі атанады. Ол қолөнер әлеміне байланыс­ты үйірмелер ашып, балаларды осы бағытта шыңдауға ықпал етіп келеді. Қазақы болмысымызды сақтап қалу үшін құнды дүниелерді қашанда ұлықтау керек дейтін шебердің ұстанымы еңбек пен ізденіс.
Оның еңбектері бүгінде еліміздің барлық аумағында ұйымдастырылған көрмелерден орын алып келеді. 1997 жылы Мәскеуде өткен қолөнер көрмесіне шақырылып, оның жұмысы жоғары бағаланды. Алдағы уақытта өтетін ЭКСПО көрмесіне қойылатын туындыларын жасауда.
Ағамыздың қазақтың қасиетті қолөнерін жандандыру үшін оған үнемі көңіл бөліп, қолдау білдірсе деген тілегі бар.
Расында, ұлттың ұлт болуын оның ұлттық құндылықтарынан білуге болады. Осы бір киелі өнерді ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру жолында еңбек етіп жүрген шеберлердің еңбегі жана берсін демекпіз.


С.ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.