» » Қызылорданың "Тукасы"

Қызылорданың "Тукасы"

Айдар: Мәдениет / Сонғы жаңалықтар
Қызылорданың "Тукасы"Тасадағы таланттар... Бұл – «Ақмешіт апталығы» газетінің жаңа айдары. Расында да бізде өнер саласында көрінбей жүрген талант иелері баршылық. Айдарымыздың мақсаты – осындай тасада жүрген таланттылар жайлы сыр бөлісу, ашық әңгімеге шақыру. Журналистер қауымы көбіне іс-шараларда жиі жүреді. 1 қазан-қарттар күнінде Ардагерлер үйінде қарияларға арналған жақсы шара өтіп жатыр екен. Ортада жас жігіт тұр, өзінің әдемі әзілімен көпшілікті баурап алған. Бәрі де мәз-мәйрам. Алғашында мән бермедім, бірақ даусы, түр-сипаты бүгінгі қазақ сатирасының тарланы Нұржан Төлендиевке қатты ұқсайтынын байқадым. Иә, расында да ұқсастық бар. Сөйтсем, қарияларымызға өзінің әзілімен күлкі сыйлаған – Қайрат Әбжәлиев деген өнерпаз екен. Жоғарыда атап өткендей, аталмыш айдарымыздың алғашқы қонағы ретінде Қайратты сұқбаттасуға шақырдық.
 – Қайрат, редакциямызға қош келдің! Алдымен əңгімемізді оқырмандарымызға сені таныстырудан бастасақ...
– Рақмет! Өзім 1993 жылы дүниеге келдім. Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінің тұрғынымын. Қарапайым ғана отбасым бар, анам жəне қарындасым. Шағын отбасы болсақ та, бəрі де өнер адамдары. Анам Нəзипа əн салғанды өте жақсы көреді. Қарындасым да өнер жолын таңдады. Өзім де М.Мəметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінен актер мамандығы бойынша білім алдым. Аллаға шүкір, Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының əртісі болып жұмыс жасап жүрген жайым бар.
– Қазір сені мерекелік шараларда, той- томалақта жиі көріп жүрміз. «Тука» деп аталып кеткен өнер иесі Нұржан Төлендиевке ұқсастығын бар. Жалпы, Тукадай болғың келе ме?
– Нұржан ағамызға еліктеушілік 7 сыныпта оқып жүргеннен басталды. Алғашында оның əзілдерін көріп, кейін қайталап, бертін келе ұқсай бастадым. Ұқсастық деп отырсыз, менің сөйлеу мəнерім, түр- сипатым ұқсайды. Тіпті, оны Нұржан ағамыз да айтты.
– Нұржан Төлендиев сенің өнеріңді көрді ме, қалай бағалады?
– Иə, Сыр еліне келген кезінде жолыққан болатынмын. Жақсы деп бағалап, ағалық ақыл-кеңесін берді. Осы салада жүргендіктен, Тұрсынбек Қабатовпен де кездестім. Бірақ, «əлі жассың, өнеріңді шыңдай түс» деген кеңес айтты. Əрине, бұл өнер жолындағы бастапқы баспалдағым деп білемін.
– Саған да қызылордалықтар ат қойып үлгірген болар...
– Бірде мынадай қызықты жайт болды. Бəрі Тука деп кеткен соң, «Осы сенің шын есіміңді де білмейміз» деп сұрағандары кездесті. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорданың Тукасы мен ғой.
– Халық білетін Нұржан əн салады, мықты актер. Ал, біз білетін Сыр елінің Қайраты пародияны жақсы жасайды. Басқа да қандай өнерің бар?
– Одан бөлек жазба ақындығым бар. Бала кезімнен қысқаша етіп өлең жазатынмын. Əуелі махаббат тақырыбынан бастадым, əрмен қарай мені дүниеге əкелген анама, өмірге, өзімнің білім алған алтын ұя мектебіме арналған өлеңдер жаза бастадым.
– Кімдерге пародия жасайсын?
– Пародия жасаған өзіме ұнайды. Алдымен Елбасымызға, Əбсаттар қажы Дербісəліге, Иманғали Тасмағамбетовке, өнер иелері Уəлибек Əбдірайымовке, Нұржан Төлендиевке, əншілерден Медеу Арынбаевқа, Мейрамбек Беспаевқа, Нұрлан Еспановқа, Заттыбек Көпбосыновқа, Қайрат Нұртас пен Қайрат Түнтековке, Сырым Исабаевқа жəне «Менің атым Қожа» атты фильмдегі Қожаға пародия жасаймын. Ал, нəзік жан- дылардан Жанар Айжановаға пародия жасап жүрмін.
– Той-томалақтың басшысы – асаба. Яғни, арасында асаба боласын, егер құпия болмаса асабалықтың бағасы қанша?
– Құпия емес. Ең бастысы, халықтың жағдайына қараймын. Мəселен, бір тойға шақырады, тек ол жерде пародия ғана жаса деген ұсыныс түседі. Ал, кейбір той иелері бастан-аяқ асаба болуымды қалайды. Сондықтан, əрқайсысының бағасы əртүрлі. Айта кетейін, пародия мен əн салу 10 мың теңге тұрады. Ал, асаба болсам, 30 мың теңге. Барға қанағат деу керек.
– Туканың емес, өзіміздің Қайраттың алға қойған мақсаты қандай?
– Өнердің тарихында өз орнымды тауып, атымды қалдыру. «Өзге елде ұлтан болғанша, өз жерінде сұлтан бол» дегендей, осы киелі Сыр елінің еркесі де, серкесі де болып жүргенім дұрыс деп ойлаймын. Көбіне күліп жүремін, сөйтіп айналамдағыларды күннің шуағындай күлкіге бөлеп жүргім келеді. Голливудтің актері Джим Керри айтқан екен: «Күліп жүргеніммен, бақытты емеспін» деп, ал мен өзімді бақытты санаймын. Аллаға шүкір етемін.
– Қайрат, сыр сұқбат бергенің үшін рақмет! Талантына Алланың нұры жаусын!
 
Сұхбатты жүргізген: Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ
 
Қысқа сұраққа нақты жауап: 
– Өмірлік ұстанымың...
– Ең бастысы, адам болу.
– Көбіне көңілді жүресің, жиі ашуланасың ба?
– «Ашу-дұшпан» дегендей, көп ашулана бермеймін.
– Өзіңе ұнайтын жəне ұнамайтын қасиеттерің...
– Ұнайтын қасиетім-көпшілмін, тез тіл табысамын. Ал, ұнамсыз қасиетім-орынсыз сөйлейтінім.
– Адамды қандай қасиетіне қарап бағалайсың?
– Адамгершілігіне қарап бағалаймын
 
"Ақмешіт апталығы" газеті