» » Зергерлік өнерге қашан зер саламыз?

Зергерлік өнерге қашан зер саламыз?

Айдар: Мәдениет / Көп талқыланған
Зергерлік өнерге қашан зер саламыз?Қазақ халқында қолы алтын зергерлер мен ұсталар аз болған жоқ. Жер-дүниені кезген жиһанкездер олардың өнеріне тәнті болғанын таспаға басылған талай еңбектен біліп жүрміз. Біздің қолөнеріміз ежелден ешкімнен кем түскен емес. Елдің арасында темірден түйін түйген, сан алуан ағашты кәдесіне жаратқан және өзге де өнердің майын ішкен шеберқолды адамдар саны аз болды ма?! Расын айтқанда, олардың саны өте көп. Бәлкім, олардың кейбірін кейінгі ұрпақ жадынан жоғалта бастаған да шығар. Дәстүрлі қазақ қоғамында ұсталық өнерді киелі кәсіп түрінде бағалап, осындай шеберлерді төрге оздырғанын кез келген ұлтжанды азамат зердесіне тоқып өскені бесенеден белгілі. Өйткені бүгінгі ұрпақ ұсталық, зергерлік өнерді ұмыт қалдырып, жаһандану заманының иіріміне терең батып бара жатқанын қалайша жасырамыз?!
Бүгінгі ұрпақ ғасырдан ғасырға жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа аманат болған төл өнерді босағадан оздыра алмай жүрген жайы бар. Қайран қазақ қадірін жете түсініп, төбесіне көтерген ұсталық пен зергерліктің киелілігі мынада жатыр. Ол атадан балаға қан арқылы тарап, қаншама дәуір бойы дүйім елдің жүрегінде мақтаныш туғызды. Қазіргі күні бұл өнерді саусақпен санарлық бірен-саран адам ғана жанына серік етіп, одан өзіне рухани ләззат алып жүр десек те болатындай. Себебі оған ешқандай қызығушылық жоқ. Кейде шетелден келген мейманға кәдесый ретінде ұсынуға қажетті бұйымды таппай, көше кезіп сенделіп қалатынымыз тағы да бар. 
Сырдария ауданындағы қолөнер шебері Сайділда Сәдуақасов бізбен бір кездесуінде «Ұсталық пен зергерлік – өте қызық өнер. Көздің жауын алып тұратын дүниені жасап шыққан сайын рахат күйге бөленесің. Сол кәсіптің қыр-сырына одан әрі қаныға түскің келеді. Темірден түрлі бұйымдар жасау мен ағаш жонуға асқан ептілік қажет етіледі. Болмаса, ойлаған дүниең шыға қоймайды. Әрбір істі бастар алдында жасайтын дүниеңді ойша жоспарлап аласың. Содан кейін барып жұмыс басталады. Жалпы, зергерлік те, ұсталық та қаншама уақытыңды талап етеді. Осыған шыдамың жетсе, ойыңдағы орындалады. Соңғы жылдары елдің арасында ұсталық өнердің ұмытылып бара жатқаны жасырын емес. Қазіргі таңда көпшілік тұтынатын заттардың барлығы дерлік техникаға қатысты болып отыр. Қандай затты қажет етсең де, алдыңнан табыла кетеді. Сол себепті елдің арасында қолдан жасалатын дүниелерге сұраныс күрт азайып барады» деген еді.
Кейінгі буынның арасында ұлттық өнерді үйренуге деген ынтаның төмен болып тұр. Ұсталардың айтуынша, зергерлікпен айналысуға шикізат көзі де тапшы. Бүгінгі күні күміс теңгелер көзден ғайып болды. Ол бұрын зергерлікке зер салатын адамдардың негізгі шикізат көзі еді. Күміс теңгелерді қайта қорыту арқылы сақина-білезік жасалатын. Тіпті ер-тұрмандарға сән беруге де жаратылатын. Сайділда ағамыздың айтуынша, кезінде елдің арасында осындай қолөнер бұйымдары арқылы кеңінен танылған азаматтар көп болған. Бір ғана Тереңөзектің төңірегінде Құрманғали, Мамырай, Жұматай есімді зергерлер болған екен. Олардың жасаған бұйымдары халықтың игілігіне айналды. Атап айтқанда, әйелдерге арналған жүзік, сақина, білезік, шашбау, бойтұмар, алқа елдің сұранысын өтеп жатты. Қазір пышақ және шалғы секілді егіншілерге қажетті дүниелерге де сұраныс жоқ.
Өркениетті елдерде қолөнер бұйымдарына деген қызығушылық өте жоғары. Қолдан жасалған дүниелер үлкен сұранысқа ие. Өкінішке орай, бізде әзірге ондай көзқарас жетіспей жатыр. Мәселен, қазір елімізге зергерлік бұйымдар, негізінен, сырттан келеді. Ал өзімізде алтын қолды азаматтар аз емес. Қаншама қаржы өзгенің қалтасын толтырып жатыр. Сондай орындарды өзімізде ұйымдастыра алмаймыз ба? Қазақ жерінде металдың түр-түрі бар. Арнайы шеберханалар ашып, онда шеберлердің басын қоссақ, көздің жауын аларлық қаншама дүние көпшіліктің кәдесіне жарар еді. Біздің елдегі шеберлердің де тәжірибесі мол. Олардың осындай көп жылғы еңбегін жас ұрпақ бойына сіңіре алсақ, атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық қолөнер өркенін жая түсетіні айқын.
Ғалымдардың айтуынша, қазақ жеріндегі ұсталық өнер қола дәуірінен бері халықпен бірге жасасып келеді. Олар қалыпта құю, соғу, шегендеу, қара бағдар қондыру, зер жүргізу секілді дүниелерді жасап шығарған. Қолдағы шикізатына қарай қолы алтын шеберлерді мүйізші, ерші, ағаш оюшы, сазгер, майдагер, мыскер, балғашы, таспашы, бәдізші және темірші деп бірнешеге бөлген. Шынын айтайық, қазір дайынға үйір болып алдық. Керек-жарақты армансыз шетелден тасып жатырмыз. Басқаны айтпай-ақ қоялық, қарапайым балтаның басын алып қарайық. Қазақтың қара шаруасы оны Қытайдан жеткізеді. Оны жергілікті жерде де жасауға болады емес пе? Сондай-ақ әйелдер өзге елден жеткізілген ыдыс-аяққа құмар. Кезінде оны өзіміздің ұсталар жасады емес пе? 
Расында, бізге ұсталық өнер атадан балаға аманатқа айналған ардақты өнер еді. Қаншама ғасырдан бері сол игі іс үзілмей келді. Дегенмен, соңғы уақытта оған жастардың тарапынан қызығушылық байқала бермейді. Бәлкім, өзіміз қызықтыра алмай жүрген шығармыз. Қазір елдің ішінде ұсталық өнерді кәсіп еткендер баршылық. Өкінішке орай, олардың барлығы – жасы үлкен кісілер. Олардың қасында жас буынды көре бермейсің. Осындайда ұлтымыздың сан ғасыр бойғы жан серігіне айналған осы өнер жадымыздан жоғалып кете ме деген ой келеді.

Нұрдәулет РАҚЫМЖАНҰЛЫ