Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

ҚАЛАНЫҢ ШЕЖІРЕЛІ ОРДАЛАРЫ


Сыр өңірінің басты ордасы – Қызылорда қаласы талай тарихи оқиғаларға куәгер болды. Мұнда талай руханият ошақтары ашылды. Олардың саны көп. Биыл Қызылорда қаласының 200 жылдығы мерейтойы аталып өтіп жатыр. Осы орайда бірқатар мекемелердің тарихы жайында айта кеткеніміздің артықтығы болмас.

Солардың бірі - Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві 1928 жылы ұйымдастырылған. Алғашқы кезде округтік, 1931 ж. қалалық архив болды, 1938 жылдан қазіргі атауымен аталып келеді. Архивте облыстық, уездік-қалалық кеңестер мен атқару комитеттерінің 1917 жылдан бергі тарихи құжаттары жинақталған. Облыс өңіріндегі азамат соғысының барысы, алғашқы ұжымшарлар мен кеңшарлардың, МТС, тұңғыш мұғалімдер одағының, «Қосшы» одағының құрылуы, жергілікті өнеркәсіптің, балық шаруашылығының дамуы, күріш өсіру технологиясын меңгеру, атақты күрішшілер Ы.Жақаев, М.С. Кимнің еңбектері, мал шаруашылығын дамыту, оқу ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет басқармаларының, Қызылорда қаласы астана болып тұрған кездегі (1925 – 29) оқу орындарының құжаттары сақталған. Ғылыми анықтамалық әдебиеті 800-ден, құжат саны 136 мыңнан асады. Құрамында 2 бөлімшесі, 7 аудан архиві бар.
Ал Қызылорда облыстық филармониясы – концерттік-сахналық мәдени мекеме. 1972 ж. құрылған. Оның алғашқы директоры Т.Қалауов болды. Филармонияны әр жылдары Д.Дүй¬сенбаев (1976 – 80), К. Асанбаев (1980 – 85), Қ. Мұхамедияров (1985 – 86), Б. Шөкенов (1986 – 89), Ш. Әбдібаев (1989 – 90), М. Әбдікәрімов (1990 – 2001), С. Ибрашев (2001 – 03), М. Ахметов (2003 – 05) басқарды. Оның құрамына «Сыр күмбезі» (жетекш. А. Тұяқбаев), «Ақ толқын» (жетекш. Қ. Сақтағанов), «Бәйшешек» (жетекш. Қ. Байғабылов), «Сыр маржаны» (жетекш. Ү. Ахметова), «Сыр самалы» (жетекш. С. Бердіхожаев) ансамбльдері және «Сыр әзілі» ойын-сауық отауы (жетекш. Б. Есенов) мен «Томирис» бишілер тобы (жетекш. Г. Мырзабаева) кірген. «Томирис» тобы «Шабыт» Халықар. фестивалінің лауреаты болды (2005). Қазіргі уақытта филармонияда Ш. Қалдаяқов атындағы халықар. ән байқауының лауреаттары Қ. Ысқақов, Э. Қанатбаева, Р. Бағланова атындағы аумақтық әншілер байқауының лауреаты Р. Ысқақова, республика «Жас қанат» байқауының дипломанты Г. Әлиханова, т.б. жұмыс істейді.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі – ғылыми-мәдени мекеме. 1939 ж. негізі қаланған. Алғашқы экспозициясы 1890 – 96 ж. салынған шіркеу үйінде болды. 1980 ж. жеке ғимаратқа көшірілді. Мұражай 14 залдан тұрады. 2000 – 02 ж. мұражайда «Өлке кеңес үкіметі кезінде», «Сыр бойындағы астана», «Қызылорда облысы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында», «Тәуелсіз Қазақстан», «Этнография», «Мәдениет және өнер» залдары ашылды. Облыс географиясына, археологиясына арналған залдар да өлке тарихынан, өнеркәсібі мен ежелгі мәдениетінен мол мағлұмат береді. Мұражай қорында 42920 жәдігер бар, оның 5 мыңнан астамы көрмеге қойылған.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: