Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

САРЫАРҚАНЫҢ САЗ СӘЛЕМІ


Кеше Елорданың 20 жылдығына орай Қызылорда облысындағы Астана қаласының мәдениеті мен өнер күндері аясында Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Астанадан ақ тілек» атты концерт өтті.
Салтанатты жиында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елорданың – 20, Қызылорда қала­сының 200 жылдығы мерейтойларымен құттықтап, бұл мәдени шара рухани болмысымызды одан әрі аша түсетінін ерекше атады.
– Астана – Алаш жұртының асқақ айбары. Кеше ғана Еділден айырылған қазақ Есілден де айырылайын деп тұрғанда Еуразия төрінде, Сарыарқаның төсінде Елбасының бастамасымен заманауи Астана бой көтерді. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру қазақтың өз билігі өз қолына тигеннен кейін ұлттың болмыс-бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін кемелдендіру мақсатында он ойланып, то­ғыз толғанып барып қабылданған тарихи шешім болды. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл шешім қазір қай қырынан алып қарасақ та дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеді. Құла даладан құбылаға бет түзеген, сәні мен салтанаты жарасқан Елордамыз тәуелсіздігіміздің тірегіне, экономикамыздың жүрегіне айналды. Сондықтан Астананың 20 жылдық мерейтойы – бұл мемлекетіміздің мерейтойы, жалпыхалықтық мереке, – деді аймақ басшысы.
ХХ ғасырда әлемдегі мемлекеттер арасында Германия мен Бразилия өз Астаналарын ауыстыру туралы шешім қабылдаса, жаңа ХХІ ғасырда тек тәуелсіз Қазақстан ғана осындай тарихи батыл қадамға бел буған. Биыл Астананың 20 жылдығы мерейтойына облыстан сый ретінде зымыран ғарыштық техникасы музейінің ашық экспозициясының құрылысы Елбасының қатысуымен салтанатты түрде пайдалануға берілді.
– «Байқоңыр» ғарыш айлағы – қазақ хал­қының ғана емес, бүкіл адамзаттың мақтанашына айналған тарихи кешен. Биыл Астана қаласының 20 жылдық мерекесі болса, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы. Қазақстанның алғашқы астанасы мен бүгінгі Астананың, Үшқоңыр мен Байқоңыр арасындағы рухани байланыс көп нәрсені аңғартса керек, – деді облыс әкімі.
Мерекелік жиында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Сыр өңіріндегі елеулі өзгерістерді атап, Астананың 20 жылдығына арналған арнайы сый үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, ғарыш алаңы Елорданың бүгінгі туристік кластерінің маңызды бөлшегіне айналып үлгергенін, елордалықтар қызығып баратын ерекше танымдық орын екенін жеткізді.
Сарыарқа төсінен ұлы дала дүбірін, өр рухын ала келген Астана қалалық Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» дәстүрлі саз тобының өнеріне ел ықыласы ерекше болды. Дәулеткерейдің күйі «Көрұғлы», Біржанның әні «Айтбай», Шолпан Қорғанбектің күйі «Аманат», Еділ Құсайыновтың «Бабалар сазы» сынды туындылар сахнада қазақ өнерін шырқау шыңына жеткізіп, ұлттық рухты асқақтатты. Салтанатты кеште «Шалқыма» халық би ансамблі, дәстүрлі орындаушылар, эстрада өкілдері Индира Расылхан, Алмас Кішкенбаев, Дос, Айгүл Иманбаева , Нұрғали Тұрлыбеков өнер көрсетті.
Астана қаласының күндері аясында өткен мәдени шаралар, екіжақты келісімдер екі өңірдің, Астана мен Қызылорда қаласының арасындағы байланысты нығайта түсері анық.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: