» » Жыр маржанын моншақтаған

Жыр маржанын моншақтаған

Айдар: Мәдениет / Сонғы жаңалықтар
Бұл өткен ғасырдың 60-70 жылдарының кезі. Тың игеруден кейінгі Кеңес үкіметінің қолға алған үлкен ісі – мал шаруашылығын дамыту жеделдету болды. Ол Қазақстанның бар жері сияқты Қармақшы ауданына қарасты Қарақұм мен Қызылқұм өңірінде де мыңғырған мал жатқан тұс. Іргелі егін шаруашылығымен айналысатын сол кездегі Ақжар мен Ленин кеңшары негізінен қаракөл бағытындағы қой өсіруді қолға алу үшін екі шаруашылық құрылып, бөлініп шықты. Олар Қуаңдария мен Жаңақала деп аталатын кеңшарлар.
Менің әкем Жаңақала кеңшарының қазіргі (Т.Көмекбаев атындағы ауыл) №1 фермасында шопан болды. 7-8 класта оқитын кезім. Демалыс күндерімде үйге жеткенше асығамын. Қоралау мен шығарарда әкем қойды маған санататын.
– Сен өмірі шатаспайсың, жақсы санайсың, – деп мені мақтап қояды. Ал кешке апам самаурынға сексеуіл, қазанға ет салып үйдің бар берекесін кіргізетін. Шай үстінде әкем маған «Батырлар жырын» ашқызып, келген жерімнен бастап оқытатын. Малды қоралап болып келген бетте ыдыс-аяқ салатын шкаф үстіндегі чемодан тәрізді үлкен радионы қосатын. Диктор Әнуар Байжанбаевтың «Сөйлеп тұрған Алматы» деп басталатын хабарын кешкі уақытта қуана тыңдайтынбыз. Сондай күндердің бірінде радиодан Сырдың сазды жыр термесі төгіліп айтылып жатыр екен. Әкем дауысын қаттырақ ашып:
– Оу, мынау Шамшат қой. Оһо! Дауыс болғаныңа! Сөздері қандай! Атқан оқтай дәлме-дәл! Жоқ бұлай емес деп айта алмайсың, – деп өз-өзінен арқаланып, көз жанары нұрланып біраз уақытқа дейін Шамшат деген жыраудың даусына сүйіспеншілігін баса алмай отырды.
Шай құйған кесені қолына алған әкеме:
– Бұл кісі кім? Оны қайдан танисыз, – дедім.
Әкем:
– Білмесең, біліп қой. Бұл сенің жырау апаң. Бір ел, бір руданбыз. Жас күнінен қолына домбыра ұстап, топқа кірген өнер иесі. Біздің жерге ғана емес, жырау апаңның есімі бүкіл қазақ еліне мәлім болған.
Мен тыңдап отырған радиодағы дауыс әйел адамнан гөрі ер адамның дауысына келетіндей. Сондықтан әкемнен қайта сұраймын.
– Сонда мына кісі апа ма? Мен ер кісі ме десем, – деймін таңдана. Әкем болса Шамшат апа туралы мақтанышын одан әрі асыра көтеріп:
– Ой, Шамшаттың дауысындай дауыс, әуез ер азаматтарыңда кемде-кем. Шамшаттай дауыс қа-й-да?! – дейді ыстық шайға терлеген маңдайын сүлгісімен бір сүртіп.
Мен оқитын Ленин кеңшарының (қазіргі «Тұрмағамбет» ауылы) ескі клубының маңдайында үлкен ақ алюминийден соғылған ауылдың радио қорабы күнге шағылысып түстен кейінгі сағат 15.00-ден бастап бүкіл ауылды жаңғырықтырып сайрап қоя беретін. Киномеханик Оңғарбай деген жігіт. Ол кезде мешітте азан шақырылмаса да, Оңғарбайдың радиоторабы уақытынан жаңылып көрген емес. Әсіресе жергілікті әншілердің, жыраулардың, күйшілердің репертуарындағы шығармаларды сол ауыл радиосынан тыңдап өстік.
Әкем танытқан Шамшат апаның дауысын әлгі радиодан шатаспай танитынмын. Міне, менің бала күнгі Шамшат апаны тұңғыш тануым. Өзін көрмесем де, дауысын танып өстім.
Уақыт зымырап, есейдім. Бұл кезде әкем де, киномеханик Оңғарбай да дүниеден озды. Өз қалаған мамандығым бойынша аудандық білім бөлімінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша әдіскер боп жүрген кезім. Мамандығым дәстүрлі жыраулық өнерге жақын болғандықтан ба, әйтеуір аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметіндегі М.Басшыбаев дәстүрлі өнер туралы мәліметтерді маған жинақтауды тапсыратын. 1986-1987 оқу жылдары кезінде аудандық білім бөліміне қарасты төрт жыраулық үйірме кластары туралы мәлімет жинау мақсатында іске кірістім.
Алғаш кент орталығындағы №105 қазақ орта мектебі жанынан ашылған Ш.Төлепова жетекшілік ететін «Жиенбай жырау» үйірме класына келдім. Мені орта бойлы, жылы жүзді, басына ақ орамал тартқан қазақи қалыптағы Шамшат апа қарсы алды. Асықпай сөйлейтін, сабырлы да салиқалы Шамшат апаммен алғаш дидарласып, армансыз сұқбаттасқан шақ еді ол.
Ш.Төлепова Қармақшы ауданының қазіргі Тұрмағамбет ауылына жақын жердегі «Ақтайлақ» деп аталатын елді мекенде дүниеге келген. Әкесі Байпақы Төлеп даңқты Сыр сүлейі Кете Жүсіптің жиені, әнші, күйші, әрі ақын. Ал анасы Тұрсын да өнерлі кісі, әнші және биші, – деп мағлұмат береді белгілі журналист Қ.Есімсейітова жырау Ш.Төлепованың өмірдеректі фильмінде.
Бүлдіршін Шамшаттың балбұл балалық шағы қанқұйлы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Үш бірдей туған ағасы Оразбек, Тәуекел, Әбіләкім арқалы ақын-жыраулар болып, тумысынан табиғи таланты бар Шамшатты өнер жолына әкелген. Алдындағы апалары Ақшам мен Рахия да ақынжанды адамдар. Үш бірдей аға соғысқа аттанып, ақыры оралмады. Небәрі он екі жастағы Шамшат ағаларынан үйренген жырларын домбырасымен төгіп айтып, үйдегі қалған қамкөңіл жандарды жұбатады.
Қарғадай қыздың жұбату жырымен еңсесін тіктеген жандар енді Шамшатты үш бірдей арыстың орнын басар сүйеудей, тіректей көрді. Үміт пен сенім отбасын алдамады. Келе-келе өз туғандары ғана ел мен ауыл-аймақтың қасіретін сейілтіп, көңілге жұбау болатын жыршы-жырау қызға айналды.
Жыр бұлағы атанған Жиенбайдың мақам-сазына жүрегін ұйытқан жас қыз Ешнияз сал, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары сынды Сыр саңлақтарының інжу-маржан сөздерін халық алдына жарқырата төкті. Осы тұста Шамшат тұлғасын жырымен мүсіндеген ақын Әлиакбар Жұматаев былайша жырлады.
«Сыр бойында Шамшат бар,
Домбырасын моншақтар.
Қыз едім деп қымсынбай,
Жорғадай болып алшақтар».
Иә, Ш.Төлепованы Ұлы Отан соғысынан соң үлкен мектеп, еңселі өнер ордасы күтті. Ұзамай-ақ 1947 жылы сол өнер ордасы Шамшат жырауға есігін айқара ашты. Ол әйгілі Нартай Бекежановтың өнер ордасы еді. Қазақстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан жерін аралап Нартай Бекежановтың өнер бірлестігі құрамында болған тағылымды жылдар Шамшат Төлепованы шырқау биікке көтерді. Жалғыз жырау қыз өзінің алдында өткен Сыр саңлағы Кете Жүсіптей асырап тәрбиелеген қызы Дәмегөйдің өнер жолын қуған ізбасарға, көмескі тартқан жолды ашқан өнердің дарабозына айналды.
Тұрмысбасты болғанымен өнерге сусаған ортаның ұсынысын аяқасты етіп көрмеген Шамшат жырауды өмірінің соңына дейін киелі өнерге кір жұқтырмай, кейінгіге аманаттай білген алтын көпір десек болар.
Өзіне дейінгі бар өнер қазынасынан молынан сусындап, оны өз тұсында байытып алған өнер иесінің кейінгіге қалдырған қазынасы қайсы еді дегенге келсек, айтып тауыса алмас едік.
– Оу, Шамшат апам тұрғанда, – деп жыр бастамайтын кешегі Қуандық Бүрлібаев пен Орақ Дәнекеров сынды інілері, Америка мен Франция сынды алып та талғампаз мемлекеттерді өнерімен тәнті еткен Бидасы мен Алмасы, өзі ашқан «Жиенбай жырау» мектебінен дәріс алған Ақерке Өтепбергенова, Бақыткүл Ысқақова, Жарқынбек Тұрымбетов, Серікгүл Есіркегенова Шамшат Төлепованың тағылымынан шыққан таланттар.
Сыр сүлейлері мұраларының мазмұн байлығы мен іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы мені өзіне бұрын там-тұмдап қызықтырса, енді бар болмысымды бүтіндей билеп әкетті. Маған берген ең зор тағылым – Шамшат апамның өзі өскен өнер ортасының биіктігі және сондай ортаны қалыптастырып, соңына қалдырып кеткені.
Нартай Бекежанов, Әбдікәрім Ахметов, Рүстембек Жиенбаев сынды өнер тарландарының ортасын көріп, Ақмырза Тұяқбаев, Әбділдә Жүргенбаев, Күндебай Алдоңғаровтармен тұстас аты ел аузында жүрген азаматтармен қатар есімі республикамызға, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерге танылды. Мәскеу, Ленинград, Өзбекстан, Қарақалпақстанда өткен дәстүрлі жыраулық өнерімізді паш еткен форумдарда болып, осы өнер жолы арқылы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Президиумының 1990 жылғы 20 сәуірдегі қаулысымен «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» деген құрметті атағы берілсе, 1999 жылдың қорытындысымен «Ғасырдың өнер шебері» атағына ие болды.
Ардагер журналист Рашит Жарылқасынов, Нұртілеу Салықов, мәдениет ардагерлері Зейнетай Алмаханов, марқұм Тұрсынбек Бекпанов, Сұлтан Сармолдин Шамшат Төлепованың дәстүрлі жыраулық өнерімізге сіңірген еңбегін есте қалдыру мақсатындағы ұсыныс-пікірлерін аудан әкімдігі мен мәслихат депутаттары халық назарына қайта-қайта салумен отырды.
Нәтижесінде аудандық Мәдениет үйіне 2017 жылы жырау Ш.Төлепова есімі берілді. 2010 жылдан бастап К.Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет жыл сайын жырау Ш.Төлепованың құрметіне арналған ауданымыздың жырау қыз-келіншектері арасында «Шалқыған Шамшат жырлары» тақырыбымен жыр фестивалін өткізу дәстүрімізге енгізілді.
Бүгінде бұл фестиваль өз аясын кеңейтіп облыстық деңгейде өткізуге қадам басты.
Мақсат – осы байқау барысында талантты қыз-келіншектерді табу, даралау, тәрбиелеу, дәстүрлі жыраулық өнеріміздің мәртебесін асыру, Ш.Төлепова негіздеген жолды жалғастыру.
Биыл да Елбасының «Рухани жаңғыру бағдарламасы» аясында және ақын Абайдың, хакім Абайдың 175 жылдығына орай өткізілгелі отырған бұл фестивальдің аясы болашақта республикалық деңгейге қарай көтерілсе нұр үстіне нұр болмас па еді?
Алаштың анасы атанған Сыр өңірі дәстүрлі жыраулық өнерімен жасампаз. Олай болса, ауданымызды басқаруға келген қай басшы болса да бұл ерекшелікті мұқият ескеріп, назарда ұстағанына үлгі мол. Ахметжан Жанпейісов, Елеу Көшербаев, Рзақұл Нұртаев, Биғали Қаюпов, Нәжмадин Шамұратов сынды ел басшылары өз қызметінде дәстүрлі жыраулық өнерімізге жанашырлық танытып, қолдау көрсетіп отырғаны аян.
Халқым деп едің, елім деп едің есіле,
Бұйырды жырдан сарқылмас кендей несібе.
Сынығындай-ақ сүлейлерінің Сыр халқы,
Сақтайды сені, сақтайды мәңгі есіне, – деп Шамшат апаның асыл рухы алдында бас иемін.

Талайлы ДОСЫМОВА