Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Бәбіш мола кешені туралы не білеміз?

Бәбіш-моладағы көзешілер елді-мекені (Бәбіш молла 7) Бәбіш молла қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде, кеуіп қалған арнаның бойында орналасқан. Зерттеу барысында анықталғандай ауылдың іші қыш өндіретін өндіріс ошағы болғанын атап кету керек. Олай дейтініміз ауылда 11 қыш күйдіретін пеш, 7 шеберхана мен тұрғын үйлердің орындары табылды. Сонымен қатар, ауылдың шетінде бірнеше бөлмеден тұратын үлкен үй аршылды.
Ауылдың ішіне қарай арнадан бөлек су қоймасы тартылған. Өндіріске суды осы қоймадан пайдаланған.
Биылғы 2019 жылы зерттеу барысында тәртіп бойынша нөмері 6-шы қазба басталды. №6-шы қазба елді мекеннің солтүстік-батыс бөлігіндегі төбеде орналасқан, ол жер бетінен 1,5 м биіктікте орналасқан. Төбеге 200 шаршы метр болатын қазба алаңы салынды.
Қазба ішіндегі мәдени қабаттың ашылу тереңдігі 0,7 м-ден 1,5 м дейін. Зерттеулер нәтижесінде құрлысы күрделі пеш аршылды. Ол, толығымен қазылып зерттелінді. Қазба барысында анықталғандай пеш екі ярусты болған, төменге оттық салса ал, жоғарғы жағы жағында ыдыстарды қойып күйдірген. Оған ыстық ауа өтетін ойықтар салынған. Ішкі жағында күйдіруге арналған арналған орны дөңгелек болып келген. Оның сыртқы диаметрі 5,2 м болады. Ал, оттық салатын ауызы сопақ болып келген, оның ұзындығы 1,1 м, ені 0,5-0,5 м.
Пештің биіктігі 1 м асады. Қабырғасы екі қатардан тұратын жұмбаздалған саздан тұрғызылған. Олардың ендері 40-70 см. Блоктар бір-біріне ағаш арқылы байланып қаланған. Ағаш салып байлаған орындар қазіргі таңда ені 5-10 см болатын шұңқыр түрінде сақталған.
Қыш күйдіретін пешпен қатар, айналасында орналасқан шеберханалардың бір бөлмесі аршылды. Ол, пештен оңтүстікке қарай 1,2 - 1,5 м қашықтықта орналасқан. Оның ені 5 м. Қабырғасы, биіктігі 1 м., ені 1,3-1,5 м болатын жұмбаздалған саздан тұрғызылған. Бұл бөлмеден сүйектен істелген біздер, сурет салынған қыш көнек, қайрақ тастар, құмыра және тағы басқа ыдыстар табылды.
Бұдан бөлек ұсталардың мекен еткен үй-жайына да зерттеу жүргізіліп, үйдің үлкен бір бөлмесі ашылды. Бөлменің, қазіргі сақталған қабырғаларының биіктігі 0,2-0,6 м-ге дейін жетеді. Қабырғалардың төменгі тұғыры пақса блоктарынан тұрғызылса, кейін жоғарғы жағын шикі кірпіштермен көтерген. Бөлмелерден астық, су сақтайтын ыдыстар, ошақтың орындары мен т.б. жәдігерлері табылды.
Табылған ыдыстарда әр түрлі таңбалар салынған. Негізінен мұндай таңбалар ыдыс істеген әр ұстаның жеке таңбасы ретінде қолданылса, кейбір ғалымдардың пікірінше, сыртқы сауда барысында сандық белгісі ретінде әр ыдысқа таңба салынып отырған.

Ақ шұқыр кесенесі.

Шірікрабат мәдениетінің жерлеу ескерткіштерін - жер астындағы жерлеу құрылыстары және жер үсті кесенелері деп екіге топтастыруға болады. Күрделі де алуан түрлі бұл жерлеу ескерткіштерінде жергілікті дәстүр мен сыртқы ықпалдың байланыстары қабаттасып жатыр.
Бүгінгі таңда Сырдың көне сағалары - Жаңадария мен Іңкәрдария аңғарларында екінші топқа жататын жерлеу ескерткіштерінің қырықтан астамы белгілі болып отыр. Бір-бірінен оқшау жатқан олар, әдетте, қала-қоныстардан 0,5 шақырымнан бірнеше шақырымға дейін қашықтықта орналасқан. Сыртқы келбетіне қарай оларды екі типке бөлуге болады. Шаршы және дөңгелек пішінді болып келген олардың ішкі жобалық принципі мен негізгі құрылыстық әдістері бірдей.
Сондай ескерткіштің бірі аталмыш топтың екеуіне де жатпайтын – Ақ шұқыр қорымындағы кесенелер.
Ақ шұқыр қорымы Бәбіш мола қалашығынан оңтүстік-батысқа қарай 16 км-де орналасқан. Географиялық координаттары: N 44º 15'07,1" солтүстік бойлық және E 062 º58 '54,7" шығыс ендік.
Қорым үш кесенеден тұрады. Олардың жобасы дұрыс емес дөңгелек және дұрыс емес төрт бұрышты, кейбір жерлері шошайған төбешік түрінде болып келген бұл құрылыстардың диаметрлері - 12 м-ден 28 м-ге дейін, сақталған биіктіктері – 1,5-2,5 м.
Ескерткіштегі статционарлық қазба жұмыстар биыл 2019 жылы алғашқы жұмысымызды үлкен емес №1-ші кесенеден бастау алдық.
Қазбаға дейін ескерткіштің жобасы дұрыс емес дөңгелек. Диаметрі 12 м, биіктігі 1,2-1,5 м. Ортасы ұзын қабырғамен бөліңген. Қабырғаларының қалыңдығы 0,7-1,2 м. Кірер ауызы екі бетінде де кездеседі.
Қазба жұмыстарының нәтижесінде солтүстіктен оңтүстікке бағытталған қабырға арқылы бөлінген екі бөлме ашылды. Бөлмелер тоналған болып шықты. Тазалау барысында шығыс бөлмеден солтүстік шығыс бұрышынан бір жерде үйілген күйінде жатқан бірнеше кісінің сүйектері анықталды. Сонымен қатар, оңтүстік батыс бұрышында да үйілген күйінде кісінің сүйектері аршылды. Қазба барысында анықталғандай бөлме іші қираған кесектермен толтырылған. Табаны жауын суыннан қатты езіліп кеткендіктен еденін анықтау мүмкін болмады.
Екінші бөлменің ауызы батысқа қараған. Қазба барысында қабырғаның ішкі жағын жағалай суфа көтерген болып шықты. Суфаны қираған кесектермен көтерген. Тазалау кезінде бөлменің солтүстік батыс бұрышындағы суфаның үстінен зембілге қойылған шырағдан, ұршық басы, ыдыстың түбі мен екі құлағы бар көзе табылды. Сонымен қатар, ағаш саб (аса таяқ) қойылған. Бір қызығы көзе ішіне салынған тас сынықтары кездесті. Зембілді тазалау кезінде оның жұқа ағаш тақтайшалардан тұратындығы анықталды. Сонымен, бөлмені толық тазалау барысында темірден істелген пышақ сынығы, моншақтар, алтын шегелер, саздан істелген ядро және қайрақ тастар табылды.
Ақ шұқыр қорымындағы №1-ші кесенесінде жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде мынадай көріністер айқындалды:
- құрылыс алдын-ала дайындалған қалыңдығы 30 см-ге жететін платформаның үстіне салынған. Қабырғалары төмендегідей сипатта қаланған:
- қабырғалардағы кесек қаландылары құрылыс заңдылықтарына сай әдіспен тұрақты қаланып, әр қатардың арасына бір деңгейде лай төселген;
- қалау барысында кесектер арасындағы байланыстың үстіне кесекті ұзыныннан қою іске асырылған (кейбір жағдайларда кесектің 1/3 бөлігі пайдаланылған);
- беттеріне 1-1,5 см лай жағылған қабырғаларының ішкі беттері ақ түсті әкпен әктелген.
Қазба жұмыстары барысында алынған ақпараттар сол дәуірдің жерлеу-ғұрыптық дәстүрін, шаруашылық және әлеуметтік құрылысын толығымен қалпына келтіру мәселелері бойынша мүмкіндігімізді кеңейте түсті. Зерттелген жерлеу құрылысы материалдық мәдениетінің ортақтығын көрсете отырып, Шығыс Арал өңірінің көне тұрғындары жерлеу ғұрыптарымен ерекшеленетін бірнеше тайпаларға немесе руларға бөлінген деген жорамал айтуға болады. Бұл өз кезегінде жоспарлы жұмыстар нәтижесінде деректік базаны кеңейту мақсатын жүзеге асыруды қажет етеді.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: