» » Абай поэзиясы: мәңгілік қайшылықтар үндестігі

Абай поэзиясы: мәңгілік қайшылықтар үндестігі

Айдар: Мәдениет / Сонғы жаңалықтар

Абай өлеңдерін бастап оқығаннан-ақ, бірден көзге шалынатын нәрсе – ақын шығармаларындағы түрлі сезім, мінез, ұғым, сыр-сипаттар мен сан алуан ситуациялық сәттердің қайшылықты көрінісі. Жалпы, айналамыздағы тұрмыс-тіршілік қана емес, төрткүл дүниенің тек қана қарама-қарсы құбылыс-әрекеттердің үйлесімінен құрылғандығы хақиқат. Әлемдік тартылыс күші де осынау ұлы диалектика заңына бағынады. Алайда, Абай поэзиясында шектен тыс қоюланған қайшылықтар төркіні қайдан бастау алған?
Мұның өзі ұлы ақын таңдаған әдеби стиль үлгісі ме, әлде өзі қалаған көркемдік әдіс­амалы ма? Осы тектес сұ рақтар ойлы оқырмандарды ма заламай қоймайды. Десе де, бұл мәселеге берер сөзбен жауап табу қиын. Бірде өз­өзіне оппозициялық, енді бірде антогонистік сипат алып, көрік тен шыққан желдей өлеңнің отын лаулата түсетін, бірақ бір­біріне қабыспай ат құлағынша қайшыласқан сөздердің астарында нендей сыр, нендей сиқыр жатқанын да сезе алармыз ба?
Бұған жауап іздеу үшін, алдымен Абай поэзиясында өте жиі кездесетін қарамақайшы сарындарды белгілі бір тәртіпке салып жүйелеп көреміз. Солай еткенде ақын өлеңдерінде қолданылған антонимдік лексика мен оған мәндес, шендесе сабақтасқан ұғымдардың түрлік, тектік немесе категориялық табиғатын толық тани аламыз. Осы мақсатпен Абай шығармаларының мәтініне эксперименттік шолу жүргізгенде, ой шыл ақын қырық шамалы қарама­қайшы сөздер мен сөз тіркестерін қолданғанын және антонимдік лексика оның барлық өлеңдерінде іріктеп алғандай, оларды өлеңінің кез келген тұсында әр алуан грамматикалық тұлғада емін-еркін пайдаланған. Мәселен, ақын поэзиясында синтаксистік және морфологиялық тәсілдерді жиі қолданған. Бұл қатарда қос сөздер, сөз тіркестері, жалғаулықтар, есім сөздер, үстеулер, етістіктер арқылы жасалған қарама­қарсы сөздер негізгі орынға ие.
Абай шығармашылығындағы қайшылықтарды ғылыми-философиялық категориялар тұрғысынан мынадай негізгі 2 топқа бөлуге болады: 1) Жаратылыс қайшылығы. 2) Әлеуметтік қайшылықтар. Аталған қайшылықтарды іштей тағы бірнеше кіші топтарға жіктейміз.
Алдымен, жаратылыс қайшылықтары ретінде:
а) мезгілдік­мекендік (жаз бен қыс, өткен мен бүгін, алыс пен жақын, күн мен түн, т.б)
ә) сапалық­физиологиялық (өмір мен өлім, ауру мен сау, адал мен арам, ақ пен қара, жас пен кәрі, аға мен іні, үлкен мен кіші, т.б)
б) жыныстық (қыз бен жігіт, ер мен әйел, кемпір мен шал) антонимдік қатарын атаймыз.
Ал әлеуметтік қайшылықтардың төмендегі түрлері ақын поэзиясында тұрақты тақырыптық және мазмұндық мотивтер санатына енеді:
а) қоғамдық­әлеуметтік (бай мен кедей, ақылды­надан, көп пен жалғыз, т.б)
ә) әлеуметтік­психологиялық (махаббат пен ғадауат, дос­дұшпан, арлы­ұятсыз, иманды­имансыз, үміт­өкініш, дархан­сараң, күншілдік пен татулық, жалқаулы­еңбекқорлық, т.б)
б) әлеуметтік­философиялық (ақиқат­жалған, бейнет-дәулет, қанағат­нәпсі, шын­өтірік, мехнат­зейнет, т.б)
в) әлеуметтік­этникалық (қазақ­орыс, т.б.)
г) әлеуметтік­сапалық (жақсы­жаман, пысық­сынық, қатыгез­момын, пейілді­мейірсіз, арзан­қымбат, бар мен жоқ, аш пен тоқ, т.б)
е) әлеуметтік­діни (мұсылман­кәпір).
Атап өтетін жайт, бұл аталған қайшылықтар категориясының лексикалық топтары бір өлеңнің өзінде аралас­құралас ұшыраса береді. Айталық, Абайдың бозбала шағында туған «Сап, сап көңілім, сап көңілім» атты жаратылыс қайшылығына тиесілі мынадай антонимдік ұғымдар бар:
Күні­түні жай таппай?…
Ауру да емес, сау да емес…
Адалды сатсаң арамға…
Бұл арада мекендік­мезгілдік және сапалық физиологиялық қайшы сөздер қатары алғашқысында қосарлана үндесіп, риторикалық сауалдың уақытын пысықтап тұр, екіншісінде «ауру­сау» антонимдері болымсыз етістік арқылы жас адам көңіліндегі екі ұдай қалыпты танытса, үшіншіде, адал мен арам матаса байланысып, алдыңғы тармақтың (иман мен дәулет бітер ме?) сауалына жауап қатып тұр. Мысалда келтірілген сөздер бір-біріне мәңгілік оппозиция да болғанымен, Абайдың қолданысында олардың қызмет аясы өзгеше міндет – поэтикалық мүддеге бағынышты. Өлеңде қарама­қарсы ұғымдар ақынның ой еркіне, сезім-ырқына көнеді, тұтас өлеңнің негізгі айтар идеясын ашуға септесумен бірге, шығармаға экспрессивтік қуат береді. Абай поэзиясының ғажаптығы да осында! Ақын өлеңіне басты әр беруші – қарапайым, күнделікті естіп жүрген бұқаралық лексика. Бірақ сол халық аузында әбден жауыр болған сөздер ақынның қалам ұшына іліккенде «қар үстінде жүгірген алтайы түлкідей» құлпырып кететіні бар.
Жаратылыс қайшылығынан туындайтын сапалық­физиологиялық мәнге ие ақ, қара, қызыл, сары, жасыл түстердің ақын қолданысында бірде антитезалық шендестіруге ұласса, енді бірде антонимдік параллелдер түзіп, поэтикалық портрет, пейзаждарға контрастылық дарытады, шығарманың эстетикалық жігерін жандандыра түседі. Абайдың қарама­қайшы ұғымдардың ассоциациясын шебер үйлестірген ең үздік туындысы – «Бүркітші» өлеңі бастан-аяқ шендестіруге құрылғаны белгілі. Мұндағы антоним сөздердің бірнешеуі натуралды мәнде кездессе де жеке мағынасы өзгешелеу лексикалық лек бар. Мысалы:
Төмен ұшсам, түлкі өрлеп құтылар деп,
Қандыкөз қайқаң қағып шықса аспанға –
деп келетін қос тармақта «төменге» – «жоғары» емес, «аспан» қарсы қойылған. Ал түлкінің жауы – қыран заттанған эпитет «қандыкөз» бейнесінде жазбай танылады. Бұл екі түз тағысының барлық әрекеті өте динамикалы екпінмен майдандасқан етістік сөздермен байытылған. Бүркіт пен түлкі ғана емес, жер мен көктің өзі әдеттегісінен бетер оппозициялық суретке еніп, екі жанкештінің өліспей­беріспейтін жекпе­жегіне жанкүйер кейіпте. Майдан аренасы антитезалық әдіспен әсіреленіп, поэзия сахнасы теңеу, аллегория түріндегі асқақ тұспалдауларға ауысады:
Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл,
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.
Қара шашын көтеріп екі шынтақ…
Аппақ ет, қып­қызыл бет, жап­жалаңаш,
Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда…
Абайдың осы атақты туындысында поэтикалық амалдарды атқарушы басты лексикалық қолданыстар арасында ақ, қара, қызыл түстердің маңызы ерекше екендігі даусыз. Қарапайым түстердің құдіреті этнографиялық пейзаж­портреттің эстетикалық қуатын шарықтатып жібереді. Экзотикасы мол, символдық бояуы қанық этнопсихология – қызыл түстердің астастырыла, бірін-бірі толықтыра түсетін үйлесімді образдар жасау мысалы, Абайдың бір өлеңінде:
Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,
Аласы аз қара көзі нұр жайнайды…
Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,
Ақша жүз, алқызыл бет нұр жайнайды,
– деген жолдарда ұшырайды. Абай қолына қылқалам ұстаса суретші болып кетердей… Ақын шығармашылығында сана сергітетін саралы, салиқалы ойлар жас пен кәрінің, шал мен баланың арасындағы жаратылыстан жалғасқан физиологиялық категориялардың конфликтісі арқылы айқындық тапқан. Абай өзі қырыққа толған жылы қағазға түсірген өлеңінде «Жасында ғылым бар деп ескермегенін, ер жеткен соң уысына түспегенін» жаза отырып, балаларына – қазақтың өрімдей жас ұл­қыздарына білімді болу үшін бала кезден жалықпай ізденудің қажеттігін айтқаны бар. Мұнда хакім Абай жас пен кәрінің білім алу, ғылымды меңгеру қабілеті бірдей еместігіне назар аудартады. Аға мен іні, кемпір мен шал, жастық пен кәрілік туралы ақын көп толғанады. Ескі қазақ дәстүріндегі аталы сөздердің құны түсіп, ұлтының ұсақтанып бара жатқан қалпын қынжыла жыр етеді. Заманға қарай құбылған қырт шалдармен, қырсау ұлдармен жүз шайыса жаздап, қырықтың қырқасында өзі де «қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген Абайдың реніші – үлкенге де, кішіге де ортақ:
Атаны бала аңдиды, ағаны іні
Ит қорлық немене екен сүйткен күні?
Абай «Шошимын кейінгі жас балалардан» дегенді бір айтса да, өзінің замандастарына көңілі толмайды. Көбінше орысқа бодан болып, «өз қолынан өз еркі кеткен» көнтерлі көпшілік пен «бас­басына би болған өңкей қиқым» ел азаматтарын сынайды. Оларға ақыл­қайрат берерлік, өзіне көмек боларлық қазыналы, қайсар қарияның жоқтығына ыза болғанда кемпір­шалдың Абай поэзиясындағы сұрқында сүйсінерлік орын қалмайды. «Жазғытұры» деген көлемді жырда жастық пен кәрілік шектен тыс қайшылықта сипатталған. Жер жүзі масатыдай құлпырып, жан­жануар, адамзат анталасып, күннің көзі елжіреп, жыл құстары келіп, қой қоздап, түйе боздап, қырдағы ел ойдағы елмен араласып, жастар құрбыларымен жайраңдасып жүргендегі мына өлең жолдарының жазасы ауыр – сарказмның сұмдық суреті:
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен, – дейді Абай.
Осы теңеудің тегеуріні жас пен кәрінің арасындағы қайшылықты айрықша асқындырып жібергендей. Демек, бұл жаратылыстың кереғарлық сипаттары қоғамдағы түрлі әлеуметтік және ұлттық қайшылықтармен тұтас қабылданып, ақын қайғысына уыт қосқан. Абай қайшылықты уайымгер болса, соншама үміткер жан:
Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық,
Жақсы айғырда бие жоқ ат туарлық.
Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп,
Жүрмесін деп аз ғана сөз шығардық.
Жастарға тәрбие түрінде жазылған бір өлеңінде антонимдердің сан­алуан үлгісін кездестіреміз:
Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік,
Ер табылса жарайды, қылса сұхбат.
Мұнда мағыналық жағынан қайшы келетін басқа да (пысық­сынақ, күншіл­тату, алыс-беріс, бай қызы­кедей қызы) лексикалық топтардың коллизиясын көреміз. Абай шағын семиотикалық қақтығыстардың жиынтығынан параллельдер түзе отырып, мәңгі тіршілік күресінің панорамасын жасауға ұмтылатындай. Ақынның қарама­қарсы мәндегі сөздерді алогизмдер үлгісінде үйлестіру тәсілдері де көңілге шуақ ұялатардай шырай тапқан. Мысалы, сүйікті ұлы Әбішке арнаған жырында: «Жасқа­жас, ойға кәрі едің…», «Жаңа жылдың басшысы – ол, Мен ескінің арты едім» депті Абай. Соңғы екі тармақ түгелдей антоним тізбегіне байланған. Қайшы мәндерді қолданып қана қоймай, қой асығынша ойнатқан Абай тіліне таңырқау – біздің парыз. Шығыс шайыры шендестіруге жиі жүгінеді. Бұл тіпті, ақынның сүйікті әдісі десек, қателеспейміз. Академик З.Ахметов «Абайдың ақындық әлемі» атты зерттеуінде ақынның «Сегіз аяғындағы» кездесетін «Мақсұт – алыс, өмір – шақ» тар мағында өмір мен мақсат ұғымдарының мезгіл кеңістігіндегі арақатынасын шендестіре бейнелеуін поэтикалық амал­тәсілге жатқызған. Абай поэзиясы – қайшылықтар галлереясы. Ойшыл ақын бостандықты бодандық бұғауы буындырған, бұрынғы жылқы тектес қазақ тұсауға көнген, дымын шығарудан да қалып, дел­сал күйге, дүмбілез қалыпқа түскен өліара шақта өмір сүрді. Содан ба, ақынның шығармашылық дауысы төрт аяғына бірдей қылбұрау салынған боз биенің боз даланы жаңғыртып шыңғырып кісінеген үнін құлаққа жеткізеді. Әйтсе де, Абай – жалғыз. Ақынның жан айқайы жартасқа тиіп жаңғырыққа айналады. Ақырында Абай көпті сынауға көшеді. Бір өкініш, бір үміт санасын сансыратқан қазақтың өзінен гөрі мінезін сөз еткен, заманына лайық адамын іздеген Абай көп наданға – бір ақылдыны, тобырға – толық адамды, кәпірге – иманды ұлды, «өңкей нөлге» – «единицаны» қарсы қоя жырлайды. Ұлы шайырдың: «Көп шуылдақ не табар, // Билемесе бір кемел, // Единица жақсысы, // Ерген елі бейне нөл» – деп келетін ойлы жыр жолдары талант иесі мен тозған қазақ қоғамының басындағы ымырасыз қайшылыққа ашық меңзейді. «Келдік талай жерге енді» атты өлеңінен мына жодарды оқимыз:
Өзің жалғыз, надан көп,
Ұқтырасың сен не деп
Әулекі арсыз елге енді?..
Арсыз елмен әуре етті,
Жалғыз үйде күңірентті…

Келесі бір жырда:
Қара басқан, қаңғыған
Қас надан нені ұға алсын?
Көкірегінде оты бар
Құлағын ойлы ер салсын…
Не пайда бар – мың надан
Сырттан естіп таңдансын.
Онан дағы бір есті
Ішкі сырын аңғарсын… – дейді Абай.
Лирикалық кейіпкердің ішкі күйзелісі, арман­аңсары, мұң­қайғысы, жалғыздық мұңы осы өлеңде мейлінше сарқа айтылған. Ақылды жанның есті сөзін тыңдар ел жоқ, егілгенде жұбатарлық ешкімі жоқ. Қалың жұртының арасында жалғыздық азабын тартқан ақын кейінгі бір поэмасында («Масғұт») осынау өз басынан өткізген «жалғыздық» мотивін оқиға шешіміне шығаруы тегін болмаса керек. Хан мен уәзірден басқа халық жауын суын ішіп жынды болады. Сонда Масғұт уәзір ханға:
Құтылар хал болмады мына дудан,
Бізде ішпесек болмайды мына судан.
Өлтірер өңкей жынды бізді келіп,
Жынды деп есі дұрыс бізді қуған, – деп, екеуі жынды суды ішіп құтырған тобырға барғанда, әлгілер өздеріне ұқсап есірген ханға құлдық ұрады. Абайдың бірнеше сөзінде көптің мінезі, теріс істері қатты сынға алынған. Отыз жетінші қара сөзінде: Сократқа у ішкізген, Йоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше, көпте ақыл жоқ. Ретін тап та, жолға сал» дейді ұлы ойшыл.
«Алды – үміт, арты – өкініш алдамшы өмір», «Татуды араз, жақынды жат қыларға», «Махаббат, ғадауатпен майдандасқан, «Ішім толған у мен өрт, сыртым – дүрдей» деп келетін жыр жолдарында қаншама қай шыласқан өмір шындығы – ақын тағдырының ақиқаты жатыр! «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» дейтін соңғы астарлы аманат сөзі де жоғарыдағы көп қырқыстан, тынымсыз жол іздеп, жүдеген, жалыққан, тағы да арпалысқан, адасқан аяулы ақынның басындағы трагедиялық халді көз алдымызға әкеледі.
Әдебиеттанушы Б.Майтанов «Абайдың мұңы» атты зерттеу мақаласында: «Дос­дұшпан», «алыс­жақын», «анда­санда», «жалғыз­жарым» сөздерінің антонимдік мағына алуы, қайсыбірінің мезгіл, сан мөлшерін әсірелей көрсететін бір тіркеске айналуы, метонимия, сұрау, назалану интонациясы шығармадағы күрделі ойдың нәзік қалтарыстарын аша суреттеуге мүмкіндік береді. Жал пылауыш мәндегі «қазақ» та, өзге субъектілердің эмоционалдық атауы да нақты бір адамдарды меңземек. Бірақ өмір құбылыстарын терең жинақтау – анық нәрсе. Абай жақсы мен жаманды, ақ пен қараны бірге қосып саралайды», – деп жазады. Әдебиет теоретигінің «Махаббат пен ғадауат» – жүрек кеңістігіндегі ұғымдар. Сонда жүрек сан алуан, тіпті мүлде кереғар сезім, қайшылықтардың мекені. Ал қайшылықтардың таласы – өмір денотатасы…» – дейтін пайымдаулары да осыған саяды. Ғалым Абай өлеңіндегі «періште мен шайтанды» оппозиция бейнесінде көреді.
Абай поэзиясындағы драмалық қақтығыстардың бір парасы бай мен кедейдің арасында өрбиді. Ақын байлар қатарында ел жуандарын, билердің парақор семіздерін мысал етіп, бұларға болыс, елубасыларды қосады. Абай өлеңдерінде таптық қайшылық жоқ, оның есесіне байлық неден, кедейшілік қайдан деген шетін сауалдарға жауап іздейді. «Жаз», «Күз», «Қараша, желтоқсан мен сол бір­екі ай» секілді жаратылыс мезгілдерінің сипатын танытатын көркем туындыларында да бай мен кедей, жалшы тұрмысына мол орын берген. Олардың жаз жайлау, күзеу, қыстаудағы өмір­тіршілігі мезгіл құбылыстарымен шендестірілген. Меңзеу, астарлау, ыңғайында келсе де, көбіне Абай өзі білетін өмірдің табиғи қалпын, реалистік сипатын дәл суреттейді. Этнопсихологиялық картиналарды шебер жасайды.
Жалшы үйіне жаны ашып ас бермес бай,
Артық қайыр артықша қызметке орай.
Байда – мейір, жалшыда пейіл де жоқ,
Аңдыстырған екеуін, Құдайым­ай!
Тұжырымдап айтқанда, махаббат пен зұлымдық, жаман мен жақсы, дос пен дұшпан, ақылды мен надан, ер мен әйел, күшті мен әлсіз, жас пен кәрі, көп пен жалғыз, бодан ел мен бостан халық – Абай поэзиясындағы мәңгілік қайшылықтардың алтын арқауы.

Серікбай ҚОСАН,
Қызылорда облыстық “Рухани жаңғыру» орталығының бөлім меңгерушісі