Сейхун-инфо.кз / Қазақтың қастерлі дүниесі - домбыра

Қазақтың қастерлі дүниесі - домбыра

Сыр сүлейлерінің бірі – Тасберген Құламанұлы. Әкесі Құламан да заманында шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік болғанға ұқсайды. Тасберген әкеміздің орындау мәнері ешкімге ұқсамаған.
Бір жиында отырып өзінің атақты маңырама әнін он екінші рет қайырғанда, қасында отырған үлкен кісі білегенен ұстап алып, "Өзіңнен кейінгілердің өңешін үзейін деп па едің"- деген екен. Осы Тасбергеннің баласы Нұрмахан деген ағамыз болған. Ол кісінің де арғы әлемге кеткеніне қырық жылдай болып қалған шығар. Бір күні ақсақалға сәлем беріп, ақын ағаларымыз Темірше Сарыбаев, Иранбек Оразбаев және сол кездегі жас жырау Әбілда Байдаулетовтар барады. Амандық-саулық сұрасып болғаннан кейін, негізгі шаруаны айта бастайды. Нұреке, мына ініңіз жыр-термені әжептәуір меңгеріп келеді. Алдыңыздан өткеріп, бата алып берсек-- деп, тоқтайды. Үнсіз тыңдап отырып," Жырыңды айта қой"- дейді, ақсақал. Әбекең домбыраның мойынын иықтың шамасынан түсіріңкіреп, орындап шығады. Сонда, Нұрмахан ақсақал Әбілдаға қарап:
- Әй, бала патшаң кім?
- Брежнев, дейді Әбекең.
- Тыңда, қасыңда сол Брежнев отырса да домбыраны құлағынан төрт елі жоғары ұста. Бұл домбыраның шанағында Қазақтың мұң-зары мен қайғысы жерленген. Мойынында бабаңның жүріп өткен соқпағы жатыр. Қасиет те, кие де ұлтыңның аспабында. Қазақтың жаны домбыра! Сен, киелі өнерді алып жүрем десең, бірінші ұлттың өнерін басқаға сыйлата біл! Ешқашан домбыраны төмен ұстама, - деп, ақсақал батасын берген екен.

Берік Саймағамбетов.
13-05-2020, 22:14
Вернуться назад