Facebook WhatsApp Instagram

Саясат

0

Қызылордалықтар көкөніс өсіру үшін қала маңынан жер телімін алып жатыр

Қызылордалықтар көкөніс өсіру үшін қала маңынан жер телімін алып жатыр Қызылорда қаласының билігі бақшалық жер телімдерін тұрғындарға жалға бере бастады. Енді шаһардағы әр отбасы қала маңындағы Қаратабан аумағында бау-бақша өсіре алады. Көкөніс пен бақшалық өнімдерді егіп, қыстық азықты жинап алуға берілген бұл мүмкіншілікті пайдалануға асыққандар аз емес. Бақшалық үшін 50 гектардай жер телімі бөлініп отыр. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады. 
Жергілікті газеттен хабарландыруды оқыған қала тұрғыны Руслан Мұхамедәлі үшін - бұл зор мүмкіндік. Ол көкөністің барлық түрін базардан сатып алатынын айтады. "Бұл отбасы бюджетіне кәдімгідей салмақ, енді жер алсам, түрлі өнім егіп, қыстық азығымды өзім дайындар едім", - деп, білек сыбанып отыр. Химиясыз, таза көкөніс пен бақша дақылдарын өсіремін деп 30 сотық жер алды. 
- Барлығымызға бірдей саяжай болатындай - ондай мүмкіндігіміз жоқ. Біз үшін үлкен мүмкіншілік болып тұр. Дүйсенбі болғандықтан, бір өзім ғана келдім. Бірақ көршілеріміз кеше келіп, жерлерін белгілеп алып жатыр. Қазір келдік, жеріміз бәрі дайын, аяқ-су мәселесі де шешілген екен, қоршап та беріп жатыр. Тек ерінбей еңбек етсек, өз өнімімізді аламыз, - Руслан Мұхамедәлі.
Бау-бақша егуге жер Ақсуат елді мекеніне қарасты Қаратабан аумағынан берілуде. Ол Қызылордадан 12 шақырым қашықтықта. «Кезінде көкөніс егілген бұл алқаптың өнімділігі жоғары, жері - құнарлы», - дейді қаланың бас агрономы.
 - Көкөніс ауыспалы егістіктің алтыншы полясынан 50 гектар дайындалып, осы қала тұрғындарына бөліп беруге жұмыстар жасалып жатыр. Негізінен бұл жерді егетін кісілерге тегін арендасыз және аяқ сумен толық қамтамасыз етіледі. Жалғасын табады деп есептейміз. Бұл енді үлкен маңызды шаруа, Қызылорда қалалық ауыл шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жүсіпбек Ақжігітов.
Тұқымды жер жалдаушылар өздері табады. Әр отбасы өз мүмкіншілігіне қарай он немесе жиырма, отыз, тіпті елу сотыққа дейін жерді жалдай алады. Бір айта кетерлігі, бақшалық жер тегін беріледі. Және бір науқанға ғана. Жергілікті билік көлік мәселесін де шешіп қойған. Ауыл шаруашылығы бөліміндегі мамандар дерегінше, көкөніс егіп, өнімді жинап болғанша, арнайы автобустар қатынайды. Осындай жеңілдіктерді естіп-білген Руслан енді отбасын өзі өсірген табиғи өніммен қарық қылмақ.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: