» » Т.Көмекбаев ауылына – 50 жыл

Т.Көмекбаев ауылына – 50 жыл

Айдар: Саясат / Сонғы жаңалықтар
Т.Көмекбаев ауылына – 50 жылҮстіміздегі жылдың 5 қазанында облыс әкімі Қ.Көшербаев Қармақшы ауданының Кеңес Одағының батыры Т.Көмекбаев атындағы ауылдың құрылғанына 50 жыл толуына арналған «Ерлік пен еңбекке толы – 50 жыл» атты мерейтойлық шараға қатысты.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі күнге созылған бұл мерекелік іс-шарада Т.Көмекбаев ауылындағы жаңа мешіттің, «Жеңістің 70 жылдығы атындағы» саябақтың ашылу рәсімі, сондай-ақ ақындар айтысы, жыраулар байқауы, қазақша күрес, түйе палуан, гір тасын көтеру, қол күрес ойындарынан жарыстар ұйымдастырылды. 
Сонымен бірге, Кеңес Одағының батыры, Қармақшы ауданының перзенті Тәйімбет Көмекбаевтың құрметіне орай салынған ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтап сөз сөйледі. «Елбасымыздың ауыл тұрмысын көтеру, ауыл адамдарының денсаулығын жақсарту, салауатты да саламатты өмір салтын орнықтыру, ауылда білімді, мәдениетті, өнерді дамыту жөніндегі бағдарламаларына сәйкес өсіп, өркендеген, жаңарған ауылдың бүгінгі көрінісі көз қуантады» - дей келе, Кеңес одағының батыры Т.Көмекбаев еңбегінің тарихта мәңгі қалатынын жеткізді. 
Салтанатты кеш соңында, облыс басшысы шара аясында ұйымдастырылған ақындар айтысының жеңімпазы Мамыр Байдәулетовке, қазақша күрестен күші басым түсіп, жеңіске жеткен палуан Айбек Серікбаевқа жеңіл автокөлік кілтін табыстады.
Мерейтойлық салтанатта «Нұрмұқасан» тобы, Роза Әлқожа, Жеңіс Сейдоллаұлы, Ерболат Ержанбаев, Төреғали Төрәлі, Еркін Нұржанов т.б. отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды.