» » ҚЫЗЫЛОРДАДА «АҚЫЛДЫ ҚАЛА» ЖОБАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ

ҚЫЗЫЛОРДАДА «АҚЫЛДЫ ҚАЛА» ЖОБАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ

Айдар: Саясат / Сонғы жаңалықтар

Тұрмыс сапасын арттыру және жаңа инновацияны кеңінен тарату мақсатында қолға алынған «Ақылды қала» жобасы бойынша Қызылорда қаласында нақты шаралар қабылдануда.
Бұл туралы қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың халыққа есеп беру жиынында белгілі болды.
Енді қызылордалықтар көшеде де Wi-Fi тегін интернет желісін пайдалана алады. Оған дәлел - бүгін Нұрлыбек Машбекұлы таныстырған «Orda Wi-Fi» жобасы. Қаланың халық көп шоғырланатын демалыс орындары мен саябақтарда ақпараттық ресурстарға және мемлекеттік көрсетілетін электронды қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейтін жоба алдымен пилоттық режимде орталық көшелердің біріне орнатылмақ.
Сонымен қатар, қала тұрығындары мен қонақтарының қала әкімдігімен тікелей байланыс жасауына, мәселелерді дер кезінде шешуге арналған «ОА Orda» мобильді қосымшасы іске қосылады екен.
«Ақылды қала» жобасы жол қауіпсіздігін де естен шығармапты.
«Қала көшелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім ордаларының тұстарына жарық диодты жол белгілері орнатылады. Сонымен бірге, Жібек жолы даңғылынан салынып жатқан жаяу жүргіншілер көпіріне мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында лифт орнатылуда», - дейді шаһар басшысы.
Жаңа технологиялар жер қатынастары саласында заң бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі. GPS геодезиялық құралы мен ArcGis (АР ГИС) бағдарламасын қолдана отырып заңсыздықты анықтауға жұмсалатын уақыт 15 күннен 2 күнге қысқарады. Бұл бағытта 21 млн. теңге қаралды.