» » АСТАНАДА АРАЛ ӨҢІРІН ЖАҢҒЫРТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ ӨТТІ

АСТАНАДА АРАЛ ӨҢІРІН ЖАҢҒЫРТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ ӨТТІ

Айдар: Саясат / Сонғы жаңалықтар

Бүгін Астана қаласында «Арал достары» халықаралық симпозиум өтті. Онда Арал теңізін қалпына келтіру және аймақ тұрғындарына көмек көрсету мәселелері талқыланды. Іс-шараға ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, ҚР ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Бекішев, Дүниежүзілік банкінің Қазақстандағы тұрақты өкілі Фрэнсис Ато Браун және т.б. қатысты. Модератор қызметін «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев және «Назарбаев Университет» ДББҰ президенті Шиего Катсу атқарды.
"Арал теңізінің тартылуы салдарынан экологиялық апатпен қоса әлеуметтік-экономикалық проблема да белең алды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елдегі экономикалық қиын жағдайға қарамастан Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тарапынан Арал проблемасына өлшеусіз қолдау көрсетілді. Құрғап бара жатқан теңіздің қоршаған ортаға кері әсерін азайту үшін және Арал теңізінің Қазақстандағы аумағының мәселелерін шешу мақсатында тиісті шаралар қабылданды. Аралды құтқаруға бағытталған шаралардың ең үздігі, халық арасында "Ғасыр жобасы" аталып кеткен "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал бөлігін сақтау" жобасы болатын. Бұл Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен және Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асты", - деді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.
"Біздің қызмет аясына Арал теңізін бұрынғы қалпына келтіру және экологиялық мәселелерін толық жою кірмейтіні құпия емес. Дегенмен, біз осы проблеманың қоршаған ортаға және осы аймақта әрі оның сыртында тұратын миллиондаған адамдарға жойқын әсерін жергілікті халық үшін әлеуметтік және экономикалық көмекті барынша арттыру арқылы азайта аламыз. Ендігі жұмысымыз аймақ тұрғындары үшін лайықты жұмысқа орналасып, үздік сапалы әлеуметтік қызметтерді алуға, өмірлерін жақсартуға көмектесу", - деді Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы тұрақты үйлестірушісі және БҰҰДБ тұрақты өкілі Норимаса Шимомура.