» » ЖЕҢІС СӘДУАҚАСҰЛЫ: ЖАҢА НҰСҚАНЫҢ ӨМІРГЕ ЕНУІНЕ БАРЛЫҒЫМЫЗ АТСАЛЫСҚАНЫМЫЗ ДҰРЫС

ЖЕҢІС СӘДУАҚАСҰЛЫ: ЖАҢА НҰСҚАНЫҢ ӨМІРГЕ ЕНУІНЕ БАРЛЫҒЫМЫЗ АТСАЛЫСҚАНЫМЫЗ ДҰРЫС

Айдар: Саясат / Сонғы жаңалықтар

Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің өзгертілген жаңа нұсқасы жайында филология ғылымдарның докторы, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ профессоры Ж.Сәдуақасұлы пікірін білдірді:
Бүгін Елбасының 19 ақпан күнгі Жарлығымен өзгертілген латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы қолымызға тиді.
Ең алғашқы қазақ тіліне қатысты дыбыстардың диграфпен берілген нұсқасына қарағанда бұл нұсқа біршама жақсарған тәрізді көрінді. Оның үстіне, қаншама ғалымдардың басын біріктірген арнайы Комиссия ұсынып, Президенттің Жарлығымен бекітілгеннен кейін, оған сын көзбен қараудың өзі алғашында кімді де болса тосылдырып тастағаны бар. Дегенмен, осы апострофпен берілген нұсқаның да, әсіресе жазу кезінде тап болатын қиыншылықтары мол екені байқалып, айналып келгенде, бұл нұсқа да халықтың, әсіресе зиялы қауымның сынына мол ұшырады. Біз де өз кезегінде осындай сын-пікірлерге қосылып отырдық. Ақыр соңында, халықпен бірге елімізге, қала берді бүкіл түркі әлеміне белгілі академиктер Ә.Қайдар, Р.Сыздық бастаған біраз зиялылардың пікірлерінің жарыққа шығуы әліпби жасаушыларды да ойландырғанға ұқсайды. Осындай жалпыхалықтық талқылау мен сын-пікірлерге құлақ асқан Комиссия үшінші жаңа нұсқаны жасапты. Әрине, Елбасының да бұл мәселені үнемі бақылауда ұстап, халықтың ой-пікірлерін де таразыдан өткізіп отырғаны, мына жаңа нұсқаның ерекшеліктерімен де етене танысқаны күмәнсіз. Елбасы осындай салмақты саралаудан кейін ғана бұрынғы Жарлыққа өзгеріс енгізуді мақұл көрген болар. Ал Президенттің өзінің бұрынғы Жарлығына өзгеріс енгізуі оңайлықпен жүзеге асатын шаруа емес. Осының өзі-ақ Елбасының халықтың пікіріне немқұрайлы қарамағандығының, елдің тіл жанашырларына, зиялы қауымына деген құрметінің көрінісі екені анық. Сондықтан, осы жаңа нұсқаның өмірге енуіне бүкіл халық болып атсалысқанымыз дұрыс болар.
Ол үшін, біріншіден, алдымен осы әріптердің жазылу және сөйлеуде қолданылу заңдылықтары тезірек қалыптастырылуға тиіс. Ол – осы бағытта жұмыс атқарып жатқан комиссияның міндеті.
Екіншіден, бұл нұсқадан байқағанымыз, өзгеріске енетін әріптердің таңбалары компьютердің қосымшасында (кеңейтілген латын графикасы ішінде) бар екен. Сол әріптерді компьютердің негізгі түймелеріне шығарып, қиындықсыз жазылатындай ету қажет. Бұны IT мамандары оңай жүзеге асырады деп сенеміз.