» » Қызылордалықтар Тәуелсіздік күнін атап өтті

Қызылордалықтар Тәуелсіздік күнін атап өтті

Айдар: Саясат / Сонғы жаңалықтар

Бүгін облыс әкімі Қ.Ысқақовтың қатысуымен Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған "Тәуелсіздік – тұмарым, Мәңгілік ел – тұрағым!" атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 28 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде Тәуелсіз Қазақстан етек-жеңін жинап, әлем картасында өз орнын қалыптастырды. Елбасының саясатымен еліміз этносаралық, конфессияаралық келісімдер мен толеранттылықтың ерекше үлгісін жасай біліп, бейбітшілік ордасына айналды.
Облыс әкімі Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шарада ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес облыстың бірқатар азаматтарына Мемлекеттік наградалары тапсырды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы, Мемлекет және қоғам қайраткері Көшербаев Қырымбек Елеуұлына, режиссер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Хұсейін Әмір-Темір Жүсіпұлына және Еңбек ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайруллаев Қорғанбек Қайруллаұлына Қызылорда облысының әкімдігі мен облыстық мәслихатының бірлескен шешіміне сәйкес «Қызылорда облысының құрметті азаматы» құрметті атағы берілді.
"Қазіргі таңда әлемде 252 ел бар, оның 195 ғана тәуелсіз, дербес мемлекет ретінде өмір сүруде. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан тәуелсіз, демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет мәртебесіне ие болды және әлемдік аренадағы ұстанымын берік бекітіп, бірлік пен гүлденудің символына айналды.Тәуелсіздік жылдарында төл Конституциямызды қабылдап, шекарамызды шегендедік. Арқа төсіне Елордамызды көшіріп, Мемлекеттік Рәміздерімізді бекіттік, Төл Теңгеміз айналымға түсті. Сонымен қатар, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Алаштың анасына» балаған қасиетті Сыр өңірі де экономикасының құрылымын өзгертіп, қарқынды дамуға бет алды. Биыл ақпан айында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында аймағымыздың даму мәселелері арнайы қаралып, Қызылорда облысының кешенді дамуына қатысты бірқатар мәселелер Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2019-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілді. Кешенді жоспар нәтижесінде өңіріміздің даму қарқыны артып, халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсаратын болады",- деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.
Салтанатты жиын жергілікті өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концертке ұласты.