Сейхун-инфо.кз / Парламент Сенатында алғаш рет Қызылорда облысының күні өтті

Парламент Сенатында алғаш рет Қызылорда облысының күні өтті


Бүгін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов Парламенттік тыңдауда Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтты.
Соңғы 5 жыл ішінде өңір экономикасына 1,5 трлн. теңге инвестиция тартылды, 3 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, өңдеу өнеркәсібінде 600 млрд. теңгенің, ал, ауыл шаруашылығында 500 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Құрылыс саласында 500 млрд. теңгенің жұмыстары атқарылды. Осы кезең ішінде 65 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, оның 55 мыңға жуығы - тұрақты жұмыс орындары.
Бақыт Дүйсенұлы баяндамасында Қызылорда облысының экономика, агроөнеркәсіп кешені мен шағын бизнес, құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, көлік, білім беру, денсаулық, әлеуметтік қамсыздандыру бағытындағы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
"Индустрия саласында соңғы 5 жыл ішінде 90 жуық өндіріс орындары ашылып, 1 мың 800-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Нәтижесінде, өңірімізде аммоний метаванадаты, тампонажды цемент, әк тас, шыны пластикалық құбырлар, жер асты су құбырлары және резеңке ұнтақтар, мақсары майы, жүгері шырыны, ерлер жейдесі, қарулы күштерге арнайы киімдер сияқты жаңа өнім түрлері игеру қолға алынды",- деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов.
Ағымдағы жылы тау кен өндірісін дамыту мақсатында "Талап" қорғасын-мырыш кен орнын және "Ақ еспе" титан – цирконий кен орнын барлау жұмыстары басталатын болады. Сонымен қатар, әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнының жұмысы қайта жанданады деп жоспарлануда. "Шалқия" 6,5 млн. тонна мырыш қоры бар көлеміне қарай әлемдегі 5-ші кен орны болып табылады. Бұл кен орнын игеру компания үшін мырыш нарығында ірі қатысушыға айналуына, сондай-ақ, кең көлемде қорғасын өндіруге мүмкіндік бермек.
Бақыт Жаханов индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы өңірдің өңдеуші өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін бергендігін айтты. Нәтижесінде, аталған бағдарлама аясында 26 өндіріс іске қосылған.
Ал, 2018 жылдың желтоқсан айында іске қосылған тампонажды цемент өндіретін зауыты бүгінде цементтің 6 түрін шығаруда, 2019 жылдың шілдесінен бері экспортталуда. 2020 жылы құны 408 млрд.теңгеден асатын тағы 10 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Олардың қатарында Шыны зауыты да бар.
"Шыны зауыты бойынша жұмыстар ерекше бақылауда. Мердігер компания " Чайна триумф" ағымдағы жылдың мамыр айында құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға, маусымда пешті қыздыруды, ал, шілдеде – зауытты іске қосуға жұмыс істеуде",- деді облыс әкімінің орынбасары Бақыт Дүйсенұлы.
Ағымдағы жылы кварц құмын байыту бойынша тау кен комбинатының бірінші желісін, сонымен қатар, жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын іске қосуды және ет комбинатының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Одан бөлек, түйе сүтінен жасалған құрғақ ұнтақ шығару және жоғары қысымды шыны пластикалық желілік және сорғы компрессорлық құбырлар өндірістері құрылыстары басталатын болады. Айта кету керек, сондай-ақ, биыл Арал қаласында жылына 120 мың тонна ас тұзын өндіретін үшінші испан цехының және еліміздегі алғашқы кальцийленген сода өндіру зауытының құрылыстары басталатын болады.
Парламенттік тыңдауда Агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы айтылды. Ауылшаруашылық саласына соңғы 5 жылдың өзінде тартылған инвестициялар көлемі 19 млн. долларға дейін өскен. Аймақта жоспарға сәйкес 2022 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,6 есе, ал, оның экспортын 2,5 есеге арттыру қарастырылуда.
Шағын бизнес, тариф, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мен әлеуметтік салалар туралы да сөз болды.
Бүгінде аймақта білім саласында 3-пен 6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтылған. Апаттық жағдайдағы және үш ауысымда оқитын мектептердің мәселесі толық шешілген. Сондай-ақ, өңірде денсаулық сақтау саласындағы апаттық жағдайдағы ірі нысандардың мәселесі де толық шешімін тауып келеді. Айта кету керек, осы саланың дамуы арқасында 3 жыл ішінде облыс халқының өмір сүру ұзақтығы 1 жылға ұлғайды. Ал, кадрлар тапшылығы мәселесін шешу мақсатында соңғы 3 жылдың ішінде өңірге 399 маман (дәрігер) тартылып, оның 49 пайызы бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдарына жіберілді. Осылайша, дәрігерлермен қамту деңгейі 82 пайызды құрап отыр.
Әлеуметтік сала мен қоса Бақыт Дүйсенұлы спорт, мәдениет, цифрландыру, қауіпсіздік, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында атқарылған жұмыстар туралы да баяндады.
Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов тағы бір алға қойған мақсатымыз – тіршілік етуге қажетті барлық саланы онлайн-сервистермен қамтамасыз ету екенін айтты.
"Жоғары технологияларды жедел ендіру мақсатында 2018 жылдан бері экономиканың түрлі салаларын цифрландыру бойынша 47 жоба жүзеге асырылды, 11 жоба бойынша жұмыс жалғасуда. «Бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызметі» жобасы іске қосылды. Енді барлық жедел қызмет (101, 102, 103, 112) түрлері "112" бірыңғай номерімен көрсетіледі",- деді облыс әкімінің орынбасары Бақыт Дүйсенұлы.
Айта кету керек, осы күн аясында Сыр өңірінде өндірілетін өнімдер мен ауыл шаруашылығы тауарларының, сондай-ақ "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша аймақта табылған экспонаттардың және цифрландыру саласындағы жаңа технологиялар көрмесі ұйымдастырылды.
21-02-2020, 17:57
Вернуться назад