» » Президенттік және Мемлекеттік стипендиялар табыс етілді

Президенттік және Мемлекеттік стипендиялар табыс етілді

Айдар: Сонғы жаңалықтар / Негізгі
Президенттік және Мемлекеттік стипендиялар табыс етілдіҚазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова 2014 жылғы Президенттік және Мемлекеттік стипендияларды тапсырды деп хабарлайды "Ақорда". 
Стипендиялар белгілі мәдениет және өнер қайраткерлеріне Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматыда табыс етілді. Рәсімді ашқан Г.Әбдіқалықова қатысушыларды құттықтап, бұл олардың отандық мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесіне берілген баға екенін атап өтті.
Стипендиялар жыл сайын мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының құрметтi атақтары мен мемлекеттiк наградаларын иеленген мәдениет және өнер қайраткерлеріне, сондай-ақ аса дарынды шығармашыл жастарға зор шығармашылық жетістіктері үшін  берiледi.
2014 жылдың қорытындысы бойынша отандық мәдениетті дамытуға қосқан маңызды үлесі үшін әдебиет пен өнер саласының 100 қайраткеріне стипендия тағайындалды. Президенттік стипендияға ие болғандар қатарында Олжас Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Владимир Толоконников, Асанәлі Әшімов, Юрий Померанцев, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Анатолий Молодов және басқалар бар.
Сондай-ақ Алан Бөрібаев, Еркебұлан Дайыров, Әйгерім Бекетаева, Жанель Төкеева, Әлия Телебарысова, Қасымхан Бұғыбай және басқа да бірқатар жас дарындар мемлекеттік стипендияға ие болды.
Г.Әбдіқалықова мәдениет пен өнер қайраткерлері Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын іске асыруға сүбелі үлес қосатынына сенім білдірді. Мемлекеттік хатшы күнделікті әрі қажырлы шығармашылық еңбек мәдениет пен өнерді экономикалық өсудің, инновацияның және адами дамудың негізгі ресурстарының біріне айналдыратынын айтты.
Кездесу отандық мәдениет пен өнерді дамытудың өзекті мәселелерін талқылаумен аяқталды. Мемлекеттік хатшы көкейтесті проблемаларды шешу үшін сындарлы ұсыныстарды қалыптастыруға және өзара түсіністікті тереңдетуге жол ашатын мұндай тұрақты әрі ашық әңгімелесудің маңыздылығын атап көрсетті.
Г.Әбдіқалықова мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлері Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын өткізуге, сондай-ақ алда келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына, Конституцияның 20 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына және Жеңістің 70 жылдығына арналған мерейтойлық  іс-шараларға белсене атсалысатындарына сенім білдірді.